Жаппай дактилоскопиялық тіркеу тиімді ме?
Адамзат білім мен ғылымға негізделген дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Қазіргі уақытта ақпараттардың қоғам өмірінде жетекші орын алатын жаңа жағдайлары пайда болып, ақпараттық технологиялар аса қарқынды дамуда. Елімізде цифрлық технологияларды қолдану арқылы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған түрлі шаралар қабылдануда. Бұл, әлбетте, Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктердің бірі екенін анық.
ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Сондықтан, ақпараттық-коммуникативтік технологиялардың құзыреттілігін арттырып, пайдаланудың маңызы зор. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз» деп атап көрсеткен болатын.

Бұл орайда жаңа технологиялық дамудың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, инновациялық сипатта цифрландыруды жүзеге асыру –барлық салада аса маңызды міндет. Осы мақсатта, құқық қорғау органдарының ақпараттық-талдамалық жүйелерін жетілдіру бойынша 2016 жылдың 30 желтоқсанында «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу» туралы Заң қабылданғаны белгілі. Заң 2024 жылғы 1 қаңтардан қолданысқа енеді. Осыған байланысты 2024 жылдан қазақстандықтар саусақ ізі енгізілген жаңа төлқұжатқа ие болады.
Дактилоскопия терминінің мағынасына үңілетін болсақ ол гректің «daktilos» – саусақ және «skopeo» – қараймын, яғни, «саусақ қарау» деген сөзінен шыққан. Дактилоскопия адам қолы терісінің папиллярлық бедерлерінің қасиеттері мен сипаттарын, негізінен, қолдың саусақтарының іздерін табу, бекіту, алу және оған сәйкестендіру жасауды, яғни, кімдікі екендігін анықтауды зерттейді. Папиллярлық сызықтар бала анасының құрсағында жатқанда бес айлық кезеңінде пайда болып, өмір бойы өзгеріссіз сақталады.
Криминалистикалық тұрғыдан қарағанда олардың жекешелігі, салыстырмалы тұрақтылығы, бастапқы қалпына қайта келуі және қоршаған ортадағы заттарда із қалдыру мүмкіндігі папилляр сызықтарының негізгі қасиеттері. Папилляр сызықтарының қайталанбайтындығы әрбір адамның папиллярлық бедері тек сол адамға ғана тән екенін білдіреді және ол жақсы көрінетін белгілермен сипатталады. Папиллярлық бедерлердің екі адамда бірдей болуы түгіл бір адамның саусақтарында әр түрлі болатыны көп жылдық тәжірбиелермен қатар, математикалық есептеулермен дәлелденген.
Ғалымдар екі адамның саусақтарының папиллярлық бедерлерінің бір-бірімен сәйкес келу мүмкіндігі – ықтималдық теориясы бойынша 1:64 миллиардқа қатысындай екенін есептеп шығарған. Ал біздің планетамызда қазіргі кезде 8 миллиардтқа жуық адам бар екенін ескерсек, саусақ бедері бірдей екі адам мүлде кездеспейді деп сенімді түрде айтуға болады.
Папиллярлық өрнектердің жекешелігін (қайталанбайтындығын), өмір бойы өзгеріссіз сақталатындығын мемлекеттік ауқымда қолдану қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасы көлемінде жаппай дактилоскопиялық тіркеуді енгізу көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берер еді.
Дактилоскопиялық тiркеу адамның жеке басы туралы мәліметтерді – тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған күнiн және туған жерiн адам қолы саусақтарының папиллярлық өрнектерi бойынша анықтау мақсатында жүзеге асырылуы және пайдаланылуы қажет.
Мысалы, жаппай дактилоскопиялық тіркеуді хабар-ошарсыз жоғалған жеке тұлғаларды iздестiру, кім екені белгісіз мәйіттерден адамның жеке басын анықтау, денсаулық жағдайына немесе жасына байланысты өзi туралы деректер беруге қабiлетi жоқ жеке тұлғалардың жеке басын анықтау, қылмыстардың алдын алу, ашу мен тергеу, сондай-ақ әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың алдын алу және анықтау үшін қолдануға болады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын растау мәселелерiн шешу үшiн пайдалану, еліміздегі Президент және Парламент Мәжілісі депутаттығына сайлау кезінде сайлаушыларды сәйкестендіру сияқты мәселелерді шешуге қолдануға болады.
Оның пайдасы бір мұнымен шектеліп қалмайды. Лаңкестік актілер, авиациялық және жол-көлік оқиғалары сияқты төтенше жағдайлар немесе табиғи апат салдарынан есінен танғандардың, ақыл-есін жоғалтқандардың немесе өзі жайлы мәлімет беруге шамасы келмейтіндердің, қаза тапқан адамдардың аты-жөндерін, кім екенін анықтау үшін орталықтандырылған дактилоскопиялық және геномдық деректер қорының тигізер пайдасы зор.
Сондай-ақ, дактилоскопиялық базаны Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетел азаматтарының және азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын растау мәселелерiн шешу үшiн де пайдалануға болады.
Осы заңға сәйкес бірінші рет Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін алуға, сондай-ақ, оны қалпына келтіру, ауыстыру жағдайларында өтініш жасаған азаматтар, Қазақстан Республикасы теңізшісінің жеке куәлігін беру туралы шешім қабылданған ел азаматтары, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, ел аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, бірінші рет шетелдіктің Қазақстан Республикасы тұруға ықтиярхатын, азаматтығы жоқ адамның куәлігін, босқын куәлігін алуға немесе оны қалпына келтіруге, ауыстыруға өтініш жасаған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, жұмыс беруші – жеке тұлғаларда үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау мақсатында үй жұмыскерлері ретінде келген көшіп келушілер, ел шегінен шығарып жіберуге жататын не Қазақстан Республикасы ратификациялаған реадмиссия туралы халықаралық шарттардың күші қолданылатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, виза алу кезінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар міндетті дактилоскопиялық тіркеуге жатады.
Он екі жастан он алты жасқа дейінгі балалар Қазақстан Республикасы азаматының паспортын алу кезінде ерікті негізде дактилоскопиялық тіркеуге жатады. Ал он екі жасқа толмаған балалар дактилоскопиялық тіркеуге жатпайды. Дактилоскопиялауға мүмкіндік бермейтін дене кемістіктері, яғни, екі қолының саусақтары түгел болмаса, немесе, тырнақ фалангаларында папиллярлық бедерлері жоқ адамдар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасын кесіп өту кезінде дактилоскопиялық тіркеуден, дактилоскопиялық ақпарат бойынша жеке басын растау рәсімінен өтуден босатылады.
Дактилоскопиялық және геномдық ақпаратты заңнамалық негізде пайдалану, оның ішінде сәйкесінше есепке алу әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылатынын айту керек.
2004 жылдан әлемнің 118 елінде азаматтарды биометриялық тіркеу бойынша ұлттық жобалар енгізілуде. Олардың қатарында АҚШ, Австрия, Нидерланд, Норвегия, Германия, Бельгия, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Беларусь, Тәжікстан, Молдова және Өзбекстан сияқты мемлекеттер бар.
2009 жылдан Түркияда паспорт беру кезінде кезең-кезеңімен дактилоскопиялық тіркеулер жүзеге асырыла бастады. Мысалы Қытайда 2011 жылдан саусақ таңбалары жеке куәлікті алу кезінде алына басталып қазір бұл жұмыс толығымен аяқталған.
ТМД елдерінің ішінде – Ресей Федерациясы 1998 жылы «Дактилоскопиялық тіркеу туралы» заңды, ал 2008 жылы «Мемлекеттік геномдық тіркеу туралы» заңды қабылдаған бірінші ел. Қазіргі таңда осыған ұқсас заңдар Өзбекстанда, Тәжікстанда, Әзербайжанда, Молдовада және Беларусияда қолданылуда.
Жалпы, бүгінде 100-ден аса мемлекетте биометриялық тіркеу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кету керек, 2000 жылдары бұл бастама қоғамда және бұқаралық ақпарат құралдарында қызу талқыға түсіп, ол адам құқығына, жеке бас құпиясына қол сұғумен бірдей деген себептермен, депутаттар және халық тарапынан қарсылыққа ұшырап, сол кезде заң қабылданбай қалған болатын.
Міне, енді он алты жылдан кейін әлемде және қоғамда болып жатқан өзгерістер, сол кезде көтерілген мәселенің маңыздылығын тағы бір көрсетіп, осы заң жобасын қайта қарап, қабылдауға алып келді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, дактилоскопиялық және геномдық тіркеуді қолдану арқасында қылмыстарды ашу және танылмаған мәйіттің кім екенін анықтау жұмыстары өте жылдам жүргізіледі.
Жалпы, дактилоскопиялық базаны қолдану тұлғаны сәйкестендіруді жеңілдетеді және сайлау қорытындыларын сапырылыстыруға жол бермейді. Сондықтан, жеке бастың құқығы мен құпиялығын бұзады деген түсінік-пікірден өзгергеніміз дұрыс.
Біріншіден, бір адамның саусақ бедері мен екінші адамның саусақ бедері сәйкес келмейді. Сондықтан, біреумен шатастырып алады деп қорқудың еш қажеті жоқ.
Екіншіден, қылмыс жасаған адамды тез табуға да көмектеседі. Бірыңғай дерек қоры болғандықтан, оны анықтау да оңай. Қылмыстың азаюына да оң әсері болады.
Ал геномдық ақпарат дегеніміз адамның немесе танылмаған мәйіттің жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін оның дезоксирибонуклеин қышқылының (ДНК) белгілі бір фрагменттері туралы кодталған ақпараттар және дербес деректер.
Геномдық тіркеу – биологиялық материал мен геномдық ақпаратты жинау, өңдеу, қорғау, адамның жеке басын анықтау немесе растау мақсатында жүргізіледі. Геномдық тіркеуге қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша сотталғандар, тергеу барысында биологиялық материалы алынған тұлғасы анықталмаған адамдар, танылмаған мәйіттер жатқызылады. Хабарсыз кеткен азаматтардың туыстары геномдық ақпаратты олардың жазбаша келісімімен ерікті түрде тапсыратын болады.
Барлық ақпарат электронды құпияландырылған түрде бір ақпараттық базада сақталады. Бұл ақпараттарды қашан және қандай жағдайларда қолданылатыны заңмен нақты бекітіледі. Сол себепті де, азаматтардың жаппай дактилоскопиялық және геномдық тіркеуден өтуге түсіністікпен қарағандары жөн.
Қорыта келгенде, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті өрелі өркениет көшіне ілесіп, ақпараттық цифрлық технологиялар дәуіріне аяқ басты. Дүние жүзі ғылыми-техникалық даму бағытына бет бұрғанда, криминалистика ғылымының даму бағытының болашағын ескере отырып, біздің де үлкен көштен қалмағанымыз дұрыс.
Болат СӘРСЕМБАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің Жалпықұқықтық және арнайы пәндер кафедрасының доценті.