Рухани жаңғыру

Жердің атауы – елдің тарихы

   Елбасы тарих жөнінде, ел мен жер туралы ой толғағанда тарихи сабақтастыққа көп мән берудің мағыздылығын қадап айтты. Жақында ғана «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – қоғамның өзінің тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани кодын сақтай білуіміз керек, онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген болатын.

 

Қазақ елі сонау ғасырлардан бері, қаншама қасіреттер мен ауыртпалықтарды жеңе отырып, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, даналық парасатымен сақтап қалған ата мекенімізге тәуелсіздіктің туын тігіп, елдіктің тұғырын мықтап орнаттық. Ширек ғасырда ел жаңарды, буыны қатайған мемлекет болдық, ел таныдық, елге танылдық. Тарихымыз тәуелсіз санамен жазылуда.

Қазіргі уақытта, Қарағанды қаласының өзінде қаншама үйлер салынып, жаңадан шағын аудандар құрылысы жүріп жатыр, ел тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Менің айтайын дегенім осы салынып жатқан шағын аудандарға ат беру мәселесі болып отыр. Кейбір атаулар халық көңілінен шығып, сәніне мән беріп тұрса да, кейбірі аса көңілге қонымсыз қойылуда. Кеңес дәуірінде қойылып кеткен орысша атаулардың қайсыбірін қазақшалағанда қазақ тілінің заңдылығы мен қазақи дүниетанымға аса үйлеспей жатады.

Осы орайда ұсынарым жаңадан салынып жатқан жаңа құрылыстар мен шағын аудандарға Қарағанды қаласының аймағындағы жер-су, тау, өзен көлдердің аттарын берсек, жарасымды болар еді. Атап айтсақ: Нұра, Ақбастау, Байдәулет, Тоғызқұдық, Аққұдық, Көкөзек, Жартас, Сарыадыр, Саумалкөл, Теректі, Көксу және тағы да басқа көптеген топонимикалық атаулар бар. Мысалы: «Байдәулет» шағын ауданы немесе «Нұра», «Ақбастау» шағын аудандары. Керемет емес пе?! Бұл атаулардың біріншіден, ұлттық нақышы бар, айтылуы оңай, құлаққа жағымды естіледі, әрі жарасымды. Екіншіден, жастардың елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімін оятады. Үшіншіден, өскелең ұрпақ өзі тұрып жатқан шағын ауданның атауын зерттеу барысында оның осы аймақтағы жердің, таудың, өзеннің атауы екенін біледі және топонимнің тарихынан  хабардар болар еді. Барлық атқарылып жатқан берекетті істердің негізі жергілікті тарихтан, өткен заманның игілікті істерінен жалғастық алып жатса, ол өміршең болары сөзсіз.

Ш.СЕРІКҰЛЫ,

өлкетанушы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button