Басты тақырып

Жаңа кәсіп бастау алды

«Бүгінде тек Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы ғана сыртқы сілкіністерге орнықты, тиімді экономиканың нақты негізі болуға қабілетті».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұра ауданының Ахмет ауылында жыл он екі ай халықты көкөніспен қамтамасыз ететін жылыжай ашылды. Жылыжайдың ашылу салтанатына аудан әкімі Ниқанбай Омарханов, ауыл әкімдері мен ауданның шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

Нұра

«Қоғабаев Н.С.» шаруа қожалығы көкөніс баптауын осыдан 10 жыл бұрын 10 гектар жерге картоп отырғызудан бастаған. Қазіргі таңда сол алқап 150 гектарға жеткен. Тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, бұл алқапқа қызылша, қызанақ, қырыққабат пен салат жапырақтарының бірнеше түрін отырғызып, халыққа ұсынуда. Өнімнің негізгі бөлігі Астана қаласы тұрғындарының дастарқанынан табылуда. Сонымен қатар, аудан орталығының әр жұма күні өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде де саудаланады.

Қазір жыл артқан сайын табиғаттың мінезі де өзгеруде. Осыған сай, көкөністі тамшылатып суару әдісі арқылы жылыжайларда өсіруді қолға алдық. Екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Әзірге жылыжайдың аумағы – 2000 шаршы метр. Істі қияр мен қызанақ өсіруден бастадық. Сонымен қатар, гидропоникалық әдіспен жасыл жем де өсуде, – деп, келген қонақтарды жылыжайдың жұмысымен таныстырды «Қоғабаев Н.С.» қожалығының басшысы Нұржан Қоғабаев.

Шаруа қожалығы басшысының айтуы бойынша, жылыжай үзіліссіз жұмыс атқармақ. Мысалы, қиярдың әр шаршы метрінен 30 келіге дейін өнім алу жоспарланған. Бір жылда үш қайтара дән сіңірілетінін ескеріп, пайдасын да пайымдай беріңіз.

Қожалық осы жылдың көктемінде жылыжайға отырғызылған көкөністерді күту барысында жіберілген кемшіліктердің орнын толықтырып, енді жыл он екі ай үзіліссіз жұмыс жүргізуді бастаған. Қыркүйек айында кезекті маусымдық көшеттерді отырғызып, жаңа жыл қарсаңында аудан тұрғындарын отандық өніммен қамтуды көздеп отыр.

2000 шаршы метр аумақты кейінгі үлгідегі, көмірмен жанатын бір жұмалық екі пешпен жылытуда. Қыстың қақаған аязында да жылыжай 25-28 градус жылылықта жұмыс істейді.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button