Басты тақырыпРуханият

Жауынгер журналист жастармен жүздесті

   «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» десек, күнделікті хабар-ошардың әр жақ, бер жағында жүретін жазармандар бар да, жұрттың жоғын жоқтап, билік пен бұқара арасында жүретін жауынгер журналистердің орны бір бөлек. Сондай журналистердің санатындағы әріптес апай, «Қазақстан-Қарағанды» арнасының бас редакторы Сағат БАТЫРХАНОВАНЫ 60 жас мерейтойына орай ҚарМУ-дың тарих факультеті мен «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығы шақырып, жастармен кездесу ұйымдастырды.

    Еңбек жолында шындықты ту еткен жауынгер журналиске жастардың ілтипаты ерекше. Халықаралық деңгейдегі журналисті құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Біздің еске оның әйгілі саясаткер Хилари Клинтонмен жасаған сұхбаты түсті. Әуелі «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрсахан Бейсенбекова мен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Салауат Кентбеков төртінші билік өкіліне деген жылы лебіздерін арнап, кездесудің мән-маңызына тоқталды. Көмейге келген кестелі өлең шумақтарын арнау еткен айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов та тосылып қалмай, жырдан шашу шашып, кездесудің мәнін арттыра түсті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік тәмамдаған Сағат Сыздыққызы еңбек жолын Қарағанды облыстық радиосында редакторлық қызметтен бастаған. Журналистік жолға жан-тәнін салған майталман журналист біраз уақыт «Хабар» арнасының меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарды. Осы салада от пен судың арасында жүріп ысылған Сағат Батырханованың журналистік қызметінің жемісті жылдары «Азаттық» радиосының Прагадағы редакциясына редакторлық еткен тұспен байланысты. Ондағы он жыл қызметінің арқауы – ел мүддесі мен халықтың мұң-мұқтажы. Жалпақ жұрттың жанайқайын қызметіне өзек қылған журналистің еңбек жолы кейінгіге үлгі, ендеше.

Кездесу барысында студент жастар майталман журналистен мамандығына қатысты сұрақтарына жауап алып, қызметінен бөлек қырларымен де танысты.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button