Жарнама жайы толғандырды
Жуырда облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мұрындық болуымен көрнекі ақпараттың тіліне және оны қолданудың өзекті мәселелеріне арналған семинар-кеңес өткізілді. Оған қалалық және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің мамандары, кәсіпкерлік палаталарының, жарнама агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Семинарды ашқан облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, көрнекі ақпараттар мен жарнамалардың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, оларды қолданыстағы заңнама талаптарына сай рәсімдеу бойынша әдістемелік көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ, сөз алған Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әділова сыртқы жарнамалар мен кейбір нысандар (дүкендер мен дәмханалар, тойханалар, шаштараздар және т.б.) атауларына тоқталып, жекелеген атаулардың көңілге қонымсыз тұстарын айтып өтті. Ал, Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің сыртқы жарнамалар және оларды рәсімдеу секторының меңгерушісі – бас суретші Юлия Плужникова ҚР «Жарнамалар туралы» Заңын орындау талаптары, нысандардың сыртқы (көрнекі) жарнамаларын орналастыруды реттеу мәселесіне көңіл бөлді. Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік тіл жөніндегі инспекторы Мөлдір Тасболатова көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнамаларды орналастыруға келісім беруді «Е-лицензиялау» жүйесі арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы баяндады.
Семинар-кеңес соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ.