Бас тақырыпОблыс әкімі

Өзекті мәселелер – назарда

Облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде бүгінде күн тәртібінде тұрған өзекті жайттар қарастырылды. Атап айтқанда, егін орағы, тұрғын үй құрылысы және Конституция күніне қатысты шаралар. Аппарат мәжілісін бастамас бұрын облыс әкімі Ерлан Қошанов өңірдегі жаңа тағайындау туралы мәлімдеді.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшылығына Айгүл Байханова тағайындалды.

Бұдан соң Ерлан Жақанұлы өткен аптада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды аймағына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларына тоқталды. Осы орайда, тиісті салалық орынбасарлары мен басқарма басшыларына арнайы міндеттер жүктеді. Оның ішінде, индустриялдық-инновациялық даму, ауыл шаруашылығы кешенін өркендету, «Сарыарқа» арнаулы экономикалық аймағы, рухани һәм туризм мәселелері бар.

Аймақтағы егін орағы туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов баяндады.

Биыл егін жиналатын егістік көлемі 84 мың гектарды құрайды. Оның басым бөлігі – бидай. Басқарма басшысының айтуынша, егін орағына байланысты барлық аудандарға арнайы сапар жасалып, барысы бағамдалған. Егін орағына дайындықтың 59 пайызы – жақсы, 27 пайызы – қанағаттанарлық, 10 пайызы – нашар күйде тұр. Дәнді-дақылдардың басым бөлігі пісіп жетілген.

Биыл 64 400 тонна дәнді-дақыл жиналады деп күтілуде. Онда орташа шығым гектарына 9,4 центнерден келеді деген болжам бар. Жиын-терімге қажетті жанар-жағар май да жеткізілген. Мәселен, маусым-шілде айларында 10 мың тонна жанар-жағар май шаруашылықтарға берілген. Егіс жұмысын біршама аудандар ішінара бастап кеткен. Осы орайда, Осакаров, Нұра, Бұқар жырау аудандарының әкімдері аймақ басшысына ахуалды баяндады. Егіс жұмысының бірқалыпты екені, әзірге ешқандай мәселе туындамағанын жеткізіп отыр олар.

Облыс әкімі аудандардағы егін орағын бақылау үшін алдағы уақытта жұмыс сапары ұйымдастырылатынын да атап өтті.

Тұрғын үй құрылысына келсек, Қарағанды облысына 2019 жылға тұрғын үй және жалпы ондағы инфрақұрлым жұмыстарына 400 млрд. теңге бөлінген. Ал, биыл 4300 пәтер иелерін табады. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асып отырған құрылыс жұмыстары.

Қаңтар-шілде айлары аралығында 1723 пәтер пайдалануға берілген. Облыстың қала, аудандары тұрғын үй құрылысы жөніндегі 7 айдағы өз жоспарларын толықтай орындаған. Ал, 9 млрд. теңгеге 1243 жалға берілетін баспана, оның ішінде, көпбалалы отбасыларға 776, әлжуаз топ мүшелеріне 467 баспана берілмекші. Республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа 15 тұрғын үй салынуда. Бұл үйлер кезекте тұрғандарға тиесілі болмақ. Биыл 11 үйдің құрылысы аяқталып, 356 пәтер тұрғындарға табысталды. Оның ішінде, қоғамның әлжуаз тобының қатарында тұрғандар 279 пәтерге қол жеткізген. Ал, 77-сі көпбалалы отбасыларға бұйырған. Сонымен, көпбалалы отбасыларға шілдеде 38 пәтер берілсе, тамызда – 55, қыркүйекте – 76, қазанда – 36 пәтер беру жоспарланып отыр.

Сөйтіп, 204 пәтер қазанның соңына дейін көпбалалы отбасыларға табысталады деп күтілуде. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 3,1 млрд. теңгеге 376 пәтер салу жоспарланған. Қазіргі уақытта 759 өтініш келіп түскен. Ал, «720-25» бағдарламасымен 1054 адамды қамту көзделуде.

Конституция күніне байланысты аймақта 165 негізгі шара өткізіледі. 18 кәсіпорында 27 мың адамды қамтыған шаралар ұйымдастырылады. Мұның сыртында, әлеуметтік-мәдени нысандарды ашу да осы күнге орайластырылуда.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button