Бас тақырып

Жағымсыз иіс, жалтарма жауап

Қарағандылықтар ыстық судың жағымсыз иісін айта-айта шаршаған. Жылыту маусымы басталғаннан дабыл қағып, әр мекеменің есігін қаққанымен, одан шыққан нәтиже болса, кәне?! «Айтсам, дауысым жетер ме?» деген газет ұжымы да әр жыл сайын осы тақырыпты қозғаудан жалықпай келеді. Амал нешік?! Алтайын айта-айта қартайған Жамал апайдың күйін кешіп, төзіп емес, көніп болған сыңайлы. Біз де, тұрғындар да…

Су демекші, қарағандылықтар үшін ыстық судың өзі – жарты бақыт. Жаз келсе, ыстық судан қағылып, қиналып қалады. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Теплотранзит» компаниясы жылу құбырларын жөндеу жұмыстарына байланысты жыл сайын ыстық суды тоқтатуды әдетке айналдырған. Содан, жылу берілгенге дейін ыстық судың шүмегі ішегін тартады да тұрады. Оған да көніп еді, жылу беру басталғанда ыстық сумен бірге үйге қуаныш емес, қолқаны қапқан иіс қоса келеді.

Сасық судың зардабын, әсіресе Қазыбек би ауданы тұрғындары көруде. Ашып қалса, үйдің ішін ала жөнелетін жағымсыз иіс Октябрь ауданын әзірше айналып өтіп тұр. Қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі Язев көшесінің тұрғыны Гүлден Әбеуова ыстық судың шүмегін ашуға жүрексінетінін айтады. Себебі, оның жағымсыз иісінен кейін, үйді желдетуге тура келеді.

– Ыстық суға аз ақша төлемейміз, пайдаланғанымызға қарай әр түрлі, 4 мың теңгеге дейін барады. Жағымсыз иісі үшін титан қойып алуға болар еді, оған электр энергиясының ақшасы шарықтап жөнеледі. Ыдыс-аяқты жууға жүрегіміз дауаламай, жуынуға ғана пайдалануға мәжбүрміз. Ал, балаларды су жылытып жуындырамыз, – дейді ол.

Ал, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС желіге толтырылатын су химиялық тазалаудан өтетінін айтады. Оның үстіне, су ашық жүйеден алынатындықтан, аталмыш мекеменің өндірістік зертханасы химиялық және органолептикалық көрсеткіштер бойынша желідегі судың сапасына бақылау да тұрақты.

Әнуар СЕЙДРАХЫМ, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС баспасөз хатшысы:

Жылу желілерін жуу және термиялық дезинфекциялау жыл сайын жылыту маусымы басталар алдында жүргізіледі. Сондай-ақ, екі жылда бір рет ең жоғары температура мен ұзақ мерзімге шыдамдылығына сынақтар жүргізу арқылы жылу желілерін термиялық санациялау өткізіледі. Жұмыстың сапасын бақылауды аккредиттелген тәуелсіз зертхана жүргізеді.

 Ауылдық жер емес, облыс орталығында болған соң, әрине, күнделікті тіршілікке қажетті қолайлылықтардың болғанын қалайтынымыз анық. Оның үстіне, тегін келіп жатқан ағыл-тегіл дүние емес. Ыстық судың 1 текше метріне 334 теңгеден шаққанда, орташа есеппен 3000 теңге. Қаражатын жағымсыз иісі бар суға жұмсаған тұрғындар наразылығы қисынды-ақ.

Айтпақшы, ай сайын судың сапасын Қарағанды қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті де қатаң қадағалауына алған. Жылыту маусымы басталғалы әр ай сайын ыстық судың сынамасын алатын аталмыш департаменттің Қазыбек би және Октябрь ауданы бойынша басқармалары да тұрғындарға қауіпсіз судың жеткізілуіне мүдделі.

– Ыстық су орталықтандырылған жылу жүйесінен беріледі. 2019 жылдың 1 қазанынан 30 қарашасы аралығында барлық араластыру тораптарында ыстық су сынамалары алынды. Майқұдық тоғанының сорғы станциясындағы, Қарағанды-Сұрыптау №10 сорғы станциясындағы, №117 Майқұдық араластыру торабындағы ыстық судың сапасы санитарлық талаптарға сәйкес, – дейді Октябрь ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Сабыржан Қырғызалин.

Ал, Қазыбек би ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мәліметінше, қазан және қараша айларындағы №2, 4, 5, 7 сорғы станцияларындағы сынамалар санитарлық талаптарға сәйкес келмейді. Органолептикалық қосылыстар мен темір құрамы бойынша нормадан жоғары. Мәселен, органолептикалық көрсеткіш норма бойынша 1,5 мг/дм3 болуы керек болса, 1,75-2,25 мг/дм3, болса, темір құрамы 0,43-0,5 мг/дм3, яғни, нормадан жоғары.

«Теплотранзит» ЖШС мамандары ыстық су тұрмыстық қажеттілікке ғана тұтынылатындықтан, оның құрамындағы болмашы ауытқулардың ешқандай зияны жоқ дейді. Жағымсыз иіс тұтынушылардың жылыту құрылғыларының, атап айтқанда, көпқабатты үйлердің астындағы жылу құбырлары тозып кеткенінен екенін айтады. Тіпті, үйішілік жылумен жабдықтау жүйелеріндегі шөгінділер мен желідегі судың жоғары температурасында пайдалануға жарамсыз полимерлік құбырларды қолдану да судың жағымсыз иісіне себеп дейді.

Қалай болғанда да, қарағандылықтар «…тұз сасыса не себеміздің?» кебін киіп, күлімсі иісті сумен жуынып, жауапты тұлғалардың жалтарма жауабына «шайынып» жүр.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button