Жауыртаудағы жастар жиыны

Теміртауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Жастар жылы аясында талантты да талапты жастардың «Жауыртаудағы кездесу» атты облыстық форум-фестивалі өтті. Биыл екінші мәрте ұйымдастырылып отырған жиынның мақсаты – өскелең ұрпақты туған жерді сүюге шақыру, жас таланттарды анықтап, қолдау көрсету және жастар мәселесіне назар аудару.

Жастар жылы – жасампаздық бастауы

Жастардың материалдық әл-ауқатын жақсарту, сапалы біліп алып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялаған болатын. Мақсат – айқын. Келешекте ел тізгінін ұстайтын азаматтарды бүгіннен бастап тәрбиелеу, оларды алаңдатқан сан түрлі мәселенің түйінін шешу. Қазақ жастары бір орында тұрақтап қалмай, ұдайы ізденісте болуы керек. Білім алуға, шығармашылығын шыңдауға ұмтылған кезде ғана, дамуға қадам басарымыз анық. Биылғы форум-фестивальдің көздегені де осы – облыстың әр өңірлерінен келген жастардың еркін пікір алмасуына мүмкіндік жасау және һас таланттарды анықтап, қолдау көрсету.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында екінші жыл қатарынан аймақтың белсенді жастарының басын қосып отырмыз. Теміртау – ерекше қала. Алғашқы қазақстандық болат осы қалада қорытылған. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Теміртауда еңбек жолын бастап, құрыштай шыңдалған, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.

Теміртау қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Әділбек Егінбаевтың айтуынша, биыл форумға 14 жастан 35 жасқа дейінгі 200- ден астам жас азамат қатысқан. Олар шығармашылық байқауда бақ сынап, қаланың тарихымен танысып, көрнекі орындарды аралады.

Былтырғы кездесу қала сыртында, ашық аспан астында өткен еді. Ол кезде форумға қатысушылар ақпарат ағыны, робототехника, инновация және техникалық шығармашылық, бизнес негіздері, еріктілер қозғалысы, жастар шығармашылығы тәрізді бірнеше секцияға бөлініп, өздерін қызықтырған салалар бойынша теориялық һәм практикалық білім алды. Ал, биыл жастар шығармашылығына басымдық берілген. Яғни, жастар вокаль, этно-фольклор жанры, заманауи хореография, Форум театр өнері бағыттары бойынша сынға түсті.

– Форум-фестивальге екінші мәрте қатысып отырмын. Былтыр семинартренингтерге белсенді қатысып, танымал тұлғалардың дәрістерін тыңдаған едік. Биыл өнер сайысына қатыстық. Байқауға келген жастардың арасында талантты азаматтар көп, – дейді қатысушы Ерқанат Миней.

«Нұр-Сұлтан – Теміртау» велошеруі ұйымдастырылады

«Жауыртаудағы кездесу» форумфестивалінің қадірлі қонақтарының қатарында ағылшын тілінің маманы, велоспортшы Ернат Мелсұлы да болды.

– Былтыр «Нұр-Сұлтан – Ақтоғай» бағытында 465 шақырым жолды жүріп өттік. Осыдан бірнеше күн бұрын жазиралы Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен сұңқар Сәкеннің 125 жылдық мерейтойына орай, «Қарағанды – Жаңаарқа» велошеруін ұйымдастырып, 200 шақырымнан астам жолды екі күннің ішінде жүріп өттім. Мақсатым – жастарды туған жерді сүюге, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Енді, әуесқой велошабандоз ретінде, келесі жылы Теміртау қаласының 75 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арнап, «Нұр-Сұлтан – Теміртау» велошеруін өткізсек деген ұсынысым бар, – деді Ернат Мелсұлы.

Ол жастарды спортқа жақын болуға шақырумен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, қазақ тілін үйренуге шақырды.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек екенін айтты ғой. Осы орайда, қазақ тілін білмейтіндерге «Теріс ойды тастаңыздар, қазақша үйренуді бастаңыздар» дегім келеді. Ал, қазақ тілін еркін меңгерген азаматтарға айтарым «Теріс ойды тастаңыздар, ағылшын тілін үйренуді бастаңыздар», – деді Ернат Мелсұлы.

Үздіктер марапатталды

Хип-хоп, cover dance, контемпорари тәрізді заманауи би түрлерінен, театр өнерінен және академиялық ән салудан ерекше көзге түскен кіл мықтылар «Астана» алаңында өткен гала-концертте қазақстандық эстрада жұлдыздары – Жанар Дұғалова, Роман Киммен бірге өнер көрсетті. Жүзден жүйрік шығып, талантымен тамсандыра білген үздіктер Алғыс хатпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ