Жаңалықтар

Жаңа Кодексте жаңашылдық бар

16-қадам. АЗАМАТТАРДЫҢ СОТ ТӨРЕЛІГІНЕ ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІН ЖЕҢІЛДЕТУ ҮШІН СОТ ЖҮЙЕСІ ИНСТАНЦИЯЛАРЫН ОҢТАЙЛАНДЫРУ. БЕС САТЫЛЫ СОТ ЖҮЙЕСІНЕН (бірінші, апелляциялық, кассациялық, қадағалау және қайта қадағалау жасау) ҮШ САТЫЛЫ (бірінші, апелляциялық, кассациялық) сот төрелігі жүйесіне көшу.

«Билігі әділ елдің – келешегі кемел» дегендей, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің сот жүйесін одан әрі жетілдіруге үнемі назар аударып, сот әділдігін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру қажеттілігін айтып келеді. Осы тұрғыда мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғырту үшін бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын мүлтіксіз орындауымыз қажет.

Мемлекет басшысы жариялаған Ұлт жоспарының «Заң үстемдігін қамтамасыз етуді» көздеген бағыты бойынша сот жүйесін реформалауға тікелей қатысты 11 мақсатты қадамды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар бойынша қазірдің өзінде ауқымды істер тындырылып, сот реформасы тереңдетілу үстінде.

Сот жүйесінде Ұлт жоспарын іске асыру аясында жүзеге асырылған ең маңызды өзгерістер қатарында – жаңа Азаматтық процестік кодекстің қабылдануы. Қабылданған жаңа Азаматтық процестік кодексте азаматтық дауларды жедел әрі сапалы шешуге кедергі келтірілген тетіктер жаңғыртылып, заман талабына сай жаңашылдықтар қолданысқа енгізілді. Азаматтық процестік кодекстің жаңашыл бағыттарының бірі – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында сот сатыларын оңтайландыру. Осылайша сот төрелігін жүзеге асыру бес сатылы жүйеден үш сатылы жүйеге көшті. Атап айтқанда, аудандық және қалалық соттар – бірінші саты, облыстық және оған теңестірілген соттар – апелляциялық саты, Жоғарғы Сот – кассациялық саты. Жаңа Кодекс талаптарына сәйкес, бірінші сатыдағы және апелляциялық соттардың рөлі күшейіп, жауапкершілігі артты. Бірінші сатыдағы соттың құзырына қарайтын істердің қарау тәртібіне біршама жаңа өзгерістер енгізілді. Оған азаматтық істердің оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау ерекшелігі жатады. Бұл тәртіп бойынша істі сотта талқылауға дайындау жүргізілмейді, жауапкерге он бес күннің ішінде пікір білдіру мерзімін беріп, пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай-ақ, бір ай мерзімінде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралады.

Кодекстің бұрын мүлде болмаған жаңа бағыттарының бірі – судьяның істі сотта талқылауға дайындау әрекеттерінің нәтижесінен кейін алдын ала сот отырысын өткізу кезеңін айтуға болады. Яғни, тараптар мен іске қатысатын басқа да тұлғалардың істі сот талқылауына дайындау, сотқа жүгіну мерзімдерін өткізіп алу фактілерін және талап қоюдың ескіру мерзімдерін зерттеу кезінде жасаған өкімдік әрекеттерін процестік тұрғыдан бекіту мақсатында істі сот талқылауына дайындауды жүргізудің нәтижелері бойынша алдын ала сот отырысы өт­кізіледі. Судья алдын ала сот отырысы барысында істің мән-жайларын тараптармен талқылайды, сұрақтар қояды, даулы құқықтық қатынастардың сипаты мен тараптардың татуласуына ықпал ететін мән-жайларды анықтайды.

Кодексте тараптардың татуласу келісімі мен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімнен бөлек, партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы татуласудың жаңа балама түрі пайда болды, яғни, бұл жағдайда тараптардың бітімге келуі міндетті түрде адвокаттардың қатысуымен өткізілуі тиіс. Татуласу рәсімдері бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларда қолданылады. Азаматтардың өз құқықтарын мейлінше қорғау мақсатында бірінші сатылы соттың шешіміне апелляциялық сатыға тараптар апелляциялық шағым беру кезінде мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылды, сәйкесінше апелляциялық сатыдағы жүктеме көбейді. Бірінші сатылы соттың шешіміне бұрын шешімді алғаннан кейін он бес күнде апелляциялық шағым келтірілсе, жаңа Кодексте апелляциялық шағым, наразылық – шешім түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап, ал сот талқылауына қатыспаған тұлғалар өздеріне шешімнің көшірмелері жіберілген күннен бастап бір ай ішінде беріледі деп өзгертілді. Апелляциялық сатыдағы істерді судьялар жеке шағымдар мен оңайлатылған (жазбаша) істерді қоспағанда алқалы құрамда қарайды. Кодекстің тағы бір жаңашылдығы – Астана қаласы сотының ҚР Жоғарғы Сотының соттылығына жатқызылған істерден басқа, инвестициялық даулар бойынша, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдармен арадағы өзге де даулар бойынша азаматтық істерді бірінші сатыдағы сот тәртібінде қарауы. Сонымен қатар, жаңа Кодекстегі өзгеріс – талап арызды қозғалыссыз қалдыру институтының алынып тасталуы. Жаңа кодекстің 150-152 баптарына сәйкес, судья келіп түскен арызды қабылдау, қабылдаудан бас тарту немесе қайтару туралы ұйғарым шығарады. Яғни, егер талап қою арызы заң талаптарына сәйкес келмесе және істі сот талқылауына дайындау сатысында кемшіліктерді жоюдың мүмкіндігі болса, талап арыз бұрынғыдай қозғалыссыз қалдырылмай қабылданады. Бұл істі жедел қарау үшін бағытталған амал болып табылады.

Жаңартылған Азаматтық процестік кодекстің сот төрелігін қамтамасыз етудегі рөлі әрине, заңның үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында әзірленген іс-шараларды жүзеге асыру сапасын жақсартуға, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға, еліміздің сот жүйесі қызметін құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік тудыратыны анық.

Б.КӘРІМОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button