Көрме

Жүрегі – ақ, тілегі – пәк

Құшағың жетпегенді құшақтай алмайсың, әрине. Сүю үшін бас сап құшу шарт па, бірақ? Абай «адамзаттың бәрін сүй» деді. Демек, соған махаббатың жетсін дегені. Абайдың махаббаты біз біліп жүрген махаббаттан мүлде бөлек. Оны халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі, қолсыз суретші Кәріпбек КҮЙІКОВ те айтыпты. «Менің сіздерді құшатын қолым жоқ, бірақ, адамзатқа ортақ жүрегім бар» деп. Кеше, 21 қаңтар – Халықаралық құшақтасу күні біздің еске қараптан-қарап отырып Кәріпбек Күйіковтің осы сөзі түсті. Семей ядролық полигоны кесірінен қолсыз мүгедек болып туған Кәріпбек Күйіковтің картиналары әлем назарында қазір. АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, тағы басқа өркениетті елдерде көрмелері өтіп тұрады. Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынылған. Біз бүгін бірер туындысына ғана тоқталмақпыз.

Сурет:автордан

“Автопортрет” туындысы.

СУРЕТШІНІҢ «АВТОПОРТРЕТІ»

Мен бұл суретке мән бермей өте шығар ем, расы. «Автопортрет» деген тақырыбы болмағанда. Әдебиетте небір ұлылардың автопортретін оқып қалған бас. «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда» дегенде, Махамбетті айтпаушы ма еді Мұқаң?! Кәріпбектің мына «Автопортретіне» айналып екі соқтық. Айтақыр далада жұртта қалған бос бесікті талай көргенбіз. Баласымен қоса қалғанын кім көріпті?! Тақыр жонда бесікте жатқан баланың қос қолы жоқ. Алла-ау, не күйге душар еткен?! Құндағы ағытулы бесіктің. Анасы қайда баланың? Бесіктің басында ақ байламы тұр, анасы жоқ. Құндақсыз бесіктен бала құлап кетпей ме бұл дейсің. Алла-ау, ауыз, мұрын, бас, дене, аяқ беріп қолсыз қалдырған қай мазағың?! Айтарға ауыз бармайды. Анау айтақыр Арқаның даласы, шөпсіз, шалғынсыз болмаушы еді бұл дала. Көз ұшында қарауытқан тауларға ұласқанша бір жылт еткен жылу үйірсеші көзге. Жоқ. Анадайда алыста жусаған қос жылқы, олар да жайымен жусаған жануарға ұқсаса жарар еді-ау. Арты бүрісіп, алды қауіп күтіп, қалшиып, құлақ тігіп қарап тұрған жылқының бас бітісін аңғартады. Бұлыңғыр күннің астында болмашы шуақ жоқ, бірақ, тақыр үстімен қоңырқай сарғыштанып көшкен қою жалқын көшіп жатыр-ау. Бұл не кеп? Әлгі көшкен сап-сары, кей тұсы қоңырқай жалқын көңілді тіптен күпті етіп барып, әрбір жерден алабажақтанады. Күлдібадам күн астындағы әлгі бала тірі ме, қайдам?! Тіптен оны ойлаудың өзі опындырып жіберер еді. Ал, Кәріпбек қолсыз туғанын көрген анасы шошығаннан үш күн бойы бауырына баспай қойғаны одан да үрейлі құбылыс шығар…

ҚАСІРЕТТІҢ БҰҒАУЫ

Мен Хамит Ерғалиевтің қайғылы ана тақырыбындағы поэмасын оқымаппын. Өз кінәм, әрине. Алайда, мына суреттен соң оқымаса да болғандай. «Х.Ерғалиев поэмасына суреттеме» деп айдарлапты. Үрей шақырады бұл сурет. Көз тоқтата қарап тұрсаңыз, Аллаға жалбарындырады. «Бетін аулақ қыла гөр мұндайдың» дегізеді. Бір сәбиі қара жолдың бетінде қалыпты әйелдің. Шамасы, өлі туған. Себебі, Алла көктен бала бермек болса да қабылдағысы жоқ. Көк деймін-ау, аспан жанып тұрған өрт – тілсіз жауға ұқсаған мұнда. Қасіреттің қара тұманына батқан әйел Көктен үмітсіз. Аспан қып-қызыл өрттей үрей шашқанда, әйел сүйенген ірге қарауытып кеткен. Келіншекке болмашы ғана жарық бала жақтан түскенімен, қайғыдан запы болған зарлық жанның зауқы соқпайды. Әлде көктен болмашы жарық сепкен жерде жатқан баланың жаны ма екен, кім біліпті? Қалай жорыса да, үмітсіздік үрей кіндігіне әкеп байлай береді, байлай береді. Әйелге қарап баланы аяйсың, балаға қарап әйелді аяйсың. Сөйте тұра, жер бетіне зауал төккен атомды қарғайсың!

УА, ЖАЛТ ЕТКЕН!

Кәріпбек Күйік шығармашылығының шуақты беті – оның пейзаждары. Жанды жадыратары да, жүдетері де жетеді пейзаждарының. Баянсыздықтан гөрі үмітке толы дүниені табиғат бояулары арқылы әдемі қиюластырады. Суретшінің шеберлігі де осындай тұстарынан байқалмай ма? Ең бастысы, оның табиғат өрнектерінен өмірге деген ыстық сүйіспеншілі менмұндалап тұрады. Кәріпбектің күрескер жаны – табиғат суреттерінде дер едім мен.

Бірнеше пейзаждар әлемінен біздің көзге ерекше түскені – «Оянуы». Мұнда талдың етегінен төгілген шуақтан ағашқа көйлек кигізгендей әсерге қалдырады. Мезгіл мизамшуақтың туғанын аңғартатындай. Шуақтың талдың астынан төгілгені Күннің әлі көтеріле қоймағанын байқатады. Сондай-ақ, талдың көлеңке жағы екенін білдіреді. Біз осылай тұспалдап, жо

рығанымызбен, бәрі басқаша болуы мүмкін, бірақ. Сіз де басқаша қарауға хақылысыз.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button