Рухани жаңғыру

Жаңа әліпби – жаңа заң

         Елбасының Қазақ тілінің әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жөніндегі Жарлығы гуманитарлық ғылымдарда жаңа саналық бағыт-бағдар таңдауды ұсынып отырған соң әңгіме құқықтық лингвистика, заң тілі һақында болмақ.

Табиғи тілдің ең әуелгі пішіні – дыбыс, ал графика – туынды пішін, сол себепті, алғы әліпбиді жасаушылар дыбыстың айтылуын тікелей бей­нелейтін, сингармонизм заңына бейімделген таңбаларды қолдануға ұм­тыл­ған.

Әрине, жазылу мен айтылу нормаларын бір-бірінен алшақ кетірмей, үндестіре, үйлестіре реттеп тұратын жүйе, ортақ заң болған соң мән-мағынасы бір, түр-тұлғасы ұқсас терминдердің пайда болуы орынды.

Термин – ғылымның арнайы саласындағы ұғымды білдіретін сөз, сөз тіркесі екені аян, ал барлық ұғымның қайнар көзі – Абай айтқан ақыл бірлігі.

Бүкіл адамзатқа тән ақыл бірлігін жете көре білген Шоқан Уәлиханов өзінің 1864 жылы патшалық әкімшілік атына жазған «Сот реформасы туралы» еңбегінде әр ұлтқа әлемдік ғылымға қол жеткізу үшін күресу қажеттігін ескерткен еді. Бұл майданда ғалым болашақ ұрпаққа ұлттық мәдениетті басқа мәдениеттермен салыстыра отырып зерттеуді тапсырған.

Оның пайымдауынша, қазақ хал­қының поэзияға тұнып тұрған аса бай эпостық әдебиетінің үлгілері шығыстық шығармалардан гөрі үнді-германдық эпостарға етене жақын.

Ғалымның бұл көшелі пікірі адамзаттың мәдениетаралық байланысының ертеден келе жатқан үрдісі еке­нін әдебиеттер үлгісінің ұқсастығы арқылы көрсетуі заңды болып табылады.

Барлық ұлт пен ұлыс мәдениетіне бастапқы заң нормаларын ауызша өлеңдетіп айту әдеті тән, мұндай салт-сана ежелден өсіп-өрбіген, өйткені, адам баласының өмірдегі қызығы мен күйігі – бәрі өлеңде тұр.

Аталған құқықтық-лингвистикалық дәстүрді Абай өте әдемі жеткізген:  «Бұрынғы жақсылардан өрнек қал­ған, Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара».

Ғұлама Абайдың сөзі де мән­-мағынасы мәңгі тозбайтын рухани құндылықтарға жататын  құқықтық нор­маларды қазақ ауыз әдебиетінен, эпос пен поэзиядан іздеп табу мүм­кіндігіне меңзейді.

Философ А.Нысанбаев сенім мен сезімді, сананы толық қамтитын далалық «құқықтық нормалар ер­теде үстемдік еткен тәңірлік діннің негізінде қалыптасқан» дейді. Абай да «бұрынғы жақсылардан өрнек қал­ған» деп сол кезеңнің ойшыл заңгерлеріне сілтеме жасауда.

Абай ойымен американдық зерттеуші Гарольд Дж.Берманның пікірі де сабақтасуда: «Герман құқығындағы драмалық және поэтикалық эле­менттерді байырғы заңгерлер құқық тілін күнделікті сөйлеуден рухани жағынан жоғары қою мақсатында ділмарлық, шешендік тәсіл ретінде қолданған. Дәстүрлі құқық нормалары мақал-мәтелге айналып, ел жадында сақталуға ықпал етті». Аталған құбылысты мына мақалдан аңғарасыз: «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Мұндағы құқықтық бірлікті көздейтін «төртеу» ұғымы: білім, билік, білік, байлық.

Қазақ эпостарындағы ақыл-ой, құқықтық дайыр сөздің тек қана үнді-герман эпостарымен ғана емес, сонымен бірге, «көктен түскен көп кітаптармен» де байланысып жатқандығы бар мәдениеттің теориялық өзегі мен құқықтық өрісі бір екенін дәлелдейді.

Мысалы, қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» поэмасын бір ғана таза ғашықтық, махаббат жыры деп бағалау басым.

Алайда, Мұхтар Әуезовтің аталмыш эпосты талдаған жазбасын оқып байқасаңыз, бұл поэманың басты та­қырыбы «өмір құқығы» жайында еке­нін ұғамыз.

«Өмір құқығы» деген атау құ­лақ­қа тосаң естіліп, көңіл көзіне тосын көрінер. Дегенмен, «өмір сүру құ­қығынан» бұрын «өмір құқығы» барлығын дәлелдейтін ежелгі бейнелі сим­вол-таңбасын ұсыналық.

Жаңағы эпоста екі әке Қарабай мен Сарыбай ежеқабыл салты бойынша құда болуға баталасады. Сарыбай аяқ астында мерт болғанда Қарабай «жетім ұлға қыз бермеймін» деген сылтаумен көше қашқанымен, батаны бұзуға дәрменсіз еді. Себебі, бата екеудің арасында, екі атаның бірігіп отырып жасаған байлауы болатын».

Бата – туар өмір алдындағы мә­міле, келісім. Қос перзентті қоспақ ниетімен сөз бен ісі үйлесімді шығуға бітісу. Дәп осындай дәстүр герман жұртында христиан дінінің ер мен әйел затының өз еркімен некелесу тәртібін енгізгеннің өзінде де ұзақ уақыт сақталған.

Жоқтан, яғни, өмірден барлыққа келтіруші, өмір сүру құқығына ие болуға мүмкіндік берген – бір Алла тағала. Абайдың «барлыққа» келтіруші ұғымы көне еврей тіліндегі Інжіл мәтініндегі: «Берешит бара Элогим гаш-шамим ве эт га-арец» (басында құдай көк пен жерді бар қылды) сөйлеміндегі «бара» етістігінің «жаратты, бар қылды» деген мағынасымен сәйкес келеді.

Тәңірден бала тілеп, қыз бен ұл­ды қосуға келіскен соң ол шешімді Қарабай мен Сарыбайға бұзуға жол жоқ-тын. Өмір жеке адам нәпсісінен жоғары тұрмақ. Жырдың басында «батаны қайта бұзуды мүмкін етпес үшін Сарыбайды алғашқы батаның үстінде, сол сәттің өзінде құрбан етіп қойған».

М.Әуезовтің «туар өмір» сөзі – Абайдың «Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек» ұғымының жалғасы. Абайдың «жоғы» мен Әуезовтің «туары» – өмір. Көрінген әлем «бар» болса оны жаратушы «өмір». Немістің философы М.Хайдегер «Тіл – болмыс үйі» дегені мына дүниеде біз өзімізді бар санау, сезіну тілдің құдіреті. Діл де, дін де тілде өмір сүреді. Тіл тәуелсіздігі – діл мен дін тазалығы. «Үй» – ұрпақтар бірлігі. «Этика» терминінің әуелгі мағынасы да «ұя, адам баласы тіршілік етер орта». Абайдың «үй» ұғымы тіпті терең, биік: «Әділеттік, арлылық, махаббат пен Үй жолдасың қабірден әрі өткенде». Көне түркіде «жан» сөзінің мағынасы – оралу. Сонда «Жоқ» пен «жанның» үйі бір. Мұндай тұжырымға Абайдағы «мені» мен «менікінің» айырылуы нұсқайды. Мына өмірді «Жалған дүние» дейміз, өйткені «жал» сөзі «екі» деген санның ұғымын білдіреді, бүтіннің екіге айырылуы. Қазақтың «қошқар мүйіз» ою-өрнегі де ата мен ана тегінің  жаралуын бейнелеп тұр. Інжілде де құдай Адам ата мен Хауа ананы жер бетіне жөнелткенде оларға «тері белбеу» таққан делінген. Інжіл өмірдің эволюциалық дамуында басқа бір күйден өзге бір материалдық күйге ауысуын, ата және ана тегінің пайда болуын айтады.

Ғалым Қ.Жұбановтың жазуы бойынша, «айт» – аузыңды сөйлет деген сөз. Ескі кітаптарда ол «айды» деп беріледі. Мұндағы «ды» әуелде «ұ» болған; «ұ» – болу деген сөз».  Қазақта шын берілген, жақын досты «ұлпат» дейді. Қазақ «Аталардың достығы – пайғамбарлардың туыстығымен тең» деген сөзімен «Достық заңын» мұра еткен. «Дос» сөзінің латын және қазақ тіліндегі мағынасы бірдей – құдай берген қасиет, өмір сүру құқығы.

Әркімнің өмір сүруге құқығы – өмірді іске асыру, өз басынан өткеру. Олай болса, өмір – құқық, инвариант, адам өмірі оның туынды түрі, өмір – өзгермес зат, өмір сүру – процесс, өзгеріс. Бар құқықтық жүйенің өмірге икемділігінің кепілі – дәл уақытында өзгере білу.

Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін одан әрі терең зерттеп, жетілдірудің бір жолы – тіліміздің заңына үйлеспейтін тәсілдерден арылу. Арылудың бір амал-әдісі қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен мәдениетін, құқықтық ой-білімін, танымын ұстап тұрған «ұмытылды» саналған әуелгі бастауы таза, біздің заманға пайдалы құқықтық терминдерге оралу.

Айтпақ ойымызды тікелей жеткізер мысал ретінде билер сотының тарихынан аңыз сынды бір-екі хиқаяттың шынын баян қылалық.

«Қалқаман – Мамыр» оқиғасы 1722 жылдары өткен деседі, екеуінің де тегі – Тобықты. Арғы аталары Кішік пен Мәмбетейдің  шешелері бір. Қалқаман Кішіктің Әйтегінен тараса, Мамыр Мәмбетей тұқымынан. Бір біріне құмар болып, екеуі қосылмаққа бел буғанда қыз жігітке: «Қыз алған жоқ жақынынан Тобықты әзір» деп құқықтық тосқауыл, заңды кедергі барын білдіреді. Оған Қалқаман: «Ер жеткен қыз еркімен ерге тиер» деген мұсылман жолы барлығын сөз қылған. Екі ғашық қосылуға ант беріп, қашпақ пиғылда жүргенде Мамырға басқа бір ел құда түсіп үлгереді. Екі албырт жүрек соған қарамай айтқандарынан қайтпаса керек. Оны естіген Мәмбетейдің басшысы Көкенай қызды қайтармаса, екеуін де өлім жазасына бұйырмаса: «Ел болып Кішікпен бас құрамаймын» деген шарт қояды. Көкенай қазақтың «Жеті атаға толмай қыз алмайтын» заңына сүйенуде. Бұл заң бойынша бір атадан өрбіген ұрпақтың арасында жұбайлық некеге тыйым салынған. Себебі, бір рудан шыққан адамдардың аға-қарындас сезімін, ағайын бірлігін, деннің саулығын сақтау.

«Еңлік – Кебек» хиқаясындағы Кебектің руы Тобықты ішіндегі Жуантаяқ, Еңлік Найманның Матайынан. Кебекке жолықпай тұрып, Еңліктің тағдыры шешіліп қойылғанын қыздың өзі де айтады: «Жерім бар әке-шешем қойған беріп». Көңіл қосқан қос ғашық «құданда» заңынан аттап, екі тайпа арасында «жесір» дауын лаулатты. Матай жағы құдасының алдында кінәлі болса, Тобықты Матай руының алдында жазықты. «Тең адам анда, текті ауыл құда» атты тәртіпке сай бұрынғы жұрт тайпалар арасында «құданда» жолын ұстанатын. Бұл «Құданда» заңы өз ішінде қыз алыспайтын рулардың өсіп-өніп, ұрпақ жалғастыруы үшін қажет кемел келісімі. Басқа рудан қыз алып, қыз берісу тәртібі – ру мен тайпаның халық болып қалу мүмкіндігі. Екі елдің билері ата-баба заңын бұзғаны, ел ішінде іріткі салып, бірлікке қауіп төндіргені үшін нәпсісін жеңе алмаған өзінің ұл мен қызын өлім жазасына кеседі. Қатал үкім. Бірақ та, бұл ғалами ғылымға негізделген заңды, әділ кесім, толық билік еді. Әділдік – басқаның құқығымен санасу, әркімді дос санау, достыққа адал болу. Табиғат өлсе өлсін, адам өлмесін. Құмарлық сезімінен, тән тілегінен аса алмаған ақылсыз жастар «өмір құқығына» қастандық жасады деп танылған. Бір кеңістікте тіршілік еткен ру мен тайпаларды біріктіріп тұрған, олардың өмір сүру құқығының кепілі – «құданда» және «жеті ата» заңдары. Онсыз бұларға өмір сүру мүмкін емес-тін, жер бетінде адам санатынан тыс қалып, хайуанға айналмақ.

Дәп осыған ұқсас оқиға 1928 жылы Қызылорда қаласында өткені туралы С.Мұқановтың «Адасқандар» атты шығармасында суреттеледі. Торғайлық Сұлтанбек пен Бәтима бір біріне ғашық болып, қосылмаққа сөз байласады. Алайда, Сұлтанбек пен Бәтиманың ағайындық арасы жеті атаға толмаған. Қызылордада оқуда жүрген қыз Бәтима Мұстафа есімді жігітті ұнатады. Мұстафа болса, Сұлтанбектің бөлесі екен. Қызғаныштан Сұлтанбек Мұстафаны көшеде атып өлтіріп, сотталып кетеді.

Барлап байқасаңыз, билер билігінің артында кәдімгі ғылым көрініс береді. Ғылым болса – «қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуының негізгі қызметін атқаратын» сана категориясы

Саналық – ілім-білімді орнымен қолдана білу. Құқық ғылымы мен тіл білімінің шыққан тегі бір – жаратылыс заңы. Екеуін де бірдей игеру – құқықтық лингвисталық ізгі міндет. Президент өз Жарлығымен күн тәртібіне рухани жаңғыру жолында ұлттық құқық пен ата-ана сөзін меңгерген білікті заңгер-лингвистер дайындау мәселесін қойып отырғаны анық.

 

Марат АЗБАНБАЕВ,

Қарағанды облыстық сотының

судьясы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button