Тұлға

ЖЕҢІМПАЗ

     Кешегі тарихын ұмытпаған елдің болашағы жарқын болады. Ал, жас ұрпақ санасынан бүгінгі бейбіт күнге жеткізген майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Кейінгі ұрпақ дәріптеуге тиіс ардагердің бірі – Дүйсенбай САҒЫНБЕКҰЛЫ.

1918 жылы Шет ауданына қарасты Айғыржал елді мекенінде дүниеге келген Дүйсенбай Өтегенов – алғаш білім нәрін елге мәшһүр білімпаз Күмісбек молдадан алды. Ескіше араб тілі нұсқасында хат таниды. Күмісбек молда болса өзімен аталас, яғни, Қаракесек (Болатқожа) Қояншытағай, Кешубай, жетінші атасы – Күлмырза батырдан тарайды. Бабасы Таңай батыр елін жаудан қорғаған, өнегелі де өркендей өскен тұқым. Тарих беттерінен белгілі, кезінде ата-бабасы Таңай Ташкент ханы болған Бозтайлаққа Тағылы, Бұғылы тауы бөктерінен жер беруі зор адамгершіліктің белгісі болса керек. Тарих беттеріндегі ата-баба ерлігі ұрпаққа рухани күш беретіні де осыдан болса керек. Дүйсенбайдың әкесі Сағынбек (Торғай) дәулетті, ескіше оқыған діндар адам болған. Парасатты ойлайтын, тұспалдап сөйлей білетін жан болыпты. Текті жердің тәлімін алған баласы Дүйсенбай да өзінің алғырлығымен, еңбекқорлығымен көзге түседі. Айғыржалда құрылған серіктестіктің бірден-бір белсенді мүшесі атанады. Өспен мыс кенішінде құрылған «Бозшакөл» серіктестігінің мүшесі болып, басшылық қызметтерде алғырлығын танытады. Сол уақытта серіктестік Сәкен Сейфуллиннің, Әбілқайыр Досовтың басшылығымен жемісті қызмет етіпті. Жастайынан ата-анасынан айырылғанымен, туысқандарының қамқорлығында болып, жетімдіктің зардабын көрмей, шынығып өседі. Ауыл мектебінен тіл сындырып, кейін білімін жетілдіру мақсатында Ақмола қаласында оқиды. Ленин комсомолы қатарынан өтіп, оқуын озат аяқтайды. Жастық жолында алғаш 1937-1940 жылдары Амурдағы Комсомолск қаласында жұмысшы-шаруа Қызыл Армияның құрамында болып, полктік курсанттық мектептен өтеді. Кеңес әскерінің қатарында жапон самурайларымен соғысып, талқандауға да қатысады.

Сөйтіп, 1940 жылы елге лейтенант шенінде оралады. Ұлы Отан соғысы алдында соғыс столының бастығы болып, Шет ауданының азаматтарын соғысқа аттандырады. Майданға эшалондап азық-түлік, киім-кешек жөнелтуге басшылық жасайды. Ол кезде Шеттің алғаш құрылған кеңсесі Айғыржалда еді. Қазіргі таңда ол үй әлі де сақтаулы. Кейінгі жылдары онда ақын ағамыз Өміртай Қашқынбеков тұрған.

Ел басына күн туып, ер етікпен су кешіп жатқанда ол қарап отыра алмады. Өз еркімен облыстық соғыс комиссариатының атына рапорт жазып, Отан қорғауға аттанды.

1942 жылы Батыс Брянск және Белоруссия фронтында (майданында) 110-шы атқыштар дивизиясының 971-ші артиллерия полкінің 8-ші батареясы құрамында жан беріп, кескілескен шайқастарға қатысады. Бұл соғыста Дүйсенбай Сағынбекұлы да асқан ерлік көрсетті, сол ұрыс даласында ізі қалды. 1942 жылы 9 ақпанда ауыр жараланып контузия алады.

Осы жылы Отан алдында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады. 1943 жылы партия мүшесі болады. 1944 жылы шілденің 6-сы күні Минскінің түстік шығысында оқ астында жүріп байланыс орнатады. Сол сапарында бір топ неміс солдаты шабуылға шығады. Осынау тең емес айқаста ол он немістің төртеуінің көзін жойып, алтауын алдына салып айдап келеді. Батырдың ерлігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

Сталинград, Украина, Батыс Брянск, Белоруссия майдандарындағы кескілескен шайқастарға қатысқан, Ескі Оскал, Сталинград, минск, Витебск қалаалрын, Белосток, Сувалки, Августав, Диаментово, Каментово елді мекендерін жау қолынан азат етуде қасық қаны қалғанша айқасады.

1944 жылғы 29 тамызда кескілескен ұрыстарда болып Каментово деревнясының солтүстік шығыс жағында мәңгілік сапарға аттанады.

Дүйсенбай Сағынбекұлы сұм соғыста толарсақтан саз кешіп, атой салған күндерін бүгінгі жас ұрпаққа баян ете алмай кетті. Елінің азаттығы үшін өзінің өмірін тәрк етті. Жар, бала сүймей, ұрпақтың жарқын болашағы үшін жас ғұмырын құрбан етіп, ерлікпен қаза тапты.

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button