Жас буынның қолдауы
Кеше Жастар ресурстық орталығының ақпараттық тобы «Бұл – өзекті!» акциясын өткізді. Мақсат – қазақ әліпбиін кириллицадан латынға көшіруді қолдау. Маңызды шараға Қарағанды қаласының жастары қатысты.
Қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара барысында қаланың жастар, соның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар арасында парақшалар таратылды және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған латын жазуына көшу оқу мен тәжірибе жинау барысында жаңа мүмкіндіктер ашады. Студенттер латын графикасына көшудің өзектілігі мен қажеттілігін жақсы түсінеді», – дейді белсенді жастар.
Ел ертеңінің пікірінше, латын графикасын қолданысқа енгізу – әлемдік кеңістікті игерудің төте жолы. Ғаламтор желісінде кириллица қарпімен жүз мыңдаған материалдар таратылады. Ал, латын графикасы арқылы – миллиондаған, миллиардтаған ақпаратпен танысуға негіз бар. Осылайша, қазақ әліпбиінің латын қарпіне көшірілуі ағылшын тілін үйренуге де оң ықпалын тигізеді.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.