Ұлы Жеңіске - 75 жыл

Жаралы жолбарыс

Зекерия ЕЛЕСБАЙҰЛЫ 1905 жылы Қарқаралының қазіргі Бесоба селолық округі, Қызылту ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлігімен көзге түскен. Құжаттарында айна-қатесіз сайрап-ақ тұр бәрі. Ұрыс даласында екі рет жарақат алып, госпитальге жатудан бас тартқан жолбарыстың өзі. Бауыржан Момышұлының «біз қа-ан кештік!» дейтіні бар ғой радиодан қаһарланып. Тура осы сөз Зекерия Елесбайұлының майдандағы ерлік жолын елестеткендей сезіледі. Сондықтан, мақалада қызыл сөзбен қыздырмалап, әсірелеп жатпаймыз. «Тұранды мақтамаймын тіпті текке, Онсыз да Тұран мәлім талай шетке» (Мағжан) дегендей, құжаттарында тұр ерлігі мен өрлігі.

Соғысқа, әскер қатарына шақы рылғанға дейін Алматы зооветеринарлық институтын 1932 жылы үздік бітірген. 1933­-1935 жылдары Ақмола ВКСХШ (высшие курсы сельско­хозяйственной школы) мал шаруашылығы кафедрасының оқытушы­-доценті, осы оқу орнының екі жылдық ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, 1935-­1941 жылдары Ақмола колхоз төрағалары білімін жетілдіру мектебі оқу бөлімінің меңгерушісі әрі оқытушысы болып жүргенінде әскер қатарына шақырылып кете барған. Одан кейінгі өмірі белгілі. Төмендегі құжаттары соғыстан жаралы қайтқан ердің жаужүрек болмысын қапысыз танытады. Ал, ол құжаттарды ғаламтор көзінен іздеп тауып, бізге, бас паға ұсынған ұрпағы, КСРО ішкі істер министрлігінің ардагері, отс тавкадағы милиция подполков нигі сәлижан садықов екенін қапер лейміз.

1942 жылғы 15 маусымдағы Құпия бұйрық (№ 0687) бойынша:

«КСРО Жоғарғы Кеңесі атынан неміс-­фащист басқыншыларымен бол ған соғыс қимылдарында әскери тапсырмаларын аса жауапкершілікпен орындап және ұрыс даласында көрсеткен батылдығы мен жеке ерлік істері үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталсын:

Кіші лейтенант елисбаев Зекерия – 2-­ші жеке атқыштар батальонының рота командирі» деп соңынан Батыс майдан әскерлерінің Қолбасшысы, Армия генералы Жуков пен Әскери кеңес мүшесі Булганин қол қойған.

Наградтау парағында былай делінген:

«Елисбаев Зекерия елисбаевич. Кіші лейтенант. Рота командирі. 1941 жылдың 14 шілдесінен бастап қатысып келеді.

Смоленск облысының Духовщинский ауданының Груздево деревнясы үшін 1942 жылдың 1-­22 наурызы аралығында, 1942 жылдың 23-­27 наурызы аралығында Клячино деревнясы,  Кривая орманды ал қабындағы және осы елді мекендегі атаусыз биіктікте орналасқан фашист әскерлерінің атыс ұясын талқандаудағы қиян-­кескі соғыс қимылдарында кіші лейтенант З.Елисбаев басқарған рота ерен ерлік көрсетті. Осы шайқаста Елисбаев екі рет жарақат алды. Майдан даласынан эвакуациялауға келісім бермеген.

Груздево, Клячино деревнялары, Кривая орманды алқабындағы және осы елді мекенде атаусыз биіктікте орналасқан фашист әскері бекінісін талқандаудағы қиян­кескі ұрыстарда кіші лейтенант Елисбаевтың ротасы әскер саны мен техникасы жағынан бірнеше есе басым жаудың қарсы шабуылдарына өз позициясын бермей тойтарыс беріп отырды.

1942 жылдың 27 наурызында рота командирі З.Елисбаев қалған сегіз жауынгерімен қарсы шабуылға шығып, жаудың 10 блиндажын басып алып, талқандады. 20­-ға жуық фашистің көзін жойып, 5 солдатын тұтқынға алды. Жоғарғы әскери командирлері және рота солдаттары арасында беделді».

Наградтау парағына батальон командирі, лейтенант Романовский және комиссары Дорошев 28 сәуір, 1942 жылы қол қойған.

Архивтегі деректер бойынша кіші лейтенант З.Елесбаевтың ротасы 1943 жылдың  наурызында Гжатск қаласын азат ету үшін болған қанды ұрыстардың бел ортасында жүрген. Осы күнге дейін архивте құпия сақталып келген бұл қанды ұрыстар туралы деректер қазір ашық интернет беттерінде жүр. Сондағы бір деректе Калинковичский атқыштар дивизиясының Смоленск қаласын азат ету үшін 2 жыл 2 ай соғысқаны туралы мынадай естелік бар: «В бесконечных атаках за деревень Груздево, Кострово, Клячино, в кровополитных боях за Медведки, Лукьянцево, Долгинево  и десятки других деревень, сохранившихся только на старых картах, полегли тысячи бойцов  Красной Армий». Міне, осындай қиян­-кескі ұрыстардың бірінде 1943 жылы сәуір айының ортасында рота командирі З.Елесбаевтың оң жақ қолына снаряд жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Қолын кесіп тастамақ болған дәрігерлерге келісімін бермеген. Оған дейін екі рет жеңіл жарақат ала тұра, эвакуациялаудан бас тартқан жаралы жолбарыс госпитальде емделген соң, қолының кемістігінен соғысқа жарамай, елге қайтарылғанын бағамдау қиын емес.

Майдан даласынан оралған ардагер елдің дамуы мен өркендеуіне қалтқысыз қызмет еткенін көреміз. Жарақатына қарамай, 1943­-1947 жылдар аралығында Ақмола облыстық еңбекшілер депутаттары облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі орын басары қызметін абыроймен атқарғаны үшін КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен 1945 жылғы 17 қарашада «Құрмет Белгісі» орденін иеленді. Дәл осы жылы «1941-1945 жылдары Отан соғысындағы ерен ерлігі үшін» медалімен наградталған. 1947­-1953 жылдары Ақмола облыстық партия комитеті жанындағы партия, совет кадрларын дайындау бөлімінің меңгерушісі, осы облыстың Шортанды, Қорғалжын аудандық партия комитеттерінің екінші секретары, Ақмола облыстық мемлекеттік қамсыздандыру басқармасының соғысқа қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерін тұрмыстық қамсыздандыру бөлімінің меңгерушісі, Ақмола облыстық еңбекшілер депутаттары атқару комитетінің хатшысы қызметтерін жауапкершілікпен атқарған. Ал, 1953 жылдан 1962 жылға дейін Ақмола  ауыл шаруашылығы техникумының, 1962 жылдан зейнет жасына дейін Ақмола қаласындағы бухгалтерлер дайындайтын  мектептің директоры болды. Соғыстан мүгедек болып оралған ардагер 1965 жылы құрметті демалысқа шығып, 1978 жылы дүниеден озды. 

Өмірін ұстаздыққа арнаған Гүлжан  әжемізден 3 ұл, 3 қыз көрді. Бәрін жоғары оқу орындарында оқытты. Олардың әрқайсысы мамандықтары бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында елге еңбек етті.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button