Руханият

Желтаудағы жарқын күндер

     Әлиханның Желтаудың етегіндегі шөбі майса, суы бал Жекежалға келгеніне екінші күн. Ауыл сыптындағы биік төбе басындағы өзінің әдеттегі орны, биік тасқа отырып алып, сонау алыс-алыс тауларға, қырлар мен жоталарға көз сала бастады. Ал ауыл болса осы жерден тура алақандағыдай көрінеді. Анау жақта қозы қайырған балалар, ауылдың мына жағында желі басында бір топ адам жүр. Олардың ішінде ересек жігіттер бие сауса, балалар олардың құлындарын салып, жандарында көмектесуде. Алыс қыр басында жайылып жатқан қой осы ауылдікі. Қойшылар таң сәріден өргізіп әкетеді де, түске қарай өзенге құлатады. Осылардың барлығын тас үстінен қарап отырып үлкен бір ой түйген еді.

       Мұқан төре атанған әкесі Нұрмұхамед ауылда болған сәтінде киіз үйдің есігін айқара аштырып қойып, алысқа көз тігетін әдеті бар. Кейде сыртқа шығады. Осы жолы да үй артындағы қырға қарай беттеген. Әуелде байқамаған екен, жақындай бере көзі шалды, баласы Әлихан тас үстінде отыр екен.

     Әкесі осы баласына ерекше риза. Бәйбішесі Бегім (Бежекем) екеуі мұның тілі шыққанша қатты уайымдаған. Өз бетімен ойнап отыра беретін. Тіпті, бала болып жөнді жылаған да жоқ. Айтқанды түсінеді, бұлжытпай орындайды, «әкел» деген затыңды әкеліп береді, «апар» деген затыңды апарып тастайды. Бірақ үндемейді, бетіңе қарайды да қояды.

        Бірде Мұқан төре шыдамай кетті білем, бәйбішесіне:

       – Біздің мына бала қашан сөйлер екен? – деп ойлы көзбен қарап, сұрап қалғаны бар.

       Қашан да орнықты Бежекем:

     – Асықпа, төрем, Құдай бұйыртқан күні сөйлейді, – деп нық жауап берген.

        Шынында да Әлиханның тілі бестен асқанда ғана шықты. Тілі шығысымен сайрап кетті. «Тілі кеш шыққан бала ақылды болады» дейтіні бар атам қазақтың. Сондықтан да, төре де, Бежекем де бұл тәмсілді білгенімен, сырт шығарып айтқан емес. Іштерінен ғана ойлайды да қояды.

Бірде төр алдында қисайып жатқан Мұқан төре шаңыраққа қарап ұзақ ойланған соң бәйбішесіне бұрылып:

– Бегім, Әлиханды оқуға беретін уақыт болған сияқты ғой, – деді өзінің қашанғы сабырлы қалпында.

Негізі төре ойына алған ісін өз бетімен орындауға тырысады. Бірақ сонда да ол туралы бәйбішесіне шет жағасын шығарып қоятын жайы бар. Бұл кісі айтып отыр екен, яғни, оның баланы оқуға беру туралы бір ойы бары анық. Сондықтан да, бәйбішесі төренің сөзін мақұлдамасқа амалы жоқ.

– Иә, төрем, соны мен де ойлап жүрмін. Бірақ әлі жастау емес пе?

– Неге жас болсын? Наурызда жетіге толып кетті ғой.

– Сонда қайда апармақсыз?

– Мына Қарқаралыға апарамыз да, басқа қайда барамыз?

        Бұл жылы Әлихан оқуға барған жоқ. Оған Бегім бәйбішенің «тым жастау емес пе» дегені де әсер етті ме, әлде басқа да жағдайлар себеп болды ма, әйтеуір күз келе Мұқан төре үнсіз қалды.

       Баланы оқуға беру туралы ой қыстай әкесінің де, анасының да көкейінде жүрген. Жаз ортасынан бастап сол мәселе қайтадан көтерілді. Кішкентай Әлихан өте зерек еді. Бір көргенін де, бір естігенін де бірнеше күннен соң сол беті қайталап айтып береді. Жазғытұрым қой қоздап жатқан кезде жас қозылар енесінен адасып қалып, маңырап жүргенде Әлихан оларды қолма-қол табыстырып жібереді. Оның мұндай байқағыштығына кәнігі сақманшылардың өздері де таң қалады.

        Ауылда ертегі, нақыл, жұмбақ айтатын адамдар болады. Кішкентай Әлихан әкесімен бірге қонаққа барғанда сондай айтқыш адамдардың аузынан шыққан сөздерді көкейіне түйіп алып, көпке дейін айтып жүреді. Кейде «Қар неге жауады? Ол қайдан пайда болады?», «Күн неге күркірейді?» деген сияқты қайдағы бір адам ойламайтын сұрақтар қоятыны бар. Оған әкесінің өзі де кейде жауап таппай қиналады.

Ондай сұрақтар қойған кезде:

– Ол құдіреті күшті Құдайдың жаратуы. Жер дүниені және қыс, көктем, жаз бен күзді ол осылай жаратыпты, – деп жауап береді.

– Ал, неге олай жаратқан?

– Алланың жаратуы солай, оған ешқандай шәк келтіруге болмайды…

      Әкесінің мұндай жауаптарына баласының көңілі толмайды, бірақ сонда да «түсінген» сыңай танытады.

      Алғашқыда ауыл молдасы Зиевтен әліпті «таяқ» деп білген еді. Ақыры әкесі оны Қарқаралыға әкеліп, белгілі көпес Қали Бекметовтің үйіне орналастырып, Зафир молданың медресесіне берді. Жас мүрит бір күні молдадан да өзінің түсінбейтін жайлары туралы білгісі келген. Бірақ, ол жауап орнына ысылдаған көк шыбықтың дауысын естіді.

– Пәтшағар, пәтшағар! – деп бірнеше рет қайталаған татар молда қатты ашуланып, енді қайтадан мұндай сұрақ қоймауды сес көрсете ескертті.

        Бекметовтің үйінде оған жақсы болды. Оның ересек қыздары қазақша жақсы түсінетін, бірақ үйде бір-бірімен орысша сөйлесетін. Олардан орысша тіл үйрене бастады. Білмегенін солардан сұрайтын болды. Екі жыл медреседе білім алып, тілін сындырған соң бұл оқу оның көңіліне жақпады. Оған қоса көрші балалардың көпшілігі мектептерде оқиды екен.

        Әлихан медреседен қайтып келе жатқан. Көше ортасындағы биіктеу бір дөңес жерден балалар сырғанап ойнап жүр екен. Күндегі әдетімен бұл да бір екі рет сырғанап түсті. Қолдан тігілген қазақы етіктің ұлтаны тайғақ, сырғанауға тіпті, қолайлы болатын. Енді тағы бір рет сырғанауға бұрыла бергенінде көрші тұратын өзі қатарлы Топай мен тағы бір баланың келгенін көрді. Олар мойындарындағы киіз қапшықтарын сыпырып, қар тимесін деген оймен жандарындағы бұтаның басына ілді. Бірақ бұта ішіне кітаптар салынған киіз қапшықты көтере алмай, олар жерге құлап түсті. Сол екен ішінен бір-екі кітап сыртқа шығып, қар болып қалды. Кітаптардың сыртында әдемі суреттері бар екен. Мұндай киіз қапшық мұнда да болғанымен, ішінде тек бір-екі дәптер мен екі қарындаштан басқа ештеңе жоқ бұл таңғалып тұрып қалды. Артынша ақырын келіп, сыртының қарын қағып жатқан Топайдан кітапты алып көрді.

– Бұл қандай кітап?

– Менің оқу кітаптарым ғой.

      Ішін ашып көрді. Түрлі-түсті суреттері бар, тамаша оқулық екен. Екінші кітабының ішінде суреті аз болғанымен, әр түрлі санға толы. Сірә, есеп сабағының оқулығы болар? Бұрын мұндай кітаптарды Бекметовтің қыздарынан да көрген, бірақ Әлихан мыналарға қызығып кетті. Кешке дейін діни дәрісімен жалықтыратын медреседен гөрі мектепте оқу қызықты екенін түсінді.

      Келесі күні аяңдап орыс-қазақ бастауыш мектебіне барған. Мектептің ауласында балалар топ-топ болып ойнап жүр. Бірін-бірі қуалайды, секіреді, жүгіреді. Қызығушылығы тіпті арта түсті. Бір кезде қоңырау соғылып, балалар ішке кіріп кетті. Аулада ешкім қалған жоқ. Сол кезде бұл да кірген. Қайда барарын білмей, неше түрлі безендірілген, қабырғадағы суреттерге қарап тұрып қалды. Қарсы шыққан әйел оның неге келгенін сұрады.

– Менің осында оқығым келеді.

Әлгі әйел мұны бір кабинетке кіргізді. Мұнда төр алдындағы үстел басында көзілдірік киген ер адам отыр екен. Ол көзілдірігін шешіп, бұларға қарады.

– Мына бала бізде оқығысы келеді екен, – деп әлгі әйел өзі шығып кетті.

– Солай де. Өзің бұрын оқыған жоқ па едің?

– Мен медреседе оқып жүрмін.

– Онда неге бізде оқығың келеді?

Онысын түсіндіріп айта алмаған Әлихан иығын қиқаң еткізді.

– Мектепте оқыған жақсы ғой деп ойлаймын.

Қарт ұстаз баланың ойын жақсы түсінді және оның мұндай талабына дән риза болды. Балаға мейірімді жүзбен қарап тұрып:

– Бізде оқып, білім алуға деген құштарлығың тамаша екен. Мен өте құптаймын. Бірақ биылғы оқу жылы басталып кетті ғой. Жаңа оқу жылында, күзде кел. Қабылдаймыз. Міндетті түрде қабылдаймыз, – деді нық сеніммен.

Қарт ұстаз күзде келгенінде жылы қарсы алып, әріптер танитын, аздап есеп шығара білетін мұны бірден қабылдады.

– Сенің фамилияң қалай? – деп сұраған.

– Әкемнің аты – Нұрмұхамед, – деп жауап берді бұл. Бұрын медреседе де «Әлихан Нұрмұхамед баласы» деп жазылған болатын. Сол әдетпен мектепте де «Нұрмұхамедов» болып кетті…

      Келісімінсіз жасаған өзінің бұл әрекетіне әкесі ренжитін шығар деп ойлаған. Олай болмай шықты. Жазғы каникулда өзін алуға келгенде әкесіне мектепке ауысқанын айтқан болатын.

– Дұрыс-ақ! – деп әкесі риза болып қалды.

Ауылға келісімен Бежекеме:

– Бәйбіше, балаң ерледі! Өз бетімен мектепке ауысып алыпты, – деп қуана хабарлаған. Осыдан соң ол өзінің шешімінің дұрыс екендігіне шәк келтірген жоқ.

      Міне, биік тастың басында отырған Әлихан төменге қарай түсіп келеді. Өйткені, асық ойнау үшін тақырға балалар жинала бастағанын көрді. Бұл оның екінші класты бітірген жылы болатын.

Қарсы келе жатқан әкесінің алдына келіп тоқтады.

– Балам, ауылды сағындың ба? – деп сұраған әкесіне:

– Әрине, әке! Жусан иісі бұрқыраған сары даласына дейін сағындым, – деп жауап берген. Әкесі баласының жауабына дән риза болған еді. – Балалар жиналып жатыр екен, солармен аздап асық ойнасам ба деп келе жатырмын.

– Жарайды онда, бара ғой. Бірақ «Асық ойнаған – азар…» деген сөзді де ұмытпа.

– Білем ғой, әке! Қой бағуға ертең барамын…

Әкесі оның ешқандай ойын-қалжыңсыз, шын пейілмен айтып тұрғанын анық байқады. Ол қашан да айтқанын бұлжытпай орындайды.

– Ал, қане, қандай ойын ойнаймыз? – деп сұраған Әлихан мұны күтіп, жиналып тұрған балаларға келгенде.

– Біз ылғи «Шеңбер» ойнап жүрміз, – деді өзімен жасы шамалас Нұржан, алға қарай шығып.

     Әлихан ойын шартын жақсы біледі. Шеңбер сызылады да, оның дәл ортасына әрбір бала бірден асық тігеді. Асықтарды кезекпен атып, шеңбердің сыртына шығаруы керек. Әр бала өзінің атқан асығын өзі жинайды. Кім асықты көп атып шығарса – сол ұтқан болып саналады.

Түске қарай ойын аяқталған еді. Әлихан асықты бәрінен де көп ұтыпты.

– Сен неше асық ұтылдың? – деп сұрады Нұржаннан.

– Мен екі асық ұтылдым, – деп жауап берді ол.

– Онда – мә! – деп оған екі асық берді. Сол сияқты басқа балалардың да ұтылған асығын өздеріне қайтарып, суат басына қарай кетті.

Асықты жасынан жақсы ойнайтын Әлихан бәрін ұтып алып жүрді. Бірақ, ол асықтарды өзі алып кетпей, ұтылған балаға қайтарып беретін.

Суат басында жүргендер Әлиханның келгенін көріп, бері қарай бұрылған. Барлықтары қуана сәлем беріп жатыр.

– «Оқу өтіп кетеді» дейді ғой. Былтырғыдай емес, жүдеген сияқты, – деп жатыр үлкендер жағы.

     Әлихан болса, амандықтан соң мал суаруға кіріскен. Түйе мен сиырларды үлкендер суарып болған екен, ол бұзаулар мен қозыларға су құйып, шөлін қандырды. Ертеңіне тұра салып, қозы бағуға кетті. Өйткені кешкілігінде қозышы баланың:

– Шаршадым, – дегенін естіп қалып еді.

– Онда қозы бағуға мен барайын, сен дем ал, – деп ауылда қалдырып кеткен. Түнімен жылқы бағуға шығатын кездері де болады. Ондайда кірпік қақпайтын.

Ауыл қоныс аударған кезде ол қашанғы әдетімен құдық қазуға белсене қатысады. Бірде ауыл көшіп келе жатқанда түйелі әйелдің жүгі ауып қалды. Сол-ақ екен, Әлихан тайымен шауып келіп, түйені шөгеріп, жүкті қолма-қол қайтадан жайғастырып берген.

– Жеңге, жүкті кім артып еді? Дұрыс таңбаған екен, түйе жүрген кезде екі жағына теңселмейді, алды-артына қарай изеңдеп жүреді. Жүкті де сол ырғаққа қарай таңу керек, – деп қояды.

– Тәңірі жарылқасын, Ақанжан, көп жаса! Келесі жолы солай таң деп тапсырармын, –деп қояды ол кісі ризашылығын білдіріп.

         Ауыл қонатын жерге жетіп, шаңырақтарын көтере бастаған сәтте де қиындықтар басталады. Ер-азаматтардың барлығы дала жұмысында болғандықтан, шаңырақ көтеретін жігіт табылмай қалатын сәттері болады. Сол кезде де жеңгелері «Ақан» деп атап кеткен Әлихан дайын тұрады. Бақанды ала салып, шаңырағын көтеріп береді.

        Ауылдан алыс жерлерге бүлдірген, қарақат теруге барғанда Әлихан және басқа бірнеше бала тайға мінеді. Мінетін тайы жоқ, көздері жәудіреп тұрғандарды өзі артына мінгізіп алады. Қалғандары болса, басқалардың артына міңгестіреді. Ол әділетсіздікке төзбейтін. Егер ауылда болсын, қалада болсын, кішілерге зорлы-зомбылық жасайтын баланы көрсе, ұстап алып таяқтап тастаудан тайынбайтын. Әлихан оқудан келгенде ауыл балалары осылай бір жасап қалады.

         Ақан бірде қысқы каникулда келгенінде әкесімен бірге аң аулауға шықты. Аңшылықты, саятшылықты ұнататын әкесі баласының көзі қаныға берсін деп ойлаған еді. Қараүңгір Апақай деген жерге алып барды. Сол күні қатты суық болды. Арқадағы «жетіаяз» кезі болса керек. Қатты суықтың салдарынан әкесінің қолындағы бүркіт жоғарылап ұша алмады. Соның өзінде қанжығаларын екі түлкімен майлап қайтты. Әкесі болса, баласына көзінің астымен қарап қояды. Бірақ сол кезде небәрі он бес жастағы Әлихан өзін нағыз жігіттерше ұстап, тоңғанын білдірген жоқ.

        Әлиханның жеті жылы Қарқаралыдағы бастауыш мектеп пен одан соң кәсіптік училищеде өткен. Онда ол етікшілік мамандығын алып шыққан екен. Осында оқып жүргенде Әлиханның өміріне зор бетбұрыс жасаған үлкен оқиға болады. Қарқаралыға арнайы сапармен келген генерал-губернатор Герасим Алексеевич Колпаковский осы училищеге кіріп, оқушылармен кездесу кезінде:

– Омбы мен Қарқаралының арасы 760 шақырым. Сонда осы екі арада арбаның доңғалағы неше рет айналады? – деген сұрақ қояды.

        Бұл есепті Әлихан Нұрмұхамедов бірінші болып шешкен екен. Сонда генерал-губернатор Әлиханды Омбы техникалық училищесіне жіберуге училище директорына пәрмен берген еді. Сөйтіп, Әлихан екі шұға сырт киім, шапан, тон мен екі жұп іш киім алып, оқуға аттанып кетті. Оны мұнда пансионатқа қабылдады.

    Сөйтіп, қазақтың болашақ көсемінің алысқа аттанысы осылай басталып еді.

Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі,

Қазақстанның Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button