Білім

Жақыныңызға кітап сыйлаңыз

Ұрпақ тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана баласының болашағын ойласа кітапханаға әкелуі тиіс. Кітаппен сусындаған баланың ойы ұшқыр, сөздік қоры мол, мәдениет пен әдебиеттен хабардар, жанжақты болып қалыптасады.

Кітап – таусылмас асыл қазына. Сіз бір адамға кітап сыйлау арқылы ол адамның бойындағы мәдени құндылығын оятасыз. Әсіресе, балаларға ата-аналары кітап сыйласа, ол сарқылмас бақыт. Бұл – отбасылық педагогика.

Кітапқұмарлар ортасын қалыптастыруды өзімізден бастаған дұрыс. Балаңызға сыйлаған кітабыңыздың жасалу жолы жайлы, оның мазмұны жағынан әртүрлі болатындығын, қағазы мен мұқабасы да, безендірілуі де баланың жас ерекшелігіне қарай жасалғанын толық түсіндіріңіз. Кішкентай кезінен осындай құнды сыйлыққа көзі үйренген бала, өсе келе өзі-ақ сол дәстүрдің жалғастырушысы болатыны анық.

Кітап – өмір айнасы. Кітап – замана сыры, яғни біздің қоғамда болып жатқан түрлі көкейкесті мәселелерді қозғаушы күш. Өткенімізден сыр шертетін тарих шежіресі.

Қазіргі таңда кітап дүкендерімен қоса баспалар да жетерлік. Бірақ, санына емес сапасына назар аударған жөн. Біз сапалы кітаптар легін кітапханалар арқылы ұсынамыз.

Қазіргі балалардың ойлау деңгейі де ұшқыр. Талабы таудай ұрпағымыздың тамырына балта шаппай, дұрыс жолға жетелеп, дұрыс бағыт-бағдар беру керек. Ұрпақ тәрбиелеуде осы бір ұстанымды мақсат етіп қойған ата-аналарымыз бар дегенмен, әлі де болса аздық етеді.

Балаларын кітапханаға жетелеп жүрген қаншама ата-аналарды көзіміз көріп жүр. Біздің кітапханада ата-аналарымен бірге кітап оқитын тұрақты оқырмандар саны көп. Бала санасына кітап пен кітапхананың құндылығын сіңіріп келе жатқан оқырмандарымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Отбасылық педагогикадан кітапхана педагогикасына ойысар болсақ, оқу теориясы мен оқу мәдениетін тәрбиелеу мәселесінде, сондай-ақ оқырман мен кітапханашының өзара қарым-қатынасында кітапхана педагогикасының алар орны ерекше.

Соның бір айғағы ретінде жазушылармен кездесуді айтар едім. Бүгінгі күнге дейін кітапханаға келіп өздерінің қолтаңбасын қалдырған жазушылар саны жыл санап артуда. Бұл ретте кітапханашының рөлі орасан зор. Әр қаламгермен кездесу барысында үлкен зерттеу жұмыстарының жүргізілетіні анық. Ал, кітапханашы үшін бұл – таптырмас қазынаның кілті. Қазақ балалар әдебиетінің іргесін қалап, керегесін кеңейтіп жүрген қаламгерлердің біршамасымен сұхбаттасу барысында керемет әсер алдық. М.Қаназ, М.Айымбетов, Б.Қошым-Ноғай, сонымен қоса таяуда ғана кітапханамыздың 70 жылдық мерейтойы аясында өткен «Балалар кітапханасы: идеялар кеңістігі» Халықаралық форумының қатысушылары Н.Ақыш және С.Хасан сынды қаламгерлермен өткізген сүбелі әңгімелер оқырман жадында мәңгі қалды. Жеке тұлға ретінде қоғамдағы орындары ерекше болғанымен өте қарапайым, жүректері сондай таза, баламен балаша тілдесіп, бала жанының нәзік сырына үңіле білген, тап-таза балалар әлемінің бағбандары.

Осындай кітапсүйгіш қауымның ортасында, балалар әдебиетінің сапалы қорымен толығып отыратын кітапханаға барып өскен баланың кітап оқуға ынтасы арта түсетіні сөзсіз. Сондықтан, әр балаңыздың туған күніне, белгілі бір мерекеге орай жанұя мүшелеріне кітап сыйлауды өз алдыңызға мақсат етіп қойыңыз. «Кітаппен кеңес, білімдімен теңес» деген бар. Бұл – балаңызға пайдалы.

Кенжегүл ҚҰРМАНБЕКОВА,
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button