Жерлесіміз – жеңіс тұғырында
Елордада Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткен «Дала қырандары» республикалық турнирінде қарағандылық Заңғар Марат 82 келі салмақта топ жарып, жеңімпаз атанды.
Атан жілік, бура сан кіл мықтылар белдескен сайыста жерлесіміздің бабы мен бағы келісіп, «Дала қыраны» титулы мен 4,5 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Аталмыш турнирде жыл бойы рейтингтік жарыстарда жоғары ұпай жинаған 64 балуан 8 салмақ бойынша бақ сынаған. 82 келі салмақ дәрежесінде күрескен жерлесіміз 8 кездесу өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңген.
2021 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан айтулы додада топ жарған палуанның жаттықтырушылары – әкесі, қазақ күресінен спорт шебері Мұқтаров Қанат Маратұлы мен ағасы, облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер «Жас сұңқар» спорт мектебінің басшысы Мұқтаров Алмас Маратұлы екенін естеріңізге сала кетейік.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.