Бас тақырыпРуханият

ЖЕКЕЖАЛДА ТУҒАН ИДЕЯ: Бір топ жас Әлекеңнің рухына тағзым етті

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан БӨКЕЙХАН мен Нығмет НҰРМАҚОВ атылып, мәйіті өртеліп, Мәскеудегі Дон зиратына жерленген. Дәл осы күнді арнайы белгілеп, туған жері Ақтоғайға жолға шықтық. Қарағанды қалалық әкімдігінің қолдауымен алғаш рет, журналист Зарина ӘШІРБЕКТІҢ бастамасымен Ұлт көсемінің кіндік қаны тамған Ақтоғай ауданы, Желтаудың етегіндегі Жекежал қыстағында «Әлихан әруағына тағзым» тақырыбында еске алу шарасы өтті. Ниет қылып, құрбандық шалып, Құран бағышталды.

Жарық дүниеге шыр етіп келген пенде баласына, «Елім!» деп еңіреп жүріп, басын тауға да, тасқа да соғып, халқының санасына Тәуелсіздік идеясын егіп, соңында туған жердің топырағы бұйырмаудың қандай қиындығын осы сапар терең ұқтырды. Ал, Зарина Әшірбек бастаған Қарағанды жастары Ұлт көсеміне қайтқан күнінде тағзым ету дәстүрін жалпыұлттық деңгейге шығарғысы келеді.
Сапарға Қарағанды қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ілияш, «Бірінші Қарағанды» телеарнасының директоры Жаслан Иса, «Әлиханның шырақшысы» атанған дала академигі, өлкетанушы Тұңғышбай Мұқан, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Базылұлы, Қусақ ауылдық округінің әкімі Дархан Мұқатай, Алаш қозғалысының тарихын танып-білуге құштар белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысып, дұғаға қол жайды.

Өнегесі мол іс-шара аудандық мешітте басталды. Аудандық мешіттің наиб имамы Асқат Сүйіндік Әлихан Нұрмұхамедұлының рухына арнап Құран оқыды. Қарағанды жастары мешіттің наиб имамына аудандық мешітте Әлихан Нұрмұхамедұлының рухына арнап алғаш рет Хатым Құран түсіруді өтініп, аманат етті. Имам талапты жастардың өтінішін қабылдап, Құранды түгел аударып шығып, Хатым Құранды түсіруді өз міндетіне алды.

– Сүйегі күл болған ұлт көсемінің жаназасы шығарылмай, мәйіті жерленбей қалды… Күні бүгінге дейін бұл қаралы датаға мән бермей келдік. Халқымыздың азаттығы мен еркіндігі жолында жанын құрбан еткен Әлихан Бөкейхан бабамыздың рухына тағзым ету – перзенттік парызымыз. Алашты іздеуші жастар бар да, Алаш рухы ешқашан өшпейді.

Шараның мақсаты – Азаттық жолында құрбан болған бабамызды еске алып, рухына тағзым ету. Өнегелі бастама арқылы бұл қаралы күнді жалпыұлттық деңгейге көтеріп, Аза тұту күніне айналдыруға бастамашы болу. Жастарды Алаш арысының азаматтық болмысы мен қайраткерлік ұстанымымен таныстыру. Даңқты бабамыздың басқан әр ізін ұрпақ жадында жаңғыртып, санасына рух, жанына жігер беру, – дейді Зарина Әшірбек.

Осылай ізгі ниетпен Жекежал қыстағына аттандық. Қыстаққа кіреберісте Жіңішке өзенінің бойында, Ә.Бөкейханның ата-анасы, туған-туыстары жерленген «Талдыбейіт» қорымының басында Қусақ ауылдық округінің әкімі Дархан Мұқатай ағамыз бастаған ел азаматтары құшақ жая қарсы алды. Алты қанат киіз үй тігілген. Кең құшағы мен ыстық ықыласына, Әлекеңнің рухына деген құрметіне риза болдық. Бұл жерде құрбандық шалынды.
Ал, әлихантанушы Тұңғышбай Мұқан ағамыз «Талдыбейіт» қорымына тоқталды. Айтуынша, мұнда інісі Базылхан мен Әлекеңнің өзінен басқа туыстары жерленген.

Әрі қарай Алаш арысының кіндік қаны тамған – Ақтоғай өңірінің тарихымен танысып, Жекежал қыстағының орнын көрдік. Әлекеңнің өзі тұрған, кейін бастауыш мектеп болған 2 бөлмелі үйіне зиярат еттік. «Әлихан бұлағын», «Хан тағы» аталған қасиетті қара тасқа шығып, Әлихан Бөкейханның туған жерінде қола дәуірінен сақталған петроглифтер әлеміне саяхат жасадық.

– Әлихан Нұрмұхамедұлы «Мен ешқашан
Совет өкіметін сүйген емеспін, бірақ мойындадым» деген. Осы Бутырка түрмесіндегі соңғы жауабымен аяқталып барып атылған қасіретті, қаралы күнді, яғни, «27 қыркүйекті» аза тұтып, еске алып, Құран бағыштап, рухқа тағзым ету шарасына айналдыру туралы жас журналист, қоғам белсендісі Зарина Әшірбектің батыл бастамасы Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы мен аудан әкімінің орынбасары Абылай Базылұлынан қолдау тапты. Соның әсерімен осы серпілісті сапарға ерекше құлшыныспен қатысқан қала жастары төре ұрпақтары жерленген «Талдыбейіт» қорымымен, Әлихан туған Жекежал қыстағымен, алаштанушы ғалым, профессор Айгүл Ісмақова «Хан тағы» деп атаған Желтаудағы Тәуелсіздіктің мұнарасындай Әлекеңнің тұғырлы Қаратасымен, іргелес жатқан Қарабауырдың қойтасындағы қола дәуірінің қаптаған тас таңбалармен танысып, тарих толқынынан дән тергендей толғанысқа тап болды, – дейді әлихантанушы.

Сонымен қатар, биыл ел тарихында тұңғыш рет 27 қыркүйек «Әлихан рухына тағзым күні» ретінде белгіленіп отырғанын ерекше атады.
Сонымен қатар, 1930 жылы Ақтоғайда 70-тен астам колхоз ашылған екен. «Осы Жіңішке өзенінің екі жағында «Екпетал», «Дастан» колхоздары болған. Екпетал деп атауының себебі, Әлекеңнің Бразилиядан ағаш алдырып еккізуімен байланысты.

Шара соңында Ақтоғай ауданындағы «Алаш» алаңындағы «Үш арыс» ескерткішіне, Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайына, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған «Тарих тағылымы» саябағына барып, Әлихан Бөкейханның бай мұрасынан ой түйіп, әсерленіп, рухтандық.

Ал, менің ойымнан Әлекеңнің туған жері Жекежал кетпей қойды. Қаратастың үстінде отырып, Әлекең ел, жер туралы қалың-қалың ой кешкені анық. Өйткені, сол Қаратасқа шығып, Әлекеңнің отырған орнына отырғанда рухымыз тасып, арқамыз қозды. Әлекең соңғы рет ауылына келгенде де жер туралы айтып, бауырларына оны игеруді аманаттаған екен. Ол тілегінің орындалғанына жолай өтіп бара жатып, риза болған деседі деректер. Бізді толғандырған дүние де жерге ие болатын, Жекежалда туған жеке, дербес ел болу идеясы шығар, сірә…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button