Ресми

Жұмыссыздықпен күресте жүйе бар

Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында жастарды жұмысқа орналастыру және тұрақты жұмыспен қамту мәселесі қаралды. Одан бөлек, Франция астанасы – Парижде өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары мен XVII жазғы Паралимпиада ойындары да назарға алынды.

Сурет: zakon.kz сайтынан

Бос орындар жәрмеңкелері, бизнесті дамытуға арналған гранттар мен жеңілдікті несиелер, Ұлттық жобалар бойынша жұмысқа орналастыру – Қара­ғанды облысының жастарын қолдау шаралары туралы аймақ әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте айтылды. Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев басқарма басшылары мен қалалар мен аудандардың әкімдеріне жастарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне көбірек көңіл бөлуді және тұрақты жұмыс ор­ындарымен қамтамасыз етуді тапсырды.

Жастарды жұмысқа орна­ластырудың қандай бағыттар­да жүріп жатқаны туралы Жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының ор­ынбасары Төлеу Мұхтар баяндады.

– Статистикалық мәліметтер бойынша, 2023 жылдың 3-ші тоқсанында облыстағы жастар саны – 309 258 адам болса, жұмыссыз жастар саны – 5 732. Жастар жұмыссыздығының деңгейі – 3,1%. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 0,2 пайыздық тармаққа төмен. Өңірлер ара­сында жастар жұмыссыздығының ең жоғары деңгейі Қарағандыда – 4,9% және Бал­қашта – 4,6% байқалды, – деді Төлеу Мұхтар.

2023 жылы бекітілген өңірлік жұмыспен қамту картасы бойынша 25 мың жас қарағандылық жұмысқа орналастырылды. Тиімді құралдардың қатарына ұлттық жобалар, бос орындар жәрмеңкелері, әлеу­­меттік жұмыс орындары, биз­неске тарту, «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары жатады.

Бес жүзге тарта жұмыссыз қарағандылық skills.enbek.kz сайтында онлайн-оқытудан өтті. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2600-ден астам жас кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды.

Өңірде жастар көп жиналатын орындарға баратын және мемлекеттік қолдау шаралары туралы әңгімелейтін мобильді топтар жұмыс істейді. Тұрақты негізде «Бос орындар жәрмеңкелері» өтеді.

Төлеу Мұхтардың айтуынша, биыл 13 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жос­парда.

NEET-жастарды жұмысқа орналастыру мәселесін шешу үшін жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма «Мүмкіндіктер марафонын» іске қосады. Оның қорытындысы осы жылдың наурыз айында шығады.

Сондай-ақ, Қарағанды және Балқаш әкімдері жастарды жұмыспен қамту туралы есеп берді.

Ермағанбет Бөлекпаев бұл мәселеге жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті. Колледж түлектерінің қайда жұмысқа орналасатынын қадағалау қажет. NEET-жастарға көбірек көңіл бөлу керектігін тілге тиек етті.

– Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жастар сая­саты басқармасымен, қалалар мен аудандардың әкімдерімен бірлесіп, іске асырылған жобалар шеңберінде жоспарлы көрсеткіштің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етуді жандандыру қажет. Жұмыс берушілерді тарта отырып, жастарға арналған бос орындар жәрмеңкелерін тұрақты өткізу. Барлық шараларды NEET-жастар бойынша пысықтау қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Аппарат жиынында көтерілген екінші мәселе – облыста жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына белсенді дайындық мәселесі. Биыл XXXIII жазғы Олимпиада ойындары мен XVII жазғы Паралимпиада ойындары Франция астанасы Парижде 26 шілдеден 11 тамызға дейін және тиісінше 28 тамыздан 8 қыркүйекке дейін өтеді.

Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев спортшыларға қолайлы жағдай жасап, проблемалық мәселелерді шешуді тапсырды.

Олимпиада ойындарына 206 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Барлығы 32 спорт түрінен 329 марапаттар жиынтығы ойнатылады.

– Бүгінде облысымыздан лицензия алуға 19 үміткер спортшы анықталды. Спорттың 9 түрі бойынша 12 лицензия алу жоспарлануда: байдарка мен каноэде есу, жеңіл атлетика, синхронды жүзу, батут гимнас­тикасы, әйелдер күресі, жүзу, дзюдо, еркін және грек-рим кү­ресі. Спортшылар физикалық тексеруден, кешенді тексеруден өтеді және мамандардан қажетті кеңестер алады. Сондай-ақ, үміткерлерге ай сайынғы ақшалай қаражат беріледі, оның сомасы жарыстардағы өнімділікке байланысты. Спортшыларды даярлау үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, – деді облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.

Паралимпиада ойындары спорттың 22 түрінен өтеді, оған шамамен 84 ел, 4400 спортшы қатысады. 549 медаль жиынтығы ойнатылады. Бүгінгі таңда облысқа қатысуға спорттың үш түрі – жүзу, жеңіл атлетика және дзюдодан бес спортшы-кандидат анықталды.

– Спортшылардың Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындығын қатаң бақылауға алу керек. Оларға ыңғайлы дайындық үшін жағдай жасау қажет. Боксшылар болмайтыны өте өкінішті. Қарағанды облысы әрқашан өзінің бокс мектебімен танымал болған. Неліктен Олимпиада мен Паралимпиадаға қатысуға лайықты боксшылар жоқ:? Менің ойымша, бұл ұйымдастырушылық кемшілік, жат­тықтырушылар құрамын алдын-ала дайындау керек еді. Бұл мәселені пысықтау қажет – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button