Теміртау

Жамбыл жыры – жанның нұры

Теміртау шаһарындағы Тұңғыш Президент атындағы тарихи-өлкетану орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыр алыбы Жамбыл ЖАБАЕВТЫҢ 175 жылдық мерейтойы аталып өтті. Шара аясында қала мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары һәм кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен «Жыр алыбы – Жамбыл» әдеби-танымдық кеші өткізілді.

Өскелең ұрпақты Отанын сүюге, білім-ғылымға, әдебиетке, өнерге баулуға және мемлекетшілдік рухта тәрбиелеуді мақсат еткен кештің шымылдығы жыр алыбы жайлы арнайы дайындалған бейнебаянмен ашылды.

Одан кейін сөз алған кітапхана қызметкерлері ғасыр жасап, ұрпаққа баға жетпес мол мұра қалдырған жырау жайлы тағылымды баяндамалар жасады. Теміртау қалалық №1 кітапхана филиалының қызметкері Ақмарал Шәкетованың «Жыр алыбы – Жамбыл» атты ғылыми баяндама-слайды жиналған жұртшылыққа даңқты ақынның өмір жолынан мол мағлұмат берсе, Нұрбану Байбатшаева «Қазақ жырының қазынасы» атты әдеби шолу жасады. Өз кезегінде мектептерден келген оқушылар да, тарихи тұлғаның таңдаулы өлеңдерін нақышына келтіре оқыды.

Туындылары тәлімге толы тұлғаның шығармашылық жолынан тағылым іздеп жүрген жастар да аз емес. Солардың бірі – Ғабиден Мұстафин атындағы №5 мектептің 11-сынып оқушысы Әлихан Ерғали. Ол Жамбыл бабасының жырларын жатқа айтып, өзі де суырыпсалма айтыс ақыны ретінде көпшіліктің көзіне түсіп, мақтанышына айналып келеді. Жастар арасында өткен республикалық дүбірлі додаларда топ жарып, өнерімен елді тәнті етіп жүрген талантты жас бұл кеште арнау айтып, жырдан шашу шашты.

Іс-шара соңында «Қазақтың Гомері» атанған жыр алыбы – Жамбыл Жабаев хақында ақын өлеңдері мен ғұмыр жолына байланысты тартымды баяндама жасаған, отты өлеңдерін оқыған барша қатысушыларға орталық атынан Алғыс хаттар табыс етілді. Ата-баба дәстүрі бойынша көпшілік жастарға теміртаулық ақсақал Айтжан Ысқақов жарқын болашақ тілеп, батасын берді.

Жәлел ШАЛҚАР.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button