Руханият

Жастар «Кешкі… 7»-де бас қосты

С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының актерлері ұсынған «Кешкі… 7» спектакль-концертінің премьерасы өтті. Театрдың Qalleki театр лабораториясы ұсынған жаңа туындының бұрынғы классикалық спектакльдерден көп ерекшелігі бар. Мұны тамашалаған көпшілік растайды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бір қарағанда ой тууы мүмкін қойылымның ерекшелігі оның авторы мен сценарийінде емес пе деген. Дәл бұл бағдарламада актерлер басынан өткен оқиғалар сахналанды десем сенер ме едіңіз? Жас режиссер Бәзіл Сұлтанғазы қойған бұл қойылым актерлердің өз өмірінен, күнделігінен алынған махаббат хикаяларынан құралған көрінеді. Өте қызық. Осы хабарландыруды естіген қарағандылық театр сүйер қауым залда ине шаншар орын қалдырмай тамашалады. Танымал жас актерлердің қайсының өткені, қай актердің сезім ертегісі елең еткізер екен деген ой көпшілікті театр сахнасына телміртіп қойды.

Жалпы, Qalleki театр лабораториясы 2021 жылы өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау мақсатында құрылған еді. Ұзақтығы 80 минутқа созылатын қойылымның қоюшы суретшісі – Шынар Елембаева, ал, хормейстер – Ержан Сансызбаев, Сұлтан Тұрсынбеков. Спектакль-концертте қарағандылық ақын Салтанат Қайырбектің «Мен шаршадым-ау деймін…», «Сен…», «Ойлаушы ем өмірді білем деп», «Махаббат» атты өлеңдері оқылды.

Бастысы, қойылым көпшілікке ұнады. Алғашқы көрермендерінің бірі, ақын Эльмира Сайлауқызы қойылым жайлы былай дейді:

– Ең бастысы ойға алған идея көрерменге жетті. Көрерменнің басым көпшілігі жастар болғандықтан оларға stand up форматындағы дүние өтімді қашанда. Qalleki-дің ұтымды тұсы да сол болды деп ойлаймын. Жалпы, Қарағандыда бұндай дүние әлі болған жоқ. Меніңше, біздің жергілікті театрларға да осындай орта ашу керек. Көпшілігіміз ойлаймыз театрға жастар қызықпайды деп.Неге қызықпасын мынадай дүниелер болса? Ішкен асын жерге қойып келері анық. Актердің әрқайсысы өз басынан өткен сезім оқиғасы арқылы кісінің кішілігін, адами негіздегі жаратылысын, қателік пен оны түзеудегі жолдарының аражігін ажыратып көрсете алды. Тамашалап отырып, түпкі ойды бірден ұқтық. Тың идея, заманауи түрде көрермен тарту оның ішінде, жастардың қызығушылығын оятудың ең ұтымды жолы дер едім, – деді ақын.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button