Зар заманның заңғар жырауы

Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы алып тұлғасы Мұхтар ӘУЕЗОВ енгізген зар заман ақындарының шоғырына Дулат БАБАТАЙҰЛЫ, Мұрат МӨҢКЕҰЛЫ, Шортанбай ҚАНАЙҰЛЫ жатады. ХІХ ғасырдағы Ресей империясының отаршылдық саясаты, қазақ халқының күйзелісі, дәстүрлі қазақ қоғамындағы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі зар заман ақындарының тарих сахнасына шығуына әкелді. Шортанбай туған елінің тарихи тағдырын болжап, халқының басына түскен ауыртпалықтардың сырын ақтарған өз дәуірінің тамаша жырау-ақыны.
Қасиетті Түркістан жерінде дүниеге келіп, мұсылманша білім нәрімен сусындаған ақынның кейінгі өмір жолы Арқа жерінде өткені бәрімізге мәлім. Арқадағы Бесата жайлаған Ақсу-Аюлы өңірі, Жамантай төренің ықпалы, Жанғұтты бидің қарамағы Шортанбайдың өз заманының жалынды ақыны, ақылгөй шешен, жырауына айналуына себеп болғаны анық. Өзі өмір кешкен замана шындығын барлық көрінісімен айқын да, дәл бейнелеп, әлеуметтік маңызы бар зор шығармалар тудырған. Өзімен үндес Мұрат Мөңкеұлының шығармалары тәрізді Шортанбайдың да өлеңдерінде отарлаушы саясаттың озбырлығы мен сұрқия әрекеті көрініс табады. Зар заман ақындарының шығармаларында бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген өршіл рухты ұлт жанашырларының жанайқайы аңғарылады. Қазақ халқының шұрайлы өлкелерінің, өзен-суларының отаршылдар қолына өтуі ақынның жанына қатты батты. Сарыарқа, Еділ мен Жайық, тағы басқа жер судан айрылғанда ақын:
Әрнәрсенің болжалы,
Бірте-бірте тарайды.
Адыра қалғыр Сарыарқа
Болмайын деді баянды.
Еділді алды, елді алды,
Есілді алды, жерді алды.
Енді алмаған не қалды – деп өзінің наразылығын білдірген.
Шортанбай шығармалары ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде баспа бетін көре бастады. «Шортанбайдың бала зары» (Қазан, 1888-1916 жылдар аралығында), «Зар заман», «Заман ақыр» шығармалары В.Радлов жинақтарында, «Ерден батырға айтқаны» Ы.Алтынсариннің хрестоматиясында (1879ж) жарық көрді. Көрсетілген жинақтарға ақынның «Тар заман», «Опасыз жалған», «Байды құдай атқаны», «Өсиет, насихат сөздер», «Айттым сәлем», «Асан қожаға», тағы басқа өлеңдері енген. Шортанбай шығармалары баспа бетін көргенімен, жалпы көлемі көп емес. С.Мұқановтың санауы бойынша 1500 жолдай.
Шортанбай шығармаларының сипаты – заман, қоғам, халық тұрмысы, ел өмірі, жер, қоныс қысымы, отаршылдар мен жергілікті әкімдердің озбырлығы, тағысын тағы. Ақын өз дәуірінің шынайы сыншысы. Қазақ қоғамын билеп-төстеушілерге, түгел отаршылар билеген қауымға заманының бет алысына наразы.
«Мына заман қай заман –
Азусызға тар заман,
Азулыға бар заман…» деуіне қарағанда, жұрттың бәріне бірдей «тар заман» емес. Момындар үшін тар, жоқ-жітіктер үшін зар заман. Ал, азулы, тырнақтылар болыс, билер, алыпсатар саудагерлер үшін тар емес, бар байлық пен билік солардың ашса алақанында, жұмса жұдырығында деп сол заманның азулыларын сынайды. «Оларда ешбір адамгершілік мінез-құлық жоқ, ар-намыстан ада, нағыз имансыздар» деп әшкерелейді. Бұлардың бәрі заман ақырдың белгілері деп қорытынды жасайды. Тіршілік өмірдің санаулы екенін ескеріп, басыңа заман ақыр төнбей тұрғанда адам баласы жақсылық, адамдық парызын атқаруға тиісті деп есептейді.
Алақандай ай мен күн,
Әлемнің ортақ жарығы…
Иманы бардың белгісі,
Тілінен тамар шарбаты…
Иман жанның жарығы…
Байлықтың алды – иманды,
Тәңірім сүйтіп берген-ді.
Ақынның түсінігінде иманның ұғымы ар, ұят, ождан. Шортанбай жыраудың сынына ұшыраған келесі бір топ – қожа, молдалар. Олардың сырты бүтін, іші түтін бұзылған деп қатты сынаған. Қазақ арасында етек алған жаңа топ тілмаш, адвокат сияқты патша үкіметінің шенеуніктері де сыннан тыс қалмаған. Оларды орыс мектебінен білім алып, халықтың мұңын қолға алу орнына, елден алым алып, пара-пәлені көбейтіп, елге жексұрын атанды дейді. Екіжүзділіктерін әшкерелеп, халыққа жасаған қиянатын шебер бейнелейді.
Қаныққан соң жалаға,
Көшеде жүрген көп тілмаш,
Мініп шабар шанаға.
Зәремді алады,
Арам берсең жымиып
Қалтасына салады.
Ел арасындағы ақшалы байлар, алыпсатар саудагерлер жайлы олардың ел ырысын еміп жатқан, сездірмей сорып жатқан араны толмас алпауыттай бейнелейді.
Арам, арсыз жан шықты,
Қайыры жоқ бай шықты.
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ
Ақша деген мал шықты – дейді.
Сауда қуғандардың адамгершілігі ақшамен ғана өлшенеді. Ал, ақша туыс па, беделі бар ғана адам ба? Ақша жолында олар ешкімді аямайды, жақын үшін маңызы жоқ. Ол жолдан тайынар ешкім жоқ. Ақын осындай қоғамдағы өзгерістердің туындап жатқан момын еліне жаны ашып, барлық жасырын сырға халықтың көзін жеткізгендей болады. Байлар тапқанын пара беріп, ақшадан ада болып, керегіне жаратпай, пайдасыз іспен шұғылданып жатыр деп те сынайды. Осы тәрізді қайшылығы көбейген жаңа заманда басына қиямет-қайым орнайтын ең алдымен кедей-кепшік, момын шаруа екені сөзсіз десек, ақын бұл шындықты да өте айқын бейнелеген.
Шортанбай жырау туралы сын-пікір айтқан сыншылар оны өмірден түңілген жігерсіз, қайғы мен зардың ақыны деп келді. Ал, жоғарыдағы келтірілген өлең жолдарында ақынның бойындағы басым күш түңілу емес, жігерлілік, үмітсіздік емес, батылдық сезім екенін көрсетеді. Ол заманда елі мен халқының қамы үшін бұдан артық адал қызмет ету екіталай екені даусыз. Халқының тағдырын ойлаған ақынның жарғақ құлағы жастыққа тимегені анық. Ел-жұртының қасіретін арқалап, бойындағы бар күшін сол үшін сарп етті. Сол тұстағы қоғамның жай-жапсарына қарай әрекет жасап, жатпай-тұрмай халқын үгіттеп, ілгері жетеледі. Ел ішіндегі талан-таражға, алауыздыққа, берекесіздікке қарсы шықты. Әуелі өз елінің мінезін, мінін түзетпек болды. Жігерін оятып, тәуелсіздігі үшін аянбай күресуге шақырды. Кейбір адамдар мінезіндегі өзімшілдік, сараңдық сияқты жұғымсыз пиғылдарға қарсы шықты. Кісілік, қайырымдылықты жақтады. Жастардың бойындағы қайрат, талап, жігер, ұшқын да ақынның өлеңдерінен тыс қалмады.
Жігерлі туған жігіттің,
Кім қой дер талабын.
Жалғыз аяқ бар болса,
Кісі үшін дер шалабым.
Атасы топқа кірмеген,
Сөзге салмас құлағын…
Адам басқа түскен қиындықты төзімділікпен жеңе білуге әзір болуға тиіс. Себебі өмір жолы соқпақсыз шатқал. Оны жөн білген адам ғана игереді.
Зар заман ақындарының өлең жырларында елмен қоштасу, туған жердің өткенін аңсау сарыны басымырақ орын алған. Отаршылдық қамытын киген елден кетіп, жайлы жер, ыңғайлы қоныс іздеу идеясы, еркіндік, бостандыққа ұмтылу мұраттарымен орайлас келеді. Туған жердің табиғатына қарап тұрып, өткен күннің елесін іздеу, жастық дәуренді еске алу үрдісі ата қоныстың бүліншілікке түсіп, өзгенің ойранына айналған сәтте туындаған мұң-шермен астасып жатады. Зар заман ақындарының барлығына тән ерекшелік – келешекті көрегендікпен болжап, болашақтағы ел сипатының өзгерісін бейнелеп айтуы.
Шортанбай шығармашылығына толымды пікір айтқан – ғұлама М.Әуезов. «Жыраудың шығармалары сарыны жағынан Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани Хикметіне» ұқсайды. Ақырзаман нышаны байқалады», – деп көрсетеді. Тағы бір көлемді зерттеу 1961 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихының» ІІ томындағы Ы.Дүйсенбаевтың «Ш.Қанайұлы» еңбегі. Жырау еңбектерін зерттеген жазушы С.Мұқанов «Шыншыл ақын Шортанбай – заманының ірі суретшісі, қырағы ақыны, жырау» деп жазады.
Кеңестік дәуірде зар заман ақындарының шығармаларын насихаттауға тыйым салынған болатын. Соған қарамастан, зар заман ақындарының шығармалары әр жылдарда зерттеу нысанасына айналды. Зар заман ақындары шығармалары жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар, әдебиеттану ғылымында тұрақты зерттеу нысанасы болып қала бермек.

Сұңғат ҚАЛКЕНОВ,
Лингвистикалық бағытта білім беретін №16 мектептің тарих пәні мұғалімі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.