Ресми

Жалпыұлттық келісім – кемелдену кепілі

Өткен жыл жаңа, әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бірқатар саяси оқиғалармен есте қалды. Оның ішіндегі ең маңыздысы – Қазақстан халқының жалпыхалықтық референдумда Конституциялық реформаны, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын мақұлдауы болды. Есепті кезеңде облыстың мемлекеттік органдарының ішкі саясат саласындағы барлық қызметі еліміздің саяси жүйесін жаңғырту жағдайында қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтауға және нығайтуға, халықпен, азаматтық қоғам институттарымен сындарлы диалог құруға бағытталды.

Бұл ретте, жұмыс саяси партиялардың алты филиалымен, 918 үкіметтік емес және 16 кәсіподақ ұйымымен, 62 этномәдени бірлестікпен бірге жүргізілді.

Облыс бойынша өңірдің үкіметтік емес секторымен бірлесе отырып, 198 әлеуметтік жоба, оның 13-і – ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. 9-ы – ұзақмерзімді жоба. Бұл әлеуметтік жобалар мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін шешуге, Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтары мен мәдени-тарихи мұрасын дамытуға бағытталды.

Ел Президенті жариялаған Балалар жылына ерекше назар аударылды. Осыған орай, облыс бойынша балаларға арналған шығармашылық, танымдық, спорттық, патриоттық, әлеуметтік және өзге де іс-шаралар өткізілді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл, Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл, Ғабиден Мұстафиннің туғанына 120 жыл, Талғат Бигелдиновтің туғанына 100 жыл, Күләш Бәйсейітованың туғанына 110 жыл, Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл сияқты айтулы даталарға арналған іс-шаралар кешені облыс тұрғындары арасында қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде, тарихи жадты сақтауда үлкен роль атқарды. Жалпы өткен жылы облыста 5 мыңнан астам түрлі әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өтті.

Мемлекет басшысының қазақстандықтардың саяси және экономикалық өміріндегі түбегейлі өзгерістерге бағытталған бірқатар экономикалық және саяси реформаларды белгілеп берген «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының негізгі аспектілерін халыққа түсіндіру жөнінде мақсатты жұмыс жүргізілді. Түрлі санаттағы тұрғындар арасында Жолдаудың тақырыбы бойынша түсіндіру және талқылау мақсатында 250 мыңнан астам адамды қамтыған түрлі форматтағы 2500-ден астам іс-шара өткізілді.

Ақпараттық жұмыс өңірдегі барлық республикалық және өңірлік БАҚ-пен, сонымен қатар, ақпараттық агенттіктермен бірлесе отырып жүзеге асырылды.

Облыста 95 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның 32-і – электронды, 63-і – баспа, 9-ы – ақпараттық агенттік. Есепті жылы олардың тарапынан ел Президентінің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын түсіндіру, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудағы атқарушы билік органдарының қызметін көрсету, өңірді дамыту және қарағандылықтардың өмір сүру деңгейін арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен ақпараттық қолдау көрсетілді.

Өңірлердің өзекті мәселелерін шешу бойынша халықты ақпараттандыру, сондай-ақ, ашық диалог құру мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік орган басшыларының 134 брифингі өткізілді. Әлеуметтік желідегі «Әкім сағаты» айдарымен өңір әкімдерінің онлайн-тікелей эфирлері тұрғындар арасында кеңінен танымал болып, 92 613 адамнан 29 111 сұрақ түсті.

Мемлекеттік рәміздерді насихаттау, дұрыс қолдану мен пайдалану жұмыстарына айрықша көңіл бөлінді. Осыған орай, мемлекеттік мекеме өкілдері үшін «Мемлекеттік рәміздерді насихаттаудың нысандары мен әдістері» тақырыбындағы семинарлар дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі.

Облыс әкімі жанындағы облыстық комиссия мүшелері мемлекеттік, квазимемлекеттік органдар мен жеке құрылымдарға мемлекеттік рәміздерді дұрыс пайдалану мәселелері бойынша 87 әдістемелік және консультативтік көмек көрсетті.

Қазақстанның саяси өміріндегі өзгерістер саяси партиялардың қызметін жандандыра түсті. Облыста саяси партиялардың алты филиалы – «Аманат», «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ХДПП, «Қазақстан халық партиясы», «ЖҰСДП», «Байтақ» партиялары жұмыс істейді. Олармен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп, консультативтік көмек көрсетілді.

 Облыс мәслихаттарына төрт партияның, атап айтқанда Аманат», «Ақ жол» ҚДП, «Ауыл» ХДПП, «Қазақстан халық партиясы» өкілдері қатысты. «Республика» партиясының филиалын тіркеу жұмыстары жүргізілуде.

Өңірдегі тұрақты қоғамдық-саяси жағдайды қалыптастыруда облыстың қоғамдық кеңесі белгілі бір роль атқарады. Кеңестің жаңа құрамы саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінен және белсенді өмірлік ұстанымы бар азаматтардан құралды. Өткен жылдың өзінде қоғамдық кеңестің 14 отырысы өткізіліп, онда облыс әкімі мен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуымен өңірдің өзекті мәселелері талқыланды.

Өңірдегі ұлтаралық қатынастарды нығайту мәселесі басқарма жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Мұнда этномәдени бірлестіктермен негізгі жұмыс Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы ұйымдастырылуда.

Бүгінде ҚХА құрылымында 155 Қоғамдық келісім, 129 Аналар кеңесі, 20 жастар этномәдени ұйымы, ғылыми-сараптамалық топ, журналистер мен сарапшылар клубы, «Ассамблея жастары» ӨҚБ өкілдігі, ҚХА кәсіпкерлер ассоциациясы, «Еріктілер лигасы» волонтерлік ұйымы және т.б. жұмыс істейді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық ақсақалдар кеңесі өз жұмысын бастады. Мұндай кеңестер облыстың қалалары мен аудандарында да құрылатын болады.

Облыстың төрт жетекші жоғары оқу орнының базасында ҚХА кафедралары ашылып, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында үш «Достық үйі» жұмыс істейді.

Есепті 2022 жылы ҚХА-ның барлық құрылымдарының қатысуымен 100 мыңға жуық адамды қамтыған әртүрлі форматтағы барлығы 400-ге жуық іс-шара («дөңгелек үстелдер», фестивальдер, байқаулар, оның ішінде онлайн-форматындағы іс-шаралар) өткізілді.

Мемлекет басшысының Жарлығын орындау мақсатында облыс әкімдігі жанынан саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия жұмыс істейді. Комиссия құрамына тарихшылар, ғалымдар, түрлі саладағы ғылым кандидаттары, мемлекеттік және арнайы органдардың өкілдері енгізілген. Бір жыл ішінде комиссия он мыңнан астам архивтік материалдарды қарап шығып, жинақ дайындады.

2023 жылы ел Президентінің бастамасымен еліміздегі жүйелі саяси қайта құрулар заңды жалғасын таппақ. Биыл 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы өтеді. Оның барысында Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады, 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал, аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді.

Партиялардың Мәжіліске өтуіне қойылатын шектеуді жетіден бес пайызға дейін қысқарту елді демократияландыру жолындағы маңызды қадам болды. Сондай-ақ, депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу заң жүзінде бекітілді.

Мұның бәрі мемлекеттің жалпы саяси құрылымына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде қарқынды және жан-жақты жаңару процесі жүріп жатыр. Бұл сайлау қоғамда болып жатқан өзгерістердің көрінісіне айналып, саяси жүйемізді одан әрі жаңғыртуға қуатты серпін береді.

Президент айқындап берген саяси реформаларға біртұтас, топтасқан күш ретінде қолдау көрсете отырып, жүзеге асыру алдымызда тұрған айқын мақсаттардың бастысы болмақ.

Нұрлан БИКЕНОВ,

облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button