ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

        Жақында мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Оның жұмысын облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы  Гүлнарайым Қаңтарбекова жүргізіп отырды.

Отырыстың күн тәртібіндегі «ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті тарапынан 2016 жылы жүргізілген тексеріс барысында берілген ұсыныстардың орындалуы туралы» облыстық білім басқармасы «Сарыарқа дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры М.Сыздықов, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ұ.Үс­енов баяндады.

«Идеологиялық көзқарасқа сай келмейтін көнерген атауларды жүйеге келтіру шаралары туралы» Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Ғ.Спабеков, Абай ауданы әкімінің орынбасары Ә.Жүнісбекова баяндады.

Кейінгі аталған мәселе өңірімізде өткір тұр. Облысымыз бойынша елді мекендердің, көшелердің, басқа да әлеуметтік нысандардың мұндай атаулары 35 пайызды құрайды.

Жергілікті жерде жеке тұлғаға қатысты мораторийді көлденең тартады. Шын мәнінде кең көлемді түсіндіру жұмыстары жетіспей жатады. Болатшылар қаласында С.Разин атында көше атауы бар. Соны міне, бірнеше жыл бойы Ә.Бөкейхан атына алып бере алмай келеміз. Ұлт көсемі Ә.Бөкейханға қимай отырған көшемізді неге қанішерге қиюымыз керек? С.Разин әрі-беріден кейін Қазақстан үшін баскесерден басқа ешкім де емес. Олай болса оның құрметіне ел шегінде көше, не болмаса басқадай елді мекендер аталмауы керек. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Жарайды, Ұлт көсеміне қимайды екенбіз, ендеше баскесерге де көше бұйыртпайық. Ә.Бөкейхан атауын қимасақ басқа атаулармен алмастырайық. Мәселен, Сарыарқа, Қосбасар, Атажұрт, Қоянды жәрмеңкесі, Арқа, Елбасы, Оянған өлке және басқасы. Мұндай бейкүнә атауларға ешкім де қарсы келе қоймас.

Теміртау қаласы мен оған іргелес жатқан Ақтау кентіндегі идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар саны 63-ке жетіп отыр. Кейінгі төрт жылда онамастика мәселесі мүлдем қарастырылмаған. Тіпті, ешқандай жұмыс жүрмеді десе болады.

Мұндай жағдайды Абай ауданынан да көруге болады. Ондағы идеологиялық тұрғыдан ескірген көше саны – 21.

Комиссия мүшелері атап көрсеткендей идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды жеделдетіп жолға қою,өзгерген көше атауының жаңа санатын орнықтыру өте маңызды.

Шынында, бұл әрқайсымызды толғандырса керек. Өйткені, басқа жерді қойғанда, Қарағанды қаласының бұрынғы Театральная, бүгінгі Аханов көшесіндегі жағдай іш жиғызады. Өйткені, осы көшедегі үйдің біреуі Театральная деп, басқа біреуі Аханов деп, ал үшіншілері Театральная-Аханов деп жазылған.

Бастаған жұмысты осылайша аяғына дейін апармау ел ренішін туғызады, Көше бойы ағылып жатқан жүздеген адамның ашу-ызасын келтіреді.

Олай болса қолға алған ісімізді аяғына дейін жеткізейік. Разин болмаса, Бөкейхан болсын, Театральная болмасын, Аханов болсын.

Төрехан МАЙБАС.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.