Жаңару жолында

    Жаңаарқа ауданында Тәуелсіздіктің 25 жылдығын жоғары дәрежеде атап өтудің кешенді жоспары әзірленіп, Тәуелсіздік күнін аудан халқы үлкен қуанышпен күтуде.

     Биылғы жылдың басы ауданымыз үшін, әсіресе, ауыл тұрғындары үшін айтарлықтай жағымды жаңалықтарға толы болды. Ауыл тұрғындарының игілігіне жарап, қажетін ашатын екі бірдей жаңа нысан бір күнде ашылған болатын.

     Біріншісі – Ералиев ауылдық округіндегі қоғамдық монша. Аудан әкімдігі мен «Сарыарқа Energy» ЖШС арасындағы әлеуметтік әріптестіктің арқасында аталған компанияның демеушілігінен 36,0 млн. теңге қаражат бөлініп, мердігер «Жаңаарқа-жылу» мекемесі қоғамдық монша салып берді.

     Ел игілігіне ұсынылған тағы бір нысан – Түгіскен ауылдық округіндегі спорт кешені. Кешенді Түгіскен ауылының тұрғыны, «Мақсат» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Көпбаев өзінің қаражатына салдыртып, ауданның коммуналдық меншігіне қолданысқа берді.

     Биылғы жаңа оқу жылында аудан орталығынан 3 шақырым жерде орналасқан М.Жұмажанов атындағы ауылдық округінде көп жылдан бері апаттық жағдайда тұрған ескі мектептің орнына облыс басшылығының қолдауымен, облыстық бюджет есебінен салынған мектеп қолданысқа берілді. Жаңа білім ошағында 19 оқу сыныбы, оның үшеуі мультимедиялық, сонымен қатар, спорт және оқу залдары, кітапхана, асхана, медициналық кабинет бар. Жарық әрі жайлы сыныптар отандық өндірістің барлық қажетті жиhазымен жабдықталған. Мектеп ауласында үлкен спорт алаңы бар. Білім ордасының ауласы толығымен заманауи үлгіде абаттандырылған.

      Бидайық ауылдық округінің орталық көшесінде «Жасталап» шаруа қожалығының жетекшісі Шайс Баязитованың демеушілігімен ҚР Мемлекеттік рәміздері орнатылған «Тәуелсіздік алаңы» атты постамент қойылды.

      Таяуда Байдалы би ауылдық округінде мемлекеттік бағдарлама арқылы салынған «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» демалыс орны салтанатты түрде ашылды.

      Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ералиев ауылдық округінде жаңадан тұрғызылған дәрігерлік-отбасылық амбулатория жақында қолданысқа беріледі.

     Аудан орталығында биыл «Өңірлерді дамытудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында екі 8 пәтерлі үйге жөндеу жұмыстары жасалды.

      Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында ұлттық қордан бөлінген 33 млн. 473 мың теңгеге Атасу кентінің №6 локалдық жылу қазандығына қосымша қазандықтар қойылып, күш-қуаты көбейтіліп, 626 метр жылу желісі тартылды. Аудан орталығындағы С.Сейфуллин даңғылында ораласқан бес көп қабатты үй 1990 жылдан бастап жылу желісінен ажыратылып, қазақи пешпен жылынып тұрған болатын. Қазіргі таңда аталмыш тұрғын үйлерге жылу желісін орнату жұмыстары жүргізілуде және жақында бұл үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне толық қосылатын болады.

     Тағы осындай бағдарлама аясында бөлінген 33 млн. 672 мың теңгеге Атасу кентінің Сарысу, Орманбаева көшелерінің су желілеріне, Тәуелсіздік, А.Сейдімбек және С.Сейфуллин көшелерінің кәріз су желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 19 млн. 613 мың теңгеге Ералиев ауылының Шығыс, Төребұтақ, Мектеп көшелеріне су желілері тартылды. Сондай-ақ, аудандық бюджеттен бөлінген 4 млн. теңге қаражатқа Ақшағат елді мекеніне су ұңғымасы қазылып, аталмыш елді мекендегі барлық 11 тұрғын үй алдағы уақытта ауыз сумен толық қамтамасыз етілетін болады.

     Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен бөлінген 45 млн. 665 мың теңгеге Ералиев ауылына кіреберіс 10 шақырым аудандық маңызы бар автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жасалды және 10 млн.теңгеге Атасу кентінің ішкі жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

    Ал, аудандық бюджеттен бөлінген 17 млн 38 мың теңгеге «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Атасу кентінің Б.Мұхаметжан көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жасалып, Байдалы би ауылдық округі, Атасу елді мекенінің және Ақтүбек елді мекенінің кіребіріс жолдары жөнделсе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасымен Атасу кенті ішкі жолдарының орташа жөндеу жұмыстарына 25 млн. 744 мың теңге бөлініп, толығымен игерілді.

     Сондай-ақ, «Агробизнес – 2020» бағдарламаларының негізінде, «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша «шебер-жоспар» жасалынып, «Құлан» бағдарламасы бойынша 433 жылқы алынып, жоспар 79 пайызға орындалса, «Алтын асық» 326 қой алынып, жоспар 103 пайызға, «Сыбаға» бойынша 665 сиыр алынып, жоспар 128 пайызға орындалып отыр.

     «Батыр ауылы», «Рамазан», «Мирас» шаруа қожалықтары бірігу арқылы ет өндіру бойынша, «Жанболат», «Ақсан» шаруашылықтары мен «Шынболат», «Мүбарак» жеке кәсіпкерлердің бірігуі арқылы ет өндіру және өңдеу бойынша ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтері құрылып отыр. Жыл аяғына дейін аудан бойынша 1 ауыл шаруашылығы кооперативін құру, 2 сүт қабылдау пунктін ашу, 5,10,15 басқа арналған 27 отбасылық мал бордақылау алаңын құру, сүт таситын 1 автокөлік пен 2 рефрижератор алу және 1 кормоцех ашу жоспарланып отыр.

     Аудан бойынша бүгінгі күнге «Береке» бағдарламасының аясында ауданымыздың 7 тұрғыны «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы несие алып, отбасылық бордақылау алаңын ашып отыр. Сонымен қатар, «Игілік» бағдарламасының негізінде 14 жеке тұлға жылқы және сиыр малын өсіру үшін 42,6 млн.теңге несие алды.

      Тәуелсіздіктің Ұлы күніне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар да өз деңгейінде ұйымдастырылуда.

Индира АСАМИДАНОВА,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.