Бас тақырып

Жер астынан «жік» шықты

Талды ауылындағы (Қасым Аманжолов селолық округі) мектептің апатты жағдайын айтып «Құрсаулы мектеп: бала қауіпсіздігіне бейқамдық» деп дабыл қақтық, былтыр. Артынша жаңа мектеп салынады деп сүйіншіледік. Бірақ, бүгінде құрылысы жүріп жатқан мектептің қабырғасы көтерілмей жатып, іргетасы қақырады. «Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастаймыз» деген оқушылардың қуанышы су сепкендей басылды. Алдағы уақытта апаттық жағдайдағы ғимаратта оқитын 200-ге жуық мектеп оқушысының амандығын адамнан емес, Алладан тілейтін боламыз. Адамға қарағанның күні қараң деген осындайдан айтылған екен ау…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Олай деп ашына айтуымыз­дың жөні бар. Алғаш іргетасы 1989 жылы қаланған 447 орындық мектептің 2005 жылы қабырғасы қақырап, темір құрсауланды. Төбесіндегі жабындары шойынмен «шегеленді». 2021 жылы мамандар мектептің техникалық жағдайына сараптама жасап, «апатты» деп таныған. Тіпті, сүрілуі керек деп, төмендегідей қорытынды шығарылған. «2021 жылғы 18 тамыздағы №158 келісімшарт бойынша «Технострой-Инжиниринг 2050» техникалық қорытынды шығарған. Ғимарат іргетасының апаттық жағдайына байланысты жарылулар мен олардың тұрақтауының динамикасы туралы мағлұмат алу үшін құрылымды гипстік маяк көмегімен бақылау тиімсіз болып табылады. Тексеру қорытындысы бойынша ғимараттың және апаттың анықталған жағдайында ғимаратқа демонтаждау жүргізу қажет. Жаңа құрылыс материалдарын және дренажды жүйе құрылымдарын пайдалана отырып, арнайы жобамен жаңа құрылыс жүргізілуі тиіс» дейді.

Сәйкесінше, сол кезде құрылыс басқармасы «Талды ауылында 200 орындық мектеп құрылысына жобалау-сметалық құжаты әзірленді. Жобалаушы – «IN JOY Project» ЖШС. Сараптама құны – 7 млн. 540 мың теңге. Құрылыс жұмысы шамамен 1 млрд. теңгені құрайды. Жоба әзірлену сатысында. Қазіргі уақытта жер учаскесіне актілер алынды, инженерлік-геологиялық жұмыстар жүргізілуде, электрмен жабдықтауға, сумен жабдықтау­ға, телефон байланысын орнатуға техникалық шарттар алынды. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау және кәріз жүйесі жоқ. Сәулет-жоспарлау тапсырмасын беруге өтінім берілді» деген болатын.

Алайда, араға жыл салмастан құрылысы басталған мектептің іргетасында жертөле жабынын жабу барысында жарықтар пайда болған. Бүгінде жарылған іргетасы қайта алынған. Мәселенің мәнісін білу үшін тапсырыс беруші облыстың құрылыс басқармасына хабарластық.

– Облыста апатты мектептер санын азайту мақсатында Қарқаралы ауданы, Аманжолов ауылдық округі, Талды ауылында 200 орындық мектеп құрылысы басталған-ды. Мердігер ұйым – «Өмірзақ» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың қазанында басталды.

Нысанды салу барысында биылғы жылдың мамыр айында нысанда ақаулар байқалды, атап айтқанда, іргетасында жарықтар анықталды. Осыған байланысты, апатты жағдайды болдырмау мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұру туралы шешім қабылданды. Нысанға техникалық тексеру жүргізілді. Зерттеу іргетас астындағы жер асты сулары ақаудың шығуына себеп болғанын көрсетті. Техникалық тексеру қорытындысы бойынша қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта бөлшектеу жұмыстары аяқталуда. Жоба авторымен қатар жобалық шешімдерді өзгерту бойынша есептеулер жүргізіледі, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қалақұрылысы басқармасы басшысының орынбасары Абылай Смағұлов.

Аудандық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы Талды ауылында өтіп, кеңес мүшелері құрылыс барысымен танысады.

– Қоғамдық кеңестің жылға бекіткен жұмыс жоспарына сай көшпелі отырыс Қасым Аманжолов ауылдық округінде өтті. Күн тәртібінде – ұлттық парк басшысының, ауыл әкімінің есебі және мектеп құрылысының барысы. Алдымен, мектеп құрылысы жүріп жатқан алаңға бардық. Жағдаймен таныстық. Мектептің орны қазылып, фундамент салына бастаған. Бетін плитамен жапқан кезде жарық пайда болған. Сол жерде мердігер технадзормен кездестік. Бұл жерде біріншіден көзге көрінгені, фундаменттің блоктары. Жаңа болса да ешқандай сапа жоқ, үгіліп жатыр. Кірпіштері де сондай жағдайда. «Бұл қалай?» деп сұрағанымызда, құрылыс материалдарын сатып алған жердің арнайы сертификатын көрсетті. Фундаменттің жарылып кетуін жер қыртысының ылғалды болуымен түсіндірді. Сонда, жобалау сметалық құжаттары барысында инженерлік-геологиялық жұмыстарының қорытындысы қалай болған?! Сулы болғанның өзінде, діні мықты құрылыс бағандарын қағып, іргетасты бекітуге болушы еді. Ақырында адами фактор жоқ, тек жер кінәлі болып шықты. Ал жерді таңдаған кім? Тіпті, жер қыртысын тексергеннің өзінде бір-екі жерден бұрғылау, толық құрылыс іргетасының сапалы бекуіне кепілдік бермейді. Бұл жерден тек жауапсыздықты ғана көріп тұрмын, – дейді аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы.

«Кім кінәлі? Кім жауапты?» деген ұшы-қиыры жоқ сұраққа мектеп құрылысын жүргізіп жатқан мердігер жауап берді.

– Құрылыс нысанының іргетасын қалап, бетіне жабын жапқаннан кейін, іргетастың беріктігін де тексеру мақсатында үстіне ауыр құрылыс материалдарын қойдық. Бұл – бірнеше күнді алатын жұмыс процессі. Нәтижесінде, 26 мамырда техникалық тексеру жүргізіліп, іргетастан жарық кеткендігін көріп, тапсырыс беруші техникалық бақылаушымен бірге кеңес өткізіп, қайта бұзуға шешім шығардық. Іргетаста жарықтың пайда болуының негізгі себептері жердің сулы болуы және құрылыс материалдарының сапасының төмендігі. Құрылыс биыл аяқталмайды. Әлі де тексеру, жобалау жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс нысанын сапалы аяқтау – мақсатымыз, – дейді «Өмірзақ» ЖШС-нің жетекші инженері Ерлан Еспембетов.

Салғырт мердігер, жауапсыз жұмыс, сапасыз құрылыстың себебі біреу ғана. Ол – қадағалаудың жоқтығы. Қазір құрылыс салумен көрінген көк атты айналысып кетті. Салдарынан құрылыста мәселе шаш етектен. «Құрылыс басталды» деп есеп беру мен жаңа нысанды қабылдап алудан әрі аспайтын жауапты сала мамандары тағы бар. «Әй, дейтін әже» болмаған соң сапасыз құрылыс «сәнге» айналды. Зардап шегетін қашан да қарапайым халық.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button