Жаңартылған бағдарлама – уақыт талабы

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтып өткендей, білімнің салтанат құруы – жалпыға ортақ дүние болып саналады. Бұл ретте, ұзақ жыл қызмет етіп келе жатқан ұстаздар мен жас буын мамандардың білімін жетілдіруде «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалының қосар үлесі орасан.

Бұл Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты өңіріміздегі педагог мамандарды заман талабына сай білім нәрімен сусындатып, заманауи, жаңаша көзқарастағы, жаңаша оқыту әдіс-тәсілдерін меңгерген ұстаздарды қайта даярлауда. Соған сай курстар өткізілуде.

Мәселен, кафедраның аға оқытушысы Жұлдыз Сәбит орыс тілі және әдебиеті пәндері бойынша 35 мұғалімнен құрылған топқа дәріс беріп, тәжірибемізді толықтыруға зор үлесін қосуда. Жас та болса өз ісінің һас шебері, білімді де білікті оқытушы – қазіргі орыс тілі және орыс әдебиеті сабақтарын жоспарлауда, уақыт талабына сай топтық, жұптық жұмыстарда кездесетін мәселелерді шешуде барынша ықпал етеді.

Курстың негізгі мақсаты – жаңартылған білім беру бағдарламасына өту арқылы, жаңа әдістерді, стратегияны қолдануды, оқытудың спиральдік моделін, ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді бағдарламаларды жоспарлауға бейімдеу. Сонымен қатар, нәтижеге жетуді жаңаша бағалауға жетелеу.

Бүгінгі жас ұрпаққа білім беруде ұстаз еңбегі – өлшеусіз. Сондықтан, әр білім ошағында мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құруға, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа жүйеге талпынуға, жаңа қарым-қатынасқа өтуге қажеттілік туындайды. Ендеше, жаһандану дәуіріндегі сабақ үдерісінде жаңа инновациялық технологияларды қолдана отырып сабақ өткізу – оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз. Елімізде дүниежүзілік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында білім берудің жаңа жүйесі құрылуда. Білім беруді дамыту негізінде жалпы оқыту үрдісіне жүктеліп отырған жаңаша талап, міндеттер мектеп мұғалімдеріне де қойылуда. Сондықтан, мұғалімнің іс-әрекетін жаңа талап тұрғысынан ұйымдастыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады.

Президент бір сөзінде «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген еді. Олай болса, оқытудың жаңа технологиясын тиімді пайдаланып, еліміздің жарқын болашағы саналатын жастарымызға білім нәрін себу – бүгінгі ұстаздар мойнындағы парыз болмақ.

Алма ҚАБЫЛДАҚЫЗЫ,

65 ЖОББМ-нің мұғалімі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.