Жаңалықтар

Жастардың Жазғы мектебі: жарасымды үрдістер

          Мыңбай - 1«Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалының мәжіліс залында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Дархан МЫҢБАЙДЫҢ қатысуымен «Жастар ортасындағы этносаралық қатынастар мәдениеті» тақырыбындағы дәстүрлі Жазғы мектеп жұмысының ашылу рәсімі өткізілді. Алқалы жиында облыс әкімінің орынбасары Жандос ӘБІШЕВ құттықтау сөз сөйледі.

Сөз басында Жазғы мектеп жұмысының түпкі мақсаты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қозғалған әлеуметтік-қоғамдық маңызы аса зор міндеттер мен талаптарды жастардың санасына сіңіру, олардың ортақ мүдделі іске белсене араласуына негіз қалап, нақты бағыт-бағдар беру екендігін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, ҚХА XXV сессиясының жұмыс қорытындысы бойынша белгіленген міндеттер мен қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік ұстанымы бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру технологияларына қатысты жастардың кәсіби білімі мен біліктілік деңгейін арттыру жайы да қарастырылған.

Жиынға қатысушылармен емен-жарқын жағдайда әңгіме құрған Дархан Қамзабек­ұлы Елбасы мақаласының құндылықтары хақында егжей-тегжейлі сөз қозғап, қоғамдық сананы жаңғырту мәселесіне толыққанды сипаттама берді. Қазақстанның қазіргі даму кезеңіндегі әлеуметтік-мәдени құндылықтардың трансформациялануы, ұлттық кодтың ұлағатты бітімін терең тану, туған өлкенің тарихын зерделеу арқылы жас буынды отансүйгіштікке баулу секілді өзекті жайттарды тілге тиек етті.

Жазғы мектеп жұмысының қажеттілігі мен басты ерекшеліктері туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жетекшісі Айгүл Сәдуақасова әсерлі әңгімеледі. Жиылған қауым ҚХА мүшесі, «Жаңа шешімдер» білім беру қоры» компаниясының бас директоры Вячеслав Кимнің аталған бағыттағы жұмысты жүйелеудің алғышарттарына қатысты онлайн режимінде оқыған дәрісіне де қызыға құлақ түрді. Жазғы мектеп жұмысына қатысушы Қазақстанның әр аймағынан келген жастар өкілдерінің жалынды сөздері де тыңдарманды бей-жай қалдырмады.

Ізгі ниетті іс-шараға Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов, ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшелері, облыстардың, Астана және Алматы қалалары жастар ресурстық орталықтарының басшылары мен мамандары, жастар этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері, сондай-ақ, жас мемлекеттік қызметшілер мен биылғы жылғы мектеп түлектері қатысты.

Жазғы мектеп тыңдаушылары оқу бағдарламасынан тысқары, Ұлт Көшбасшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы аясында Ұлытау өңіріндегі тарихи-мәдени және рухани жәдігерлермен де танысады. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Қ.Сәтбаев атындағы тау-кен музейі мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде болып, кенді өлкенің бай тарихының қатпарларына көз жүгіртеді.

Оқу бағдарламасы тиянақталарда өздерінің әлеуметтік бағытта дайындаған жоба жұмыстарын қорғайды.

♦ ♦ ♦

Сол күні Дархан Мыңбай бастаған мәртебелі меймандар мен Жазғы мектеп жұмысына қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкірінен келген жастар қауымы Жезқазған көлік және бизнес колледжіне барды. Озық үлгідегі оқу-тәрбие үдерістерін мейлінше меңгерген жаңашыл оқыту орнындағы Қоғамдық келісім залымен танысып, қызмет үрдістерін зерделеді.

Бірегей бітімдегі залда Дархан Қамзабекұлы жергілікті этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және өкілдерімен, ардагерлер қауымымен, жастармен жылыжүзді сұхбат құрды. Қазақстан және Ресей Жазушылар одақтарының мүшесі, ҚХА мүшесі, қаламгер Зинаида Чумакова, көлік және бизнес колледжінің директоры Света Жумкина, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова және басқалары өз тараптарынан атқарылып жатқан, сондай-ақ, жүргізілуі жоспарланған шаралар туралы тартымды әңгімеледі. ҚХА Төрағасының орынбасары қала аумағында, оның ішінде, аталған колледжде іске асырылған істерге тәнтілік танытып, ризашылығын білдірді. Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстарына сәттілік тілеп, орнықты істердің қайтарымы мол боларын айрықша қадап айтты.

Содан кейін қонақтар колледж алаңында салтанатты реңде өткізілген, «Қайырымды Ел – 2017» жалпыұлттық акциясы талаптарымен үндес «Туған жерге туыңды тік!» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Жалпы жұртшылықтың көңіліне қуаныш ұялатып, бір қауым елді шаттыққа кенелткен іс-шараның басты ерекшелігі ҚХА мүшесі, Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, белгілі білім меценаты Бекзат Алтынбековтің бастамасы және өз қаражаты есебінен қаржыландыруы нәтижесінде салынған тұрғын үй кешенінен колледждің жас оқытушыларына пәтер кілттерінің тапсырылуы болды. Қалың қауымның құрмет-қошеметі арнасынан асып төгілген айрықша мерейлі сәтте Дархан Қамзабекұлының қолынан 7 жас маман бір және екі бөлмелі су жаңа пәтерлердің кілттерін алды. Олар ұлттың қамын ойлаған Бекзат Қомарұлына шексіз ризашылықтарын бүкпесіз білдірді. Акция кезінде өзге де жарасымды шаралар жүзеге асырылды.

Ізгілік тұнған іс-шара барысында қатысушылар назарына Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұлттық бітім-болмыстың ерекшеліктерін әспеттейтін ғажайып жәдігерлері ұсынылып, таныстырылымы өткізілді. «Ақ әжелер» ансамблі мен «Жемчужины Жезказгана» ардагерлер хоры әсем әндерді әуелетті.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button