Ресми

Жауапкершілік жүгі ауыр

Жылыту маусымына дайындық жұмыстары аймақ басшылығының және энергетикалық қадағалаудың тұрақты бақылауында. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск жылу электр орталығына кезекті рет барып, жөндеу барысын мұқият тексеріп, станция басшылығымен және мердігерлермен кеңес өткізді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Күз жақындай түскен сайын ел көңілі жылыту жұмыстарына алаңдаулы. Осындай өзекті мәселені облыс басшылығы назарда ұстап отыр.

Сапар барысында аймақ басшысына жұмыстардың кесте бойынша жүріп жатқаны туралы егжей-тегжейлі баяндалды.

Биыл жоспарда негізгі және қосалқы жабдықтарды ағымдағы және күрделі жөндеу тұр.

– Бүгінде үш қазандық агрегатында монтаждау, бөлшектеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі турбоагрегатта ағын бөлігі бойынша жұмыстар мәреге жетті. Генераторлар бойынша жөндеу жұмыстары аяқталуда. Қазандықтарға келетін болсақ, екеуі дайын, қазір монтаждауға қарекет жасалып жатыр. Алдағы уақытта тағы үшеуі орнатылады, – деді «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.

Бұдан бөлек, Абылай Сейдуәлі келесі аптада көмір жеткізу бойынша тендерді қорытындылау керектігін және содан кейін бірден жинақтау басталатынын атады.

Шахтинск қаласында биыл жазда 3,7 шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланған болатын. Жұмыстың негізгі көлемі орындалған. Сонымен қатар, алдағы уақытта 2 шақырым құбырдың жылу оқшау­лағышы қалпына келтіріледі.

Ермағанбет Қабдулаұлы қала басшылығы мен ЖЭО-ға жылу беру маусымының дайындығына жауапкершілік керектігін еске салды.

– Сіз қысқа дайындық үшін жеке жауап бересіз. Қаржыландыру бар, барлық мәселелерді уақытылы шешіңіз! Нақты нәтижелерді күтеміз. Қала тұрғындарының үйіндегі жайлылық жылу көзінің тұрақты жұмысына байланысты, – деді аймақ басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button