Жаңашылдық – табыс формуласы

  Білімнің салтанат құруы – Елбасының алға қойған мақсаттарының бірі. Ал, бағдарлама жасау саласындағы әлем алпауыттары ұсынар жаңалықтарды пайдалана отырып, мұғалімнің жұмысын жеңілдету, оқушылардың қызығушылығын арттыру, уақытты ұтымды пайдалану – білім саласын ілгері жылжытудың оңтайлы мүмкіндігі. Осы орайда, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Microsoft» компаниясы ұсынған «Sway»  презентация жасауға арналған қосымшасын алғашқылардың бірі болып пайдаланып, мұғалімдер арасында «Smart-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» атты республикалық байқау өткізді.

Республикалық байқауды өткізу педагогикалық ғылым мен практиканың, цифрлық технологиялар жүйесіндегі жетістіктердің бірігуіне, білім жүйесіндегі инновациялық қызметтің нысаналы дамуына, педагогтардың АКТ-құзыреттілігі мен компьютерлік сауаттылығын, ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Байқауды ұйымдастырушылар – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы мен «Microsoft Kazakhstan».

Бірінші кезеңнен іріктелген мұғалімдер «Microsoft Kazakhstan» порталында міндетті, ақысыз түрде қашықтықтан оқу арқылы ақпараттық-коммуникативтік дағдыларын дамытса, облыстық, үшінші кезеңде аталмыш бағдарлама арқылы жасалған өздерінің жобаларын қорғады. Яғни, байқауға қатысу үшін дайындалған жұмыстарын Microsoft компаниясының порталында жүктеп, «Sway» қосымшасында таныстырылымдарын көрсетеді. Облыстық кезеңнен өткен жеңімпаздардың жұмыстарында қолданылған ақпараттық-коммуникациялық технологияларға «Microsoft» өкілдері баға беретін болады.

Рымкүл ЖЕТКЕНБАЕВА, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директорының орынбасары:

– Байқаудың мақсаты – технологияны қолдану арқылы озық педагогикалық технологияны тарату, мұғалімнің білім беру ресурстарын жасау, сол арқылы оқушы тұлғасын дамыту. Байқау Қазақстанның 17 өңірінде өткізілуде. Жеңімпаз атанғандар Алматы қаласында облысымыздың беделін қорғайды.

«Sway» қосымшасына байқауға қатысқан мұғалімдер де риза. Ең бастысы – уақытты тиімді пайдалануға мүмкінік береді екен.

Оқушылар да тақырып бойынша өздерінің жобаларын жасау кезінде бұрынғы «PowerPoint» қосымшасына қарағанда, аталмыш қосымшаны пайдалануға мүдделі.

Облыстық кезеңде жеңімпаз атанған Жезқазған қаласының №8 қазақ гимназиясының физика пәні мұғалімі Асан Жанұл мен Қарағанды қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжінің математика пәні мұғалімі Елена Свердлова Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде бақтарын сынайды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.