Жұрт жадындағы жайттар

Күнтізбедегі жаңа жылды қарсы алуға сақадай сай отырмыз. Өйткені, өткен жыл еліміз үшін көптеген жақсылықтарымен, ерекше оқиғаларымен есте қалар табысты жыл болды. Әрине, жұрт болып қуандық, налыған тұстар да жоқ дей алмаймыз. Дегенмен, тағы бір жылды тарих қойнауына қалдырып барамыз. Сонымен, өткен жыл несімен есте қалды?

ЖЫЛ БАТЫРЫ

Ақбөкен аулаған қаскүнемдерді құрықтамақшы болған қорықшы Қаныш Нұртазинов Жезқазған қаласында браконьерлердің қолынан қаза тапты. Отан алдындағы қызметтік борышын орындауда жанқиярлық ерліктің үлгісін қорықшының атына Мемлекет басшысының Жарлығымен І дәрежелі «Айбын» ордені берілді. Ұлытау ауданындағы көшелердің бірі қорықшының есімімен аталатын болды.

ЖЫЛ МАРАПАТЫ

Тәуелсіздік күні қарсаңында жерлесіміз «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кен өндірістік кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мақышевқа Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.

Сондай-ақ, «Арқаның Атымтайы» Бекзат Алтынбеков облыстық мәслихаттың кезекті ХХХІV сессиясында «Қазақстан мәслихаттарының Құрметті депутаты» төсбелгісімен марапатталып, «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері атанды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұйымдастырған аталмыш сыйлықтың «Жыл тұлғасы» номинациясында үздік шықты.

ЖЫЛ ЕСІМІ

 Биыл Тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы іске асырылып, оның аясында Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен ел тұрғындарының өмір жолы мұқият зерделене бастады. Қарағандылық Абылайхан Жүсіпов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. Ол 1997 жылы дүниеге келген. 2017 жылы Азия чемпионы атанса, сол жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.

ЖЫЛ ӨКІНІШІ

Қарашаны қаралы хабармен қарсы алдық. Қазақ баспасөзінің қара нары, ұлт көсемсөзінің көшбасшысы Мағауия Сембай дүниеден өтті…

Мағаш ағаны, тек, Қарағанды жұрты ғана емес, күллі Алаш баласы жоқтады десек артық айтқанымыз емес. Аймақтық, республикалық басылымдардағы азанамалар соның айғағы. Ол ең бір қиын кезеңде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің басшылығына тағайындалып, іргелі басылымның өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосты, өз мектебін қалыптастырды. Арқа журналистикасында Мағаш ағаның қамқорлығынан кенде қалып, ағалық ақылына құлақ аспаған жан кемде-кем болар.

 Мағауия Сланбекұлы – журналист, ұстаз және қамқор аға. Ол кісінің ортамыздан кетуі «Орталық» үшін ғана емес, жалпы оқырман үшін, ұлт руханияты үшін орны толмас өкініш…

 Жалпы 2019 жыл қазақ журналистикасы үшін оңай болмады. Күні кеше Алматы маңындағы әуе апатынан қаза тапқан әріптесіміз Дана Круглованың қазасы да журналистер қауымына оңай соқпағанын айта кеткен жөн.

Аяулым СОВЕТ