Теміртау

«Жақсылық – жан семіртеді»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тапсырмасымен қолға алынған ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 қайырымдылық іс» атты жалпыұлттық қайырымдылық марафоны аясында Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихимәдени орталығында «Арман» спорт клубының қолдауымен «Спорт – денсаулық кепілі» атты шағын турнир өткізілді. Оған металлургтер шаһарындағы «SOS» балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты.

Шара жасөспірімдердің Отаны мен туған жеріне, ел-жұртына деген сүйіспеншілігін арттыру және жетістікке жету қызығушылығын дамытуға тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған. Аталған спорттық турнирде балаларға дойбы мен қол күрестірудің әдіс-тәсілдері үйретіліп, оны іс-жүзінде көрсету арқылы санасезімі мен күш-жігерін арттыруға және балаларға бір сәт болса да жақсылық жасау арқылы қуаныш сыйлауға баса назар аударылды.

– «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» демекші, мемлекет пен кәсіпкерлердің, еріктілердің, меценаттардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтардың серіктестігі мен ынтымақтастығы осындай шараларда беки түседі. Халық арасындағы жомарттық пен мейірімділік идеясын кеңінен насихаттап, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің жүрегіне жылу сыйлап, оларды қоғамға бейімдеуге ықпал етеді, – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі, орталықтың экскурсия жетекшісі Қуаныш Тыныбекұлы.

Шара барысында демеуші «Арман» бокс клубының жетекшісі Арман Шалкенбаев «SOS» балалар ауылының тәрбиеленушілеріне спорттық жабдықтар мен көптеген тәттілерді сыйға тартты.

Турнир соңында жүлделі орын алған балалар және іс-шараға қолдау көрсеткен тұлғалар Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хатымен марапатталды. «Жақсылық – жан семіртеді» дегендей, мүмкіндігімізше мейірімге мұқтаж балаларға қамқорлық танытып, аялы алақанымен арқасынан қағып, сауабы мол іске атсалысу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Жәлел ШАЛҚАР.

Теміртау қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button