Басты тақырыпЖаңалықтар

Жеңіл өнеркәсіптің жолы неге ауыр?

          Өңір өндірісі жыл санап алға басып келеді дегенімізбен, жеңіл өнеркәсіп саласы әзірге атағымызды аспандатып тұрғаны шамалы. Аймағымыздағы кен өндірісін былай қойғанның өзінде, мал шаруашылығы да шалқып тұр деуге болады емес пе?! Ал, сол төрт түлігін төлдеткен облыс шаруалары қазіргі күні қалдықсыз өнім өндіруге қаншалықты құлықты? Мәселен, тері өңдеу цехтары – тапшы.

Бұдан бірнеше жыл бұрын «www.bnews.kz» сайты Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстанда жеңіл өнеркәсіппен ешкім айналыспайтындығын сынға алғанын жариялаған еді. Тіпті, Елбасы «Жеңіл өнеркәсіп туралы мүлде ұмыттық. Мұны нақты қолға алған ешкім жоқ, былғары өңделмейді, тері өңделмейді, ешкім тігіншілікпен айналыспайды. Мұндай күйге қалай жеттік? Экономика министрлігі бұл мәселені шешеді деген сенімдемін» дегені есімізде болар.

…Өткен ғасырдың орта тұсына дейін қаладан тыс қоныс тепкен әр қазақ отбасы тері илей білгені жасырын емес. Бұған – көзі тірі әкелеріміз бен аталарымыз куә. Ірі-қара мен қой терісі бабына келтірілгеннен кейін барып, тігіншінің қолында тәп-тәуір тонға айналып шыға келуші еді. Бұл аз десеңіз, келмеске кеткен Кеңес өкіметі тұсындағы әр ауданда шикізат әзірлеу кеңселері де жоқ емес еді. Арнайы техникасы мен жұмыс күші бар ұйым колхоз-совхозға барып, тері мен жүн жинап әкететінін әкелеріміз айтып отыратын. Одақпен бірге ондай ұйымдар да ыдырап болғанымен, жекелеген азаматтар бүгінгі таңда да тері қабылдап жатыр. Дегенмен, әлгілердің өзін әңгімеге тарта қалсаң, жеткізілген терілердің сапасыздығын алға тартар еді. Неге? Жасыратыны жоқ, қазіргі күні мал соя қалсақ, терісінен бұрын, етін бүлдіріп алмауға назар ауады. Бұл – теріге деген шынайы сұраныстың жоқтығы деп біліңіз.

Мамандардың айтуынша, бір сиырдың ғана терісінен кем дегенде 10-15 жұп аяқ киім тігуге болады екен. Былғары аяқ киімнің орташа құны 15-20 мың теңге дейтін болсақ, бір терінің өзінен кем дегенде 250-300 мың теңге пайда көруге болады. Терісінің өзі ет құнымен пара-пар демей көріңіз енді!

Расы керек, ауылдық жерлерде мал терісі 1000-2000 теңгеден жоғары бағаланбайды. Оның өзі еліміздегі тері өңдеу зауыттарына жетпей, экспортталып, ел асып кететіні бар. Экспорттың несі оғаш дерсіз? Айтайық, әлгінде 15-20 аяқ киім тігуге болатын 1 сиыр терісін өз қолымызбен ары кетсе 2000 теңгеге тапсырып, кейін Қытай, Қырғызстан және Түркия сынды елдерден одан он есе қымбат бағаға қайтып сатып аламыз. Өз бидайымызды өзімізге қуырып беріп, олар да мәз. 2013 жылдың өзінде еліміздегі тері экспорты 39 мың тоннаны құраса, оның 61%-ы Қырғызстанға, 32%-ы Қытайға және 5%-ы Түркияға жеткізіліпті.

Аяқ киім демекші, өңірімізде «Қарағанды аяқ киім фабрикасы» да бар екені белгілі. Десе де, жылына 50 мың жұп аяқ киім тігуге қауқарлы бұл фабрика өз өнімінің басым бөлігін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС және «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ сынды ірі кәсіпорындарға жеткізеді. Яғни, өндіріс орындарының қажетін өтеуге ден қойған. Ал, аймақ тұрғындары болса, шетел аяқ киіміне шығындалып әуре.

…Қадым замандардан бері қазақ халқы төрт түлігін мейлінше берекелі етіп пайдалана білгені тарих беттерінде-ақ қаттаулы тұр. Еті мен сүтін азық еткенін айтпағанның өзінде, сүйегінің өзін ұқсатып, қайнатып сабын еткені де жасырын емес. Ал, мал терісі кисе – киімі, илесе ер-тұрманы болғанын қайтерсіз. Былғары, құрым, жүген, таралғы, айыл, құйысқан… Киіз басып, баспана тұрғызғанын қалай ұмытайық. Тіпті, құндызқылқұйрық жануардан қыл арқан ескен де біздің жұрт еді. Енді келіп, тері өңдеу цехына зар болдық та қалдық. Өңірдегі орта бизнестің дамуын жолға қою мақсатында жыл сайын Үкімет тарапынан кәсіпкерлерге мейлінше қолдау көрсетіледі. Соны жобалар қыруар қаржыны қанжығылап жатқанда, арасында тері өңдеуге қатысты бір бастаманың болмауы қынжылтады. Ойланарлық жайт!

Сурет интернеттен алынды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button