АймақБалқаш

Жаңа әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі?

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Балқаш қаласына жұмыс сапарымен келді. «Қазақмыс» корпорациясына қарасты мекемелердің еңбек ұжымдарымен кездесіп, еңбек және әлеуметтік саланың өзекті мәселелері хақында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев, «Балқаштүстімет» өн­­дірістік бірлестігінің Бас директоры Бауыржан Баймұханов қатысқан жиын Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқан азаматтарды еске алумен басталды.

Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсыр­масына сәйкес ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігі жаңа әлеуметтік төлем тағайындаудың негізгі қағидаттарының жобасын әзірледі.

Мәселен, 55 жасқа толған, қыз­меткерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына кемінде 7 жыл аударған және зиян­ды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар арнайы төлемдерге қол жеткізе алады. Арнайы төлемдер төрт көзден қаржыландырылады.

Яғни, жекелеген азаматтарға мұндай төлемдерді ұсыну респуб­ликалық бюджет есебінен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,5 еселенген көлемі, жұмыс беруші және өмірді сақтандыру компаниясы тарапынан ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселенген мөлшері және зейнетақы жарналары арқылы жүзеге асырылады. Оның орташа көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің бес айлық көлеміне тең. Жобамен, 200 мың теңгенің мөлшерінде.

Таңдау – жұмысшының еркінде. 55 жасында арнайы төлемдермен қамтыламын десе немесе зейнет жасына дейін жұмыс істеуін жалғастыруға ниетті болса (денсау­лығы жарамды болса), оны жекелеген азаматтар өзі шешеді.

Сондай-ақ, өндірісте жұмыс іс­теп, жазатайым жағдайлар салдарынан, өндірістің зиянынан жарымжан болып қалған азаматтарға өмірді сақтандыру компаниялары есебінен өмірінің соңына дейін төлемдер төлеуді жалғастыру алдағы жыл басынан жоспарланып отыр.

Халықты әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатындағы осындай жұмыстарды таныстырған министр Светлана Қабыкенқызы жиын соңында азаматтарды жекелеген мәселелері бойынша қабылдады.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button