Қарағанды

Жеңіс тойын тойлаған жауынгерлер

       iАуылда Ұлы Отан соғысына қатысқан ешкім қалмапты. Менің есіме ауыл ардагерлері кезінде жеңістің 30 жылдығын тойлағаны түсті. 8 мамыр күні салтанатты жиналыс өткіздік. Енді концерт болғалы жатқанда, ардагерлердің ең жасы кішісі, сол жылы елуге толатын Мұхтар келіп: «біз, ардагерлер, Серікбайдың үйіне жиналып жатырмыз. сонда келіңдер», – деді. Серкібай Үсенов совхоздың прорабы.

Біз барсақ, ардагерлер дуылдатып жатыр екен. Мархаба Шайгөзова – мұғалім, Секер Қамболова – клуб меңгерушісі, олар азаматтарды соғысқа шығарып салғандағы әндерді кезектесіп айтып отыр.

Кезекті бір ән толастай бергенде, майданнан келген хаттар, елден майданға жазылған хаттар туралы әңгімелеп, одан да талай күлкілі, көңіл көтеретін әңгімелер айтылды.

«Өткен 20 жылдықта да талай қызық болды ғой», деп әңгіме бастады Ыбырахым Әлібаев (ел «Бөжек мұғалім» атайтын). «Совхозда кадр бөлімінің бастығымын, парткомның мүшесі едім. Партком секретары шақырып: мына кісі сізбен бірге болсын, мен кешкі жиналысқа дайындықтан босамай жатырмын, – деді. Уәкіл – көктемгі мал төлдету науқанына келген аупарткомның нұсқаушысы, кешкі пойызға мінеді. Мектепте 9 майға арналған шара өтіп жатқан, уәкілді соған ертіп келдім. Олар кездесуге Көшен Үсенбаевты шақыртыпты. Сөз алған Көшекең: «Бізді әскерге алғанда, Ақмолаға апарды. Сол жерде әскери киіндіріп, әскери ойын үйрете бастады. Сөздің бәрі орысша, ештеңе түсінбеймін. Орыс деген бір найыс халық болады. Әлгі үйретуші кәмәндір ұрады. Мен әдейі түсінбей тұрғандай көреді. Оның бірі өшіксе, бәрі өшігіп алады». Көшекеңнің бұл сөзіне мектептің оқу ісінің меңгерушісі Әбдікәрім Әбдірайымов ауданнан келген уәкілдің алдында қысылып, тоқтат дегендей бірнеше ишара жасады. Бұл интернационалдық тәрбиеге мүлде қайшы. Оған қарап жатқан Көшекең жоқ, орысты біраз жерге апарып, сөзін әрі жалғады: «Бізді бір айдай Ақмолада ұстап, соғысқа жіберді. Менің үйренген ештеңем жоқ. Барған жерде сапқа тұрғызып, үлкен кәмәндір сапты қарап шықты. Менің тұсыма келгенде тоқтап, маған бірдеңе деп еді, мен ештеңе түсінбедім. Қазақшаға судай бір татар бар еді, сол бірдеңелерді айтып жатты. Әлден уақытта бізді елден алып келген кәмәндірді тұрғызып қойып, үлкен бастық бірдеңелерді зекіп айтып жатты. Қасымдағы татар, «сен үшін ұрысты» деді. Сонымен мен шабдар-қасқа атты жегіп, арбамен су таситын болдым. Бір күні кешке су әкеле жатып ұйықтап кетіппін, оянсам, қасқа ат бір жерде тұр. Оттың жарығында орыстар жүр. Байқаймын, біздің орыстарға киімі де, дыбыстары да ұқсамайды. Неміс деген осы екен ғой деп ойлағанда, абыржыңқырап қалдым. Артынша ішімнен иманымды айтып, дыбысымды шығармай, атты түртіп айдап жүре бердім. Оларда да ат, арба бар ма, қайдам? Маған көңіл аударған ешкім болмады. Әскерден екі шақырымдай әрі бардым да, атты доғарып, арқандап, арбаның астында иманымды айтып жаттым. Түнімен көз ілмедім. Таң сызат бергеннен бастап, артилерия ата бастады. Күн шығар алдында көзім ілініп кеткен екен, көзімді ашып жан-жағыма қарасам, біздің орыстар менің үстіме келіп арнап жатыр? Немісті көргенім сол ғана».

«Қай жерге дейін бардыңыз?» деп біреу сұрақ қойды.

«Е, қарағым, қасқа ат екеуміз Берлинге дейін бардық. Балалар, жақсы оқыңдар! Менің көрген бейнетім – оқымағанның салдары. Қараңғы болмасам, мен қатарлылар соғысқа емес, тұрыт армияға (еңбек армиясы) барады екен ғой», – деп тоқтады.

Сөз аяғы түзелгеніне Әбдікәрім де жадырап қалды. Одан әңгіме Кенжебай Көшкімбаевқа ауысты. Ел арасындағы аты ұзын Кенжебай – бойы екі метрден артық адам. Ауылдағы ардагерлер арасында соғыста ең көп орден алғаны да – осы. ІІІ, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін алып, енді І дәрежесіне ұсыныс түскен күні, жау шабуылынан полктың туы жоғалып, бөлімше таратылғанын айтқанда, Мұхтар Майауызов (Мұтар палуан) сөзге араласып: «Слава» орденінің біреуі менде де бар», – деді. Мұхаңның сөйлеуінде «с» әрпі «ш» әрпіне ұқсаңқырайтын еді. Соны қалжыңға айналдырған біреуі: «Совет үкіметінің ордені Слава болушы еді, Шлава деген немістің бірдеңесі емес пе?», – дегеніне де қарқылдап күліп жатты.

Тәжекең, Тәжіғұл Омаров – совхоздағы мұнай базасының меңгерушісі, осы отырғандардың ішіндегі ең жасы үлкені. Оған отырғандар: «Тәжке, оқымай-ақ заврайздрав (аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы) болғаныңызды айтыңызшы?», – деді. Тәжекең: «Соғысқа барысымен танкті тоқтататын қазан шұңқыр (противотанковый ров) қазуға қойды. Мен екі жігіттің қазғанын, кейде үш жігіттің қазғанын қазып жүрдім. Бір күні командир: «сен штабқа бар, станковый пулеметті үйренесің», – деді. Ол бір ауыр қару. Анау-мынаудың оны алып жүруі қиын. Бірде жамбасымнан оқ тиіп, санчастқа (санитарлық бөлім) апарды. Елде жүргенде сынық салатыным бар еді. Дәрігер жетіспейді, ыңырсып жатқан жаралы көп. Сүйретіліп жүрсем де, жеңіл-желпісін орнына салып, көмектесе бастадым. Мұны көрген бастық: «екі айлық оқуға барасың», – деді. Онда «құп боладыдан» басқа сөз жоқ. Оқу екі ай емес, бір айға да жетпей қайтып келдім. Бұл кезде аяғым да кішкене басуға келіп қалған. Міндетімді атқарып жүрдім. Бір күні біздің санчастыны бомбылады. Медперсоналдан аман қалған мен ғана. Комбат мені – начальник санчасти, – деп бұйрық берді. Осымен 1943 жыл келді. Жау шегінді, бізге де кеңшілік жетті. Жарақаты менікіндейлерді елге қайтарды. Ол кезде соғыстан келушілер бірлі-жарым. Есепке тұрған коммунистерді бірінші хатшы қабылдайды екен. Қабылдауда бүкіл құжатымды қарап шықты. Мен отырмын. Райисполком председателін (аудандық атқару комитеті төрағасы) шақырды. Ол келгенде: «Сен райздравқа бастық таппай отыр едің, майданнан мына жігіт келіп отыр, осыны тағайындау керек», – деді.

Мен: «Ойбай-ау, соғыста ыңғай дені сау адамдар. Жараланғаны болмаса, оларда ауру жоқ. Менде оқу да жоқ. Бір ай оқығанда, сынықты таңуды ғана үйренгем», – дедім. Бірінші: «Өзің жас әскери адамсың (38-де едім), тәртіп қалыптастырасың, оқыған адам мұнда да жоқ. Райисполкомға қарап, апарып орнына отырғыз», – деді. Содан үш жыл соны істеп, бес ай Мәскеуде бас дәрігерлердің курсында да оқып келдім. Содан 46 жылы екі дәрігер келді. Бірден райкомға барып, сүйінші сұрап, мені бұл жұмыстан босатуды сұрадым. Ол кезде бұл жердегі Жеңіс, Түгіскен, Коммунар колхоздары Түгіскен ауыл кеңесіне қарайды. Жеңіске бастық етіп жіберді», – деді.

Енді бірі: «әлгі Тұтқышқа ара түскеніңізді айтыңызшы?», – деді.

«Мал шаруашылығын аралап, станса басына келсем, ел «Тұтқышты тұтқындап, таңертеңгі пойызбен алып кетті» дейді. Атқа міне сап, шаптым. Жүргелі тұрған пойызға міне сала кешке ауданға жеттім. НКВД-ның бастығы Данияров деген. Онымен өте жақсымын. Данияровтың өзі ауданда жоқ кезде әйелі қатты ауырып ауруханаға түскен, ол кезде ауданда дәрігер жоқ, екі акушер ғана бар, менің дәрігерлігімді айттым ғой. Ол кезде санавиация жоқ. Облисполкомға телефон соғып, самолетпен Қарағандыға апарғам. Кейін әйелі сырқатынан жазылған соң, сыйласып кеттік. Кешке қарай Жаңаарқаға келдік. Бірден Данияровтың үйіне бардым. Паровоздан ұшқан күйеден беті-қол, киім – бәрі күйе. Іздеген адамым жұмыстан келген екен. Маған: «мына түрің не?» деп жатыр.

Тығыз шаруам бар – дедім.

Шаруа артынан, қазір жуынып, киімді қағып, тамақ ішейік, – деді.

Сол үйде қондым. Таңертең ол жұмысқа кетті. Ешқайда шықпай мен жатырмын. Түсте келгенде «ініңді босатамыз, кешке алып кетесіз. Бірақ, елдің ішінен жырақтау жүретін болсын», – деді.

Жанталасып соңынан қуып жүргенім: ол соғыстан көп бұрын Қарқаралыда мұғалімдік теникум бітіріп, соғысқа ОБЛОНО-да жұмыс істеп жүрген жерінен алынған. Одан пленге түскенде, Түркістан легионында саяси қызметкер болған. Мұны мен жақсы білемін, Тұтқыш қолдан бір шығып кетсе, қайтып жоқ. Содан Тұтқыш совхоздың орталығына 60-шы жылдан кейін ғана келді», – деп бұл әңгімені аяқтады.

Отырыс барысында Мархаба апай әңгіме арасында ауылдастарының майданнан өлеңмен жазылған хаттарын жатқа оқып отырды.

Бір кезде Тәжекең: «Қалып қойған ешкім жоқ па? Күлеймен құсап, құса боп жүрмесін», – деді. Біразы ду күлді. Біразы аңтарылып қалды. Оларға қарап мектеп директоры Әбдікәрім: «Бұл әңгімені мен айтып берейін», – деді. Жеңістің 20 жылдығы 65 жылы бүкілодақ бойынша кең көлемде тойланды. Ол уақытта соғысқа қатысқандар көп, бүгінгідей бүр үйге сыймайды. Клубта тойланған. Күлеймен болса, Сібірдегі кесілген ағашты теміржолмен совхозға жөнелтуге апрельдің ортасында жіберілген. Содан Күлеймен бір айдан артық жүріп, шаруасын бітіріп келсе, 9 май айтарлықтай тойланған екен. Таңертең далаға шықса, Көкшетауда өскен әнші Иван (негізгі аты Аманжол) кездеседі. Оған Күлеймен: «Іс-сапарда болып, тойлай алмай ішқұса болып тұрмын», – дейді.

Мен де қатыса алмадым, сменада болдым.

Жүр кеттік, есесін қайтарамыз

Мен түнгі сменаға шығам, бармаймын

Ойы ұшқыр, тілі орамды, әзілі өткір Күлеймен Иванды ыңғайына көндіріп, екеуі тойлайтын болады. Ауылда ресторан, кафе жоқ. Әбеннің дүкені – ОРС-тың (теміржолдың жұмысшыларды жабдықтау бөлімінің) дүкені. Тәртібі қатты, мемлекеттік дүкен. Хамидың дүкені – тұтынушылар одағының дүкені, мемлекеттік емес. Дүкені де, дүкеншісі де мұсылмандау. Дүкеннің ішінде стол тұрады. Дүкенші тіскебасар, стакан береді. Екеуі Хамидың дүкеніне келеді. «Хамеке, әнеукүні тойлаудан қалып қойып, ішқұсамыз, тәуірлеу ештеңеңіз бар ма?», – дейді. Хамекең: «Бір жәшік «Столичный» тығып ұстап отыр едім, сендерге керегінше берем», – дейді.

Онда столды далаға қойсақ қайтеді, мына жерде келіп-кеткендердің аяғына оралғы болмай?

Столды көлеңкеге қойып, екеуі әндетіп тойлап отырады. Иван белгілі әнші, Күлейменде қара жаяу емес. Хамекең керектерін беріп отырады. Түс ауа дауыстары жарықшақтанып, әннің берекесі қаша бастайды. Бесін еңкейгенде, екеуі екі жолмен үйлеріне тартады. Күлеймен үйіне жете алмай жолда құлайды. Өтіп бара жатқан екі жігіт тұрғызып, сүйеп үйіне апармақшы болып еңкейе бергенде, Күлейменнің әйелі Қонақай: «тимеңдер» деп айқайлайды. Күлейменнің бойы – 170 см. бірақ, Қонақайдың құлағынан ғана келеді. Қонақайдың әкесі – Сәкеннің әкесі Сейфолламен немере. Қонекең де тілді. Оның үстіне, ірі денесіне күші де сай. Бір қанат кереге, бір кесек киіз, бір жастық әкеп, Күлейменді оң қырымен жатқызып, басына жастық төсеп, керегені бақанмен тіреп, үстіне киіз жауып, көлеңке жасап қояды. Тұрған жігіттерге: «ішкен адамды сүйрелесе, бауырына зақым келеді», – депті. Күлеймен басын көтергенде, сары самаурын божылдап, шәй жасаулы тұр. Қонекең құйған шайды ішіп отырып, жадыраған кезде Күлеймен үйіне күн сала қарап, орысша бір боқтап: «стопятьдесят метров не расчитал», – деген екен.

«Иә, Күлеймен соғыста артиллерияның мерген наводчигі болған ғой, оның көз мөлшері тура», – деп Әбекең де әңгімені аяқтады.

Қазір олар арамызда жоқ болса да, олар істеген өнегелі істері жадымызда.

Әліп ЖАЙЛЫБАЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button