АймақБалқаш

Жарқын болашақтың «Жайлы мектебі»

Балқаш қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған жаңа оқу орнының құрылысы аяқталды. «№12 жалпы білім беретін мектеп» КММ мәртебесін алған білім беру мекемесінің ауданы – 14 545 шаршы метр. Үшінші тоқсаннан бастап, балаларға есігін айқара ашатын білім ордасы толық заманауи жабдықтармен қамтылған. 900 орындық білім ошағы оқушыларды қабылдауға толыққанды дайын.

Суреттер қала әкімдігінен

Жаңадан бой көтерген нысанды облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова, Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев аралап, атқарылған жұмыстарды көрді. Білім бөлімі мамандарының мәліметінше, мектепте оқыту мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бұл мемлекеттік білім беру саясатының қағидаттарына сәйкес келеді.

Мектеп сапа мен қауіпсіздіктің барлық талаптарына сәйкес заманауи технологиялармен жабдықталған. Білім беру мекемесінде оқу материалын неғұрлым тиімді меңгеру үшін мультимедиялық жабдықтармен жарақтандырылған интерактивті сыныптарды қоса алғанда, 36 оқу кабинеті көзделген.

Жаңа мектептің басты ерекшеліктерінің бірі – ғылыми, техникалық, инженерлік және математикалық пәндердің интеграциясына ықпал ететін озық STEM зертханалары. Сонымен қатар, балаларда инновациялық және техникалық бағыттарда дағдыларды дамытуға мүмкіндік беретін робототехника сабақтары бар.

Мектепте дәстүрлі және электронды форматта білім беру ресурстарының кең таңдауын ұсынатын кітапхана мен медиа орталық құрылды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін мектепті әр оқушыға қолжетімді ететін инклюзивті орта қамтамасыз етілген.

Жобаны жүзеге асырудың үлкен әлеуметтік маңызы бар. Жаңа мектеп заманауи және жайлы білім беру ортасын құра отырып, Балқаш қаласындағы оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешеді. Бұл сапалы оқытуды және педагогтар мен оқушылар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ете отырып, өңірдің білім беру жүйесін дамытуға маңызды үлес болады.

Айта кетейік, №12 мектептің ашылуы еліміздегі білім беру инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаны табысты іске асырудың жарқын үлгісі болып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button