Жеке бақылауына алды

      мүгедек-1Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды өзі қадағалайтын болады. Бұл жайлы ол мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласы бойынша өткен үйлестіру кеңесінде мәлімдеді.

Облыста 60 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Ол аймақ тұрғындарының жалпы санының 4,4%-ы. Мүгедек балалар саны 4 мыңнан асады.

Қазіргі таңда мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және құқықтарын қорғау бойынша аймақтық шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 2017 жылы облыстық бюджеттен мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетуге 631,9 млн. теңге бөлінген. Өткен жылмен салыстырғанда, қаржы сомасы екі есеге ұлғайған.

Бұған қоса, мүгедектерді әлеуметтік қорғауға байланысты республикалық бюджеттен 610,6 млн. теңге көлемінде мақсатты трансферттер қарастырылған.

Үйлестіру кеңесінде мүгедектер үшін қолжетімді ортаның жағдайы талқыланды. Жиналыс барысында бірқатар басқарма басшылары, Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданының әкімдері баяндама жасады.

Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көліктегі ыңғайлығы үшін 21 жолаушы тасымалдайтын автобус арнайы жабдықталған. Мүгедектерді тегін тасымалдайтын 33 инватакси жұмыс істейді.

Дегенмен, мүгедектер қоғамдық қорларының өкілдері инфрақұрылымның кемшін тұстарын айтып, шағымданды.

Жиналыс барысында қала жолдары арбада отырған мүгедектер үшін бейімделмегені туралы да сөз қозғалды. Ал, теміржол вокзалында көтергіш құралдар жоқ. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мүгедектерге арналған көлік қою орындарына басқалар көліктерін қоймауын қатаңырақ қадағаласа екен деген өтініш айтылды. Қарағанды қаласындағы 90 мың адамға қызмет көрсететін емханада мүгедектерді жоғары қабаттарға көтеретін құрылғылар жоқ. Инклюзивті білім мәселесі де талқыланды.

Ерлан Қошанов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есебін жарамсыз деп санап, қабылдамады.

Ең бастысы – өмір сапасын жақсарту қажет, – деп қадап айтты облыс әкімі. – Жағдайдың ешқандай сараптамасын естіген жоқпын. Бізге қандай проблемаларды шешу керектігі де айтылмады. Ол жайында жиналысқа келген қонақтарымыз ғана айтты.

Аймақ басшысы мүгедектер қоғамдық қорларының өкілдеріне ашық әңгімелері үшін алғыс айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз қоршаған орта құру бойынша жұмыстарды түзету керек деген қорытынды жасады. Облыс әкімі жергілікті бюджеттен мүгедектерді әлеуметтік қорғау бойынша шараларға бөлінетін қаражатты ұлғайту жолдарын қарастыруды тапсырды.

Бүгін біздің көшелерімізде мүмкіндігі шектеулі жандарды сирек кездестіруге болатыны туралы айтылды. Себебі, ол адамдарға үйлерінен шығу қиын. Біз барлығымыз шетелдерде боламыз, ол жерлерде басқа көрініс. Ол жақтағы мүгедектер ешқандай таршылық көрмейді, қоғамдық ортада өздерін бос ұстап, барлық адамдармен тең жағдайда болады. Бізге сондай жағдайға ұмтылу керек.

Біз осы жерде айтылған әрбір мәселеге нақты тоқталып, жүйелі жұмыс құруымыз керек. Әдетте үйлестіру кеңесін менің орынбасарым өткізетін. Енді, әр жиналысты мен өзім өткіземін. Атқарылып жатқан жұмыстарды өзім бақылайтын боламын», – деді Ерлан Қошанов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.