Жаңа оқу жылы: екі мектеп ашылады

1 қыркүйек күні облыста жаңа екі мектеп ашылады. Оның бірі Қарағандыдағы Панель-орталық шағын ауданындағы 1200 орынға арналып салынған мектеп болса, екіншісі – Теміртау қаласындағы 600 оқушыға арналған білім ошағы. Дүйсенбіде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен өткен аппарат кеңесінде осы және өзге де білім беру мекемелерінің алдағы оқу жылына дайындық барысы пысықталды. Сондай-ақ, жиында қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқан құрылысшылар марапатталды.

Аймақ басшысы өз кезегінде биылғы оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс Ұлытау ауданына қарасты Бетбұлақ (Алғабас) ауылындағы мектептің құрылыс жұмыстарына тоқталды.

Мектептерді жөндеу дайындығына келер болсақ, барлық жұмыстарды 25 тамызға дейін аяқтауды тапсырамын. Жұмыстар дер кезінде орындалмаса ауыл, қала және аудан әкімдері жазаланатын болады, – деді аймақ басшысы.

Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуді тапсырған аймақ басшысы, дер кезінде игерілмеген қаржыға байланысты сот талқылауына түсіп, құрылысы тоқтап тұрған Ұлытау ауданындағы мектептің жұмыстарын қалдағалауды тапсырды.

Кеңесте жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарының барысына тоқталған облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев, қазіргі таңда облыста 186 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтты. Олардың ішінде 143 мектеп, 18 балабақша, 6 интернат және 3 колледж бар. Бүгінде 38 нысандағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал, орталық жылу жүйесіне қосылмаған мектептер 15-ші қыркүйекке дейін көмірмен толық қамтамасыз етілмек. Қазіргі таңда қысқы көмір қоры 62,5 мың тоннаны құрайды.

Биыл облыстағы бірінші сынып оқушылары оқулықтармен толық қамтамасыз етіледі. Ал 4-ші, 9-шы және 10-шы сынып оқушылары жаңартылған оқу құралдарын алады. Оған қоса, 1-ші және 4-ші сынып оқушыларына барлық пәндер бойынша жұмыс дәптерлері, 2-ші және 3-ші сынып оқушыларына ағылшын тілі мен өзін-өзі тану бойынша жұмыс дәптерлері беріледі. Пилоттық мектептердің оқушылары информатика, химия, физика және биология пәндері бойынша екі тілде жазылған оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Кітаптар мен жұмыс дәптерлері аймаққа кесте бойынша жеткізілуде, – деді Есенғазы Иманғалиев.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста 509 мектеп және 540 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Білім беру мекемелеріне 260 педагог жетіспейді. Оның ішінде, атап айтсақ, Қарағандыға – 48, Теміртауға – 32, Бұқар жырау ауданына –38 және Жезқазғанға – 26 педагог маман керек.

***

Жиын қорытындысында аймақ басшысы Арыс қаласын қалпына келтіруге қатысқан құрылысшыларды марапаттап, биылғы жаздың еліміз үшін, әсіресе Арыс тұрғындары үшін ауыр болғанын тілге тиек етті.

Қайғы ескертусіз келеді. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары алғашқы күннен бастап арыстықтарға қолдау көрсетті. Күрделі климаттық жағдайларда демалыссыз жұмыс істеді. Бізге 519 пәтер және 72 үй бекітілген болатын. Бұл іске 400-ге жуық адам қатысып, барлық жұмыстар уақытынан бұрын аяқталды. Осыған байланысты барлық құрылысшыларға, құтқарушыларға, дәрігерлер мен психологтарға, әкімдік қызметкерлеріне, әкімдерге және олардың орынбасарларына сапалы жұмыс үшін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі атынан алғыс білдіремін, – деді Ерлан Жақанұлы.

***

Сондай-ақ, облыс әкімі аумақтарды тазалау үшін алғаш рет мониторингтік спутниктік технологиялар қолданылғанын мәлімдеп, аймақ тұрғындарына «Бірге – таза Қазақстан!» акциясына қатысқандары үшін алғыс білдірді.

– Эко-сенбіліктерге қатысқандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Бұл жолы біз алғаш рет жер серіктердің көмегімен қоқыс үйінділерін анықтадық. Облыстың барлық өңірлері акцияны қолдады, деді облыс әкімі.

«Қоқысты уақытында шығаруға байланысты проблемалардың бірі мердігерде кадрлардың жетіспеушілігі» екенін атады Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. Қазір біз фирмамен кадр тапшылығын төмендету үшін жалақыны көтеру жөнінде келіссөздер жүргізудеміз. Бұл жолы бес жаңа техника шығарылды, бірақ бұл аз. Ал ауқымды емес қоқыстарды шығаруға келер болсақ, қазір бұл қызмет қала тұрғындары үшін белгіленген тарифке кірмейді. Сондықтан, біз қалалық мәслихат сессиясында қаланың әр ауданындағы құрылыс қоқыстарын шығару үшін фирмалардың шығындарын өтейтін қосымша соманы бекіттік, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Аймақ басшысы жиында аталған мәселелерді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сонымен қатар, облыстың барлық қалалары мен аудандарында жасыл желектерді күтіп, баптау қажеттігін тілге тиек етті.

Аяулым СОВЕТ,

«Орталық Қазақстан»