Руханият

Жүректерді жыр отына бөлеген

     «Дүниеге келер әлі талай Қасым,

      Олар да бұл Қасымды бір байқасын.

      Өртке тиген дауылдай өлеңімді

      Қасымның өзі емес деп кім айтасың?», – деп қазақ сахарасына жасын жырларымен мәңгілік ескерткіш орнатқан дауылпаз ақынның 105 жылдығына арналған кеш қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №4 кітапхана филиалында өтті.

    №4 кітапхана филиалының қызметкерлері «Жаныммен сүйіп, жырлаймын!» атты поэзия кешін бұл жолы Теміржолшылар мәдениет сарайының қызметкерлерімен біріге отырып ұйымдастырды. Әдеби кешке № 137 орта мектеп пен №22 мектеп-интернатының оқушылары белсене қатысты. Кеш жүргізушілері асқақ ойлы, шыншыл да терең сырлы дауылды поэзиясымен оқырмандардың ой әлеміне дендей еніп, жанам деген жастардың жүректегі сезімдерін жыр шоғымен маздатқан біртуар ақын Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен әңгімеледі. Іс-шара барысында «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ!» деп келешекке сеніп кеткен ақиық ақынның өмірінен сыр шерткен «Жасын ғұмыр – Қасым ғұмыр», «Қыран қанатты ақын» атты бейнебаяндар көрсетілді. Қарағанды облысының 80 жылдығы қарсаңында ақынның «Қарағанды», «Атамекен», «Дариға, сол қыз», «Абайға айтарым» өлеңдерін Диана Ауғанбаева, Әсима Алпысбай, Камила Хасенова, Ербұлан Қуантай, Рүстембек Бағдат мәнерлеп жатқа оқыды. Алтынай Жұматаеваның орындауындағы «Өзім туралы» әні көрерменге терең ой салғандай болды. Кеш соңында ақынның өмірі мен шығармашылығынан мол мағлұмат беретін «Жаныммен сүйіп, жырлаймын» атты кітап көрмесіне шолу жасалды.

Д.ШАЙМЕРДЕНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button