Әжелер шықты сайысқа
Қарағандыда облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Наурыз мерекесі және Жеңістің 80 жылдығына орай «Алтын қазық – әжетай» облыстық байқауы өтті. Оған әр өңірден 14 әже қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Бұл байқауды өткізуге түрткі болған облыстық кеңес жанынан құрылған әжелер алқасы екен. Мақсаты – ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрді сақтау әрі насихаттау. Байқауға қатысушылар «Жан серігім – ән», «Мақал – сөздің мәйегі», «Салт-дәстүр сөйлесін», «Ақылгөйім – ақ әжем», «Білімпаз әже», «Қолөнер – зор өнер» аталымы бойынша бақ сынады.
– Аналарымыз отбасының тірегі болып, ұрпақ жалғастырып, тәрбиелеп келсе, әжелеріміз шаңырақтың тірегі, немерелері мен шөберелерінің ақылшысы, тәрбиешісі, қамқоршысы екендігі мәлім. Байқауды әжелер алқасы мен облыстық кеңес аппараты ұйымдастырды. Сонымен қатар, әжелер алқасының төрағасы, ұстаз Жұмабике Адамова, ардагер журналист, алқа мүшелері Гүлнар Бұхарбаева мен Назипа Асқар өлшеусіз үлес қосты. Ардагерлер ұйымдарын халық «тек зейнеткерлерге әлеуметтік көмек көрсететін мекеме» деп есептейді. Әлеуметтік көмек мемлекет тарапынан жасалып жатыр, – деді Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов.
Әжелердің ұрпақ тәрбиелеудегі рөлін ескере отырып, кейбір сайыс түріне немерелерін де сахнаға алып шығуға рұқсат етілді. Әр аталым бойынша дайындаған нөмірін, бейнероликтерін көрермен назарына ұсынды. Ән де шырқап, көрініс те қойды. Шет ауданынан келген қатысушының бірі – Гүлшара Ахметова. Диплом алысымен аудандық мәдениет үйінде еңбек жолын бастаған. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлкен әулет. Әрі отбасымен өнерлі. Ән де шырқайды, би де билейді. Осы байқауда қазылар алқасының сынынан мүдірмей өтіп Бас жүлдені еншіледі. Ал, ІІ орынды теміртаулық Зәуреш Бейсембаева мен Нұра ауданынан келген Нұрыш Накупова тең бөлісті. Ақтоғайлық Рысжан Кактаева мен бұқаржыраулық Баткен Райсова жүлделі ІІІ орыннан көрінді. Қарағандылық Бәтима Қажыбаеваға «Көрермен көзайымы» аталымы табысталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан