АймақҚарағанды

Жануарлар әлеміне жанашырлық керек

Облыс аумағында «Таза су қоймалары» экологиялық акциясы бастау алды. 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық шаруашылығы маңызындағы су айдындарын заңсыз орнатылған торлардан тазарту, сондай-ақ, жағалау аумақтарындағы тұрмыстық қалдықтар мен өзге де қоқыстарды жою мақсатында ауқымды тралдау жұмыстары ұйымдастырылады.

Сурет fishki.net

Аталған іс-шараға тек уәкілетті сала мамандары ғана емес, еріктілер, экологиялық белсенділер, жоғары оқу орындарының студенттері, жергілікті қоғамдастық өкілдері мен тиісті атқарушы органдардың қызметкерлері де белсенді түрде жұмылдырылмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингіне қатысқан спикерлер кеңірек мәлімдеді.

Анығында Қарағанды облысы аумағында жергілікті маңызы бар 177 және республикалық деңгейде бекітілген 2 балық шаруашылығы су айдыны тіркелген. Өткен жылы тазалық пен табиғатты қорғауға бағытталған акция барысында 246 заңсыз орнатылған ау, 64 ілмекті құрал-жабдық тәркіленіп, 65 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Аталған шаралар кешеніне барлығы 535 адам қатысқан. Сөйтіп, маңызды науқанның уақыты балықтардың уылдырық шашу кезеңімен сәйкес келеді. Сондықтан, биологиялық әртүрлілікті сақтау әрі балықтардың табиғи көбеюіне жағдай жасау мақсатында 15 сәуірден 30 маусымға дейін Қаныш Сәтбаев атындағы канал бойында балық аулауға толықтай тыйым салынған. Бұл шектеу тек кәсіптік қана емес, сонымен қатар, әуесқойлық және спорттық балық аулау түрлеріне де тікелей қатысты. Тормен аулауға, арқанмен алабұға, мөңке және арнайы белгіленген шортандардан басқа кез келген балық түрін аулауға рұқсат жоқ. Барлық балық шаруашылығы учаскелерінде бұл талап қатаң сақталуы тиіс.

Қарағанды облысындағы жергілікті маңызы бар су айдындарында уылдырық шашу және су жануарларының көбею кезеңінде – 20 сәуір мен 20 мамыр аралығында балық аулауға шектеу енгізіледі. Ал, сазан (тұқы) балығының уылдырық шашу мерзіміне байланысты 1 мамырдан 30 маусымға дейін көксерке аулауға тыйым салынады. Осы шаралар су айдындарындағы балық қорын сақтау және табиғи тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған.

– Барлық балық шаруашылығы маңызындағы су айдындарында уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға толықтай тыйым салынады. Яғни, шектеу кез келген аулау құралдарына, соның ішінде торлар, ілмектер, қармақтар және басқа да жабдықтарға қатысты. Сонымен қатар, уылдырық шашу орындарында қозғалтқышпен жабдықталған катерлердің, моторлы қайықтардың және өзге де жүзу құралдарының жүруіне қатаң тыйым енгізілді. Аталған талаптарды бұзған жағдайда әр азаматқа Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы негізінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бұл заң тармағы тәртіп бұзушыға құр айыппұл салумен шектелмей, кей жағдайда балық қорына келтірілген зиянкес әрекеті үшін материалдық шығынды өндіруді де көздейді. Егер келтірілген залал көлемі 100 айлық есептік көрсеткіштен асса, онда құқық бұзушыға Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 335-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік жүктеледі, – деді Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Бекзат Мақажанов.

Табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Нұра-Сарысу облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өңірлік полиция департаментімен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен, сондай-ақ, аңшылық алқабы және табиғи ресурстар басқармасымен тығыз ынтымақтастықта арнайы рейдтік шаралар ұйымдастыруда. Қазіргі уақытта «Уылдырық шашу» және «Браконьер» жедел профилактикалық акциялары аясында балық қорын заңсыз пайдаланудың жолын кесу, браконьерлік деректерінің алдын алу және су айдындарындағы экожүйені сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Салалық ведомство өкілдері облыс тұрғындарын жануарлар дүниесіне жауапкершілікпен қарауға, қоршаған ортаға ұқыпты көзқарас танытып, белсенді азаматтық ұстаным білдіруге шақырады. Табиғат қорғау заңнамасының бұзылуы байқалған жағдайда, азаматтардан бұл туралы құқық қорғау органдарына, балық шаруашылығы инспекциясына немесе өзге де уәкілетті мемлекеттік мекемелерге жедел түрде хабарлау сұралады.
Әр өзеннің ағысы, әр көлдің тұнығы, әр балықтың жүзген ізі – тіршілік тынысы. Осы үндестікті сақтау – тек инспектор мен экологтың емес, әр азаматтың борышы. Су айдындарының тыныштығы – ертеңгі күннің кепілі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button