Жанармай тапшылығының артында не тұр?
«Бензин бағасы қымбаттайды» деп естіген жұрттың жарғақ құлағы жастыққа тимей елегізуде. Әлеужелідегі әлеуметтің қызу пікірталасы бұл мәселені әр күннің бас тақырыбына айналдырып үлгергендей. Мәселенің мәнісі мынада. Ел көңілінде алаң тудырып, Үкімет басындағыларды тығырыққа тіреген жанар-жағармай тапшылығына жанармай бекеттерінің иелері кінәлі.
Себебі олар, «Үкіметтің шешімі бойынша 12 сәуірде бензин қымбаттайды» деген алыпқашпа ақпарды ести салысымен сатылымды кілт тоқтатқан көрінеді. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің сөзінше, қазір жеке мұнай базаларында дизель отыны көлемінің 73 пайызы жиналған. Ал, Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сатылымға шектеу қойған 152 жанармай құю бекеті анықталғанын айтты. Үкімет өңірдегі штабтарға тұрақты түрде рейдтер жүргізіп, жанармайды әдейі сатпай отырғандарды заңмен жауапқа тартуды тапсырды.
Шекарадағы ахуал да көңіл көншітпей тұр. Заңсыз бизнесті іске асырып жатқан әккілер көліктерге қосымша жанармай бактарын орнатып, тіпті, канистрмен тасып әкетіп жатқан жандар анықталды. Бұған жол бермеу үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында заңнамаға тиісті өзгерту енгізу қажет-ақ. Белгілі болғандай, өткен жылы Энергетика министрлігі шетелдік тасымалдаушылар үшін дифференциалды бағаны бекітті. Олар үшін дизель отыны 450 теңге болып, күніне бір көлікке 300 литр лимит енгізілген. Бірақ, кейбір азаматтар әлі де шектеу шараларын айналып өтуге түрлі жол табуда.
Бұған қарсы шаралар легі атқарылып жатқанымен, өкінішке қарай жылдам пайда табу мүмкіндігі бар жерде қашанда адами фактор ерекше роль атқарады. Сондықтан, экономикалық тұрғыдан осындай қызметпен айналысуға деген қызығушылықты төмендету міндеті тұр. Ал, бұл баға диспропорциясын төмендету арқылы ғана мүмкін болады.
Бүгінде шекара арқылы сыртқа мұнай өнімдерін тасымалдағандарға қатысты 300-ге жуық заңсыздық анықталды. Жыл басынан бері шекарадан шығарылмақ болған 90 мың тонна бензин мен дизель тәркіленді. Салдарынан Кеден бекеттерінде кептеліс көбейген. Қырғызстан азаматы Алтынбай бензин үшін Жамбыл жеріне күніне екі рет өтетінін жасырмайды. Ол өз елінде сұйық отынның әр литріне 100 теңге қосып сатады.
– Бізде Қырғызстанда бензин әзір қымбат. Бекеттерде АИ-92 бағасы – 51-52 сом, ал, Қазақстанда – 35 сом, бізге Қазақстаннан құйып шыққан жақсы, ыңғайлы. Машинаммен 100 литр алып кетем, шоң көлікпен жүргенімде 200 литр алып кетем, – дейді Қырғызстан азаматы.
Елімізде қаңтардан бастап, мұнай өнімдерін сыртқа тасымалдауға тыйым салу уақыты алты айға ұзартылған. Бірақ, соған қарамастан, сұйық отынды заңсыз алып өтушілерге қатысты 288 дерек анықталып, 90 мың тоннадан астам мұнай өнімі тәркіленген. Ал, апта басында Энергетика министрлігі сұйық отынның сыртқа сатылуы себебінен бензин бағасы 11 пайыз қымбаттайтынын хабарлады.
– Егер, біз шекарада тиісті бақылау орната алмасақ, бағаны көтерудің пайдасы жоқ. Алайда, қазіргі әлемдегі әрі елдегі экономикалық ахуалды ескере отырып, бағаны біртіндеп көтеру керек шығар. Мұндай төмен бағамен өмір сүру әрі нарыққа қарсы тұру мүмкін еместігі бесенеден белгілі. Қазіргі жағдайды алар болсақ, жанармай қымбаттауымен қоймай, тапшылығы қатар келді. Бұқара халыққа осы мәселені сауатты жеткізіп түсіндірген абзал. Себебі, бағаның өсуі халықтың наразылығын тудыруы мүмкін, – деп пікір білдірді қоғам белсендісі Эльмира Мәлікова.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz