Жастар сақтыққа шақырады

Жастар қоғамдағы кез келген жағдайға жұдырықтай жұмылып, жақсылық жасауға бейім. Қоғам кейінде жастардың ынта-ықыласын жиі сезіне бастады. Қандай қоғамдық істе де жастардың қарасы – қалың. Әсіресе, ел шетіне індет кіргендегі еріктілер сапындағы қыз-жігіттердің еңбегін ерекше айту – ләзім. Жастар ресурстық орталықтары да қарап қалған жоқ. Олар мұрындық болған істер үзіліс көрмеді. Қайырымдылық акциялары негізінде талай тағдырға қол ұшын берді. Сол игі істерін жалғастырып келеді. Індеттен қорғанудағы қауіпсіздік шараларын жиі жұрттың жадында жаңғыртып жүрген де осы – жастар…

Медициналық құзырлы орындардың мәлімдеуінше Теміртау қаласындағы эпидемиологиялық ахуал алаң туғызып отыр. Қауіпсіздік шаралары қатаң. Бірақ, бұқараның бей қамдығы індетпен күресте кедергі келтіргені де өтірік емес. Осы орайда «Еріктілер сіздің қамыңызды ойлайды» («Волонтеры с заботой о Вас») акциясын «Шаңырақ» еріктілер орталығы мен Жастар ресурстық орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Олар акция аясында қала тұрғындарына аялдамаларда, қоғамдық көліктерде тегін бетперде мен түрлі дәрумендер жиынтығын таратты. Бұған қоса коронавирус белгілері мен вакцина туралы жазылған парақшалар да қоса табысталды.

– COVID-пен күресте дәрумендер мен бетперде – мықты көмекші. Сондықтан да, біздің қаламыздың еріктілері осындай форматтағы акцияны алғаш ұйымдастырды. Теміртаулықтардың денсаулығына алаң жастар әрбір кездескен тұрғынға бетпердемен бірге, лимон, гематоген, аскорбин қышқылы дәрумендерін қоса берді. Акция аясында 1000 бетперде таратылды, – дейді Теміртау қаласы

Жастар ресурстық орталығының басшысы Айдын Жұмагелдинов. Теміртау жастары құрыш қала тұрғындарын, барша қазақстандықтарды санитарлық норма талаптарын сақтауға шақырады. Өзінің және өзгенің денсаулығына қорған болуға үндейді.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

ТЕМІРТАУ қаласы.