ЖАМПОЗДАР АНЫҚТАЛДЫ

Құрбан айттың үшінші күні ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Жігіт сұлтаны-2016» облыстық байқауы Үштөбе мешітінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.

Байқауға ҚарМТУ, «Болашақ» университеттерінің студенттері, Бұқар жырау, Абай, Ақтоғай аудандарының жастары, Сұрыптау кенті, Қарағанды қаласы, Үштөбе ауылының жастары қатысты. Сан қырлы өнерлерімен танылған өрендерге облыс имамы Өмірзақ қажы Бекқожа, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай, Бұқар жырау ауданы имамы Аманбол Мұқаев, белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұлов, еркін күрестен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Серікбай Нұрмағамбетов, ұлттық дәрежедегі төреші Қырықбай Мүскінов қазылық етті. Бас жүлде Абай ауданынан келген Абылай Кәриновке бұйырып, «Жігіт сұлтаны» атанды. Ал екінші орынға ақтоғайлық Кайрат Иманбеков көтеріліп, «Жігіттің сырттаны» атанды. «Жігіттің сұңқары» атағын жаңаарқалық Ернат Бейсенбин иемденді. Барлық қатысушыларға сый-сияпат көрсетілді. Бас жүлдеге 50 мың теңге, екінші орынға 30 мың, үшінші орынға 20 мың, сондай-ақ, 10 мың теңгеден екі ынталандыру сыйлығы берілді. Ақын Дидар Қамиев жырдан шашу шашса, әншілер кешті әнмен көмкерді. Кешті Арқаның айтулы ақыны Тілеген Әділов жүргізді.

Төрехан МАЙБАС

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.