Облыс әкімінің есебі қарсаңында

Жұмыскер мен жұмыс берушінің мүддесі ортақ

Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының негізгі бағыттары – әр қызметкердің құқықтарын қамтамасыз ету, еңбек қатынастары саласындағы түрлі бұзушылықтарға жедел ден қою, еңбек жанжалдарының алдын алу, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды реттеу.

Мемлекет пен азаматтар арасындағы қатынастардың жаңа кезеңі деп өткен жылдың 1 шілдесінде күшіне енген, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының парадигмасын түбегейлі өзгерткен «Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің» қабылдануы деуге болады. Азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғаудың жаңа тетіктері енгізілді. Құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызды құралына айналды, оның негізгі мақсаты жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады.

Өткен жылы азаматтардан 4 434 (2020 жылы – 3 755) өтініш келіп түсті. Олар негізінен еңбек заңнамасын бұзу фактілеріне қатысты. Осы өтініштердің негізінде аймақ кәсіпорындарында 769 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 605 бұзушылық анықталды, оның ішінде, еңбек қатынастары бойынша – 408, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 195 және халықты жұмыспен қамту бойынша – 2. Сонымен қатар, 96 заңды және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, жалақыны кешіктіру және төлемеу бойынша жұмыс берушілерге 46 әкімшілік жаза қолданылды.

Еңбек қатынастарын реттеудегі басты міндет – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, оның ішінде уақтылы және лайықты еңбекақы төлеу. Ағымдағы жылдың басынан бастап 829 қызметкердің жалпы сомасы 247,5 млн. теңге болатын жалақы бойынша берешегі өтелді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1 кәсіпорында («Ирбис KZ» ЖШС) 51 қызметкер алдында жалақы бойынша берешек бар. Қарыз сомасы 5,6 млн. теңгені құрайды.

Басқарма жұмысындағы негізгі міндеті жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің бірлескен еңбектерін қорғауды басқару, өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша тиісті шараларды қабылдау болып табылады. Өткен жылы 199 жазатайым оқиға болды (2020 жылы – 213 жазатайым оқиға, 7%-ға төмендеді). Онда зардап шеккен 238 адам. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға азайды (2020 жылы – 260 адам). Оның ішінде қайтыс болғандар – 37 адам (2020 жылы – 35 адам).

Жүргізілген талдау өндірістік жарақаттанудың себептері, әдетте, ұйымдастырушылық сипатқа ие екенін көрсетеді. Атап айтқанда, бұл жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, еңбек және өндірістік тәртіпті бұзу, еңбектің қауіпсіз әдістері мен тәсілдерін оқытудағы кемшіліктер, жұмыс орындарын қанағаттанарлықсыз ұстау және оларды ұйымдастырудағы кемшіліктер және басқалары.

Өндірістік жарақаттанудың жасырын фактілерін болдырмау мақсатында, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен, полиция департаментімен бірлесіп ай сайын өндірісте зардап шеккендер бойынша жұмыс жүргізіледі.

Өндірістік жарақаттануды төмендету жөніндегі жұмыс ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2023 жылдарға арналған өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі жол картасы және Қарағанды облысында 2021- 2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы, «Өндірістік жарақаттану – ЖОЛ ЖОҚ» жоспары шеңберінде құрылады. Барлық аудандар мен қалаларда прокуратура қызметкерлерінің төрағалығымен жұмыс топтары құрылды, олардың құрамына қалалардың, аудандардың әкімдері, мемлекеттік еңбек инспекторлары және барлық мүдделі мемлекеттік органдар, кәсіподақ ұйымдары кірді. Онда жұмыскерлердің қатысуымен тікелей кәсіпорындарда алдын алу жұмыстарын жүргізу арқылы өндірістік жарақаттануды төмендету мәселелері қаралады.

Жұмыс берушілердің еңбек жағдайларын жақсарту жөніндегі әлеуметтік жауапкершілігін арттыру мақсатында «Сенім сертификаты» беріледі, ол Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының талаптарын сақтау бойынша субъектіге (объектіге) бақылау және қадағалау арқылы баруға, профилактикалық бақылау мен қадағалау жүргізуге 3 жылға шектеу қоюға кепілдік береді. Өткен жылы «Сенім сертификаты» «Қамқор Локомотив» ЖШС, «Қарағанды локомотив жөндеу депосы» филиалына және «Қамқор Локомотив» ЖШС «Ағадыр дөңгелек цехы» филиалына табыс етілді.

Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жағдайды жақсарту үшін, сондай-ақ, кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында облыстың 160 ірі кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізді (OHSAS 18001, ХЕҰ-ЕҚБЖ), 6 кәсіпорын «Vision Zero» бағдарламасына қатысады, 31 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілді. Сондай-ақ, 1 489 техникалық инспектордың қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 1 128 өндірістік кеңес құрылды.

Қолайлы жұмыс жағдайларын жасау – бұл өндірістегі және қызметтің басқа салаларындағы еңбекті қорғаудың тиімді механизмін болжайтын кепіл болып табылады. Жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағалау және олар бойынша еңбекті қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүргізу мақсатында өндірістік объектілерді аттестаттау жүргізіледі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша 201 өндірістік нысан аттестатталды. Мемлекеттік бақылау және қадағалау тексерілетін субъектілерді топтарға бөлуді ескере отырып жүргізіледі. Топтардың бірі алдын алу-профилактикалық сипатта болады. 2021 жылы облыстың 18 кәсіпорнында профилактикалық бақылау жүргізілді.

Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ, жарақаттанудың алдын алу және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыс «Кәсіподақ орталығымен» өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шеңберінде құрылады. Өндірістік жарақаттану мәселелері облыс кәсіпорындарымен (салалар бойынша) бірлесіп әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырыстарында қаралды. Сондай-ақ, кәсіпорындарды, кәсіподақ көшбасшыларын және мүдделі мемлекеттік органдарды шақыра отырып, бірлескен іс-қимылдарды әзірлеу бойынша семинар-кеңестер өткізілді.

Ашық мемлекет сындарлы диалог жүргізуге, азаматтардың сұраныстарына дер кезінде ден қоюға дайын, қоғамдық шешімдер қабылдау процесіне тартылған елді мықты, үнемі дамып келе жатқан мемлекет етеді. Осылайша, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен «Адал көмек» жобасы аясында азаматтар мен басқарма арасындағы өзара іс-қимыл міндеті қойылған. Мемлекеттік еңбек инспекторлары Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде тікелей эфирлер өткізеді, бұл азаматтардың өтініштеріне жедел және тиімді ден қоюға мүмкіндік береді. Әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда сондай-ақ, еңбек инспекциясы басқармасының ИРБП МО платформасында «Сұрақ-Жауап» айдары бар. Онда кез келген адам түсініктеме алу үшін жүгіне алады.

Қазақстан Республикасында шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде, микрокәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайларды жақсарту мақсатында тексерулер жүргізуге мораторий енгізілді. Басқарма өз тарапынан азаматтарды проблемасымен жалғыз қалдырмайды және «Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің» 46-бабының 1-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы бойынша түсіндірме беру үшін соттарда маман ретінде мемлекеттік еңбек инспекторлары тартылады. Сотқа талап арыздарды дайындауда заңгерлік көмек көрсетіледі, сондай-ақ, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында туындаған еңбек дауларын реттеу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік шиеленіске жол бермеу мақсатында, 2021 жылдың басынан бері облыс кәсіпорындарында «Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасының нормаларын қолдану», «Электрондық еңбек шарттарын есепке алу жүйесі» тақырыбында, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізу бойынша (OHSAS, ISO), «Vision Zero» халықаралық стандарт бағдарламасы бойынша 268 кездесу өткізілді, бұқаралық ақпарат құралдарында 92 мақала жарияланды. 8(7212) 43- 20-84 номері бойынша жедел желі жұмыс істейді.

Еңбек заңнамасын жетілдіру құқықтық реттеуді орталықсыздандыру жолымен жүріп жатыр, еңбек саласындағы көптеген мәселелерді шешу жергілікті деңгейге берілгендігінің дәлелі – бұл ұжымдық келісім. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мониторингте 5 125 ұжымдық шарт бар. Оның ішінде, 168 ірі кәсіпорында (100%), 455 орта кәсіпорында (100%), 4 503 шағын кәсіпорында (20%). 2021 жылы облыстың екі ірі кәсіпорны «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «Шұбаркөл Көмір» АҚ жаңа ұжымдық шартқа қол қойды. Онда жұмыскерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер сақталып қана қоймай, ұлғайтылды.

Қазақстан Республикасының еңбек нарығы белсенді түрде цифрландырылуда. Облыс кәсіпорындары кезең-кезеңімен электронды форматқа көшеді, жер асты бейнебақылау жүйесін пайдаланады (Қазақстан шахтасы және Т.Күзембаев атындағы шахта). Жазбаша түрде жасалған еңбек шарттары электронды форматқа көшті, бұл жұмысқа орналасу процесін жеңілдетеді және әлеуметтік тәуекелдерден қорғайды. «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасының және Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған бекітілген даму жоспарының «Жайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдар» IV бағыты шеңберінде міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) аударған адамдар санының 70% мөлшерінде электрондық еңбек шарттарын жасасу бойынша көрсеткіш белгіленген. Жыл басында 333 753 электрондық еңбек шарты тіркелген. Бұл 76%-ды құрайды.

Қорытындылай келе, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау – бұл қызметкерлердің бұзылған еңбек құқықтарын, жұмыс берушілер мен олардың өкілдерінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілігін қамтамасыз ету, сақтау және қорғау, сондай-ақ, қалпына келтіру жөніндегі шаралар жүйесі болып табылатынын айта кету керек.

Ирина ЛЮБАРСКАЯ, Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button