Жаңалықтар

Заң саласының майталманы

Жұмағұл Нығметұлы Шөженов – 1959 жылдың 15 қаңтарында Ақтоғай-Балқаш өңіріне белгілі Ағыбайдың Тасаралы атанған киелі жерде дүниеге келген.

Сурет Ж.Шөженовтің жеке мұрағатынан

1984 жылы Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетін ойдағыдай бітірді. Еңбек жолын Жезқазған ішкі істер басқармасының тергеушісі болып бастады. Бір жыл қызмет атқарған соң, Басқарма басшылары оған үлкен сенім білдіріп, сол кездегі Приозерный (кейіннен Тоқырауын) ауданына тергеу бөлімшесінің бастығы етіп тағайындады. Сол жерде 10 жыл қызмет атқарып, 1995 жылы құрылған Мемлекеттік Тергеу Комитетінің осы аудан бойынша бастығы болып қызмет атқарды. Екі жылдан кейін Балқаш аймақтық Мемлекеттік Тергеу Комитетінің бастығы болып жұмыс атқарды. Осыдан кейін, Қарағанды гарнизоны бойынша Әскери-Тергеу Басқармасының бастығы, Балқаш аймақтық Салық полициясының бастығы, Қарағанды облыстық Қаржы полициясының бөлім бастығы болып қызметтер атқарды.

2004 жылдың сәуір айынан бастап, Президенттің Жарлығымен Сәтбаев қала­сының судьясы, 2006 жылдың 3 мамырында Мемлекет басшының Жарлығымен Балқаш қалалық мамандандырылған әкім­шілік сотының төрағасы, ал 2010 жылдың 26 ақпанында ел Президентінің Жарлығымен Нұра аудандық сотының төрағасы, 2015 жылдың 18 ақпанында Мемлекет басшысының №1004 Жарлығымен Жезқазған қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы болып тағайындалды. Жезқазған қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының жабылуына байланысты, 2016 жылдың ақпан айынан бастап, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы соттың судьясы, 2022 жылдың қараша айынан бастап, Ұлытау облыстық сотының судьясы болып қызмет атқарып жатыр. Әділет полковнигі шені бар.

Жұбайының есімі – Гүлнара. Ұлы – Данияр Бұқар жырау атындағы қазақ-тү­рік лицейінің түлегі. Қытайдың Шанхай Университетің (Қытай) үздік бітіріп, қа­зіргі кезде «Самұрық-Қазына» Қазақстан Республикасының ұлттық әл-ауқат қорында жауапты қызметте. Данияр бес тілде, ал Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебін бітірген қызы – Ақжан бес тілде еркін сөйлеп, қазақ күйлерін шебер орындайды және бұл құбылыс, қатарлас азаматтардың көбіне үлгі боларлық жайт. Ақжан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде лауазамдық міндеттерді абыроймен атқарғаны, әрі жемісті еңбегі, іскерлік қабілеті жоғары бағаланып, 2020 жылы Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан Контитуциясына – 25 жыл» медалімен наградталды.

Қазір Ақжан Германия елінде жемісті қызмет атқарып жатыр.

Жұмағұл ағамыздың еліміздің өркендеуі жолында лауазымдық міндеттерді абыроймен атқарғаны, әрі жемісті еңбегі, іскерлік қабілеті жоғары бағаланып, 2020 жылы Президентіміздің Жарлығымен «Қазақстан Контитуциясына – 25 жыл» медалімен наградталды және өткен жылы сот жүйесіндегі көп жылғы мінсіз еңбегі, сот төрелігін жүзеге асырудағы жоғары көрсеткіші, белсенді қоғамдық қызметі үшін «Үш би» Құрмет белгісімен марапатталды. Бұл құрмет белгісі – сот саласындағы ең биік марапат.

Одан басқа, Халықаралық қазақ творчестволық «Бейбітшілік әлемі» бірлестігінің «Ұлт мақтанышы», республикалық Ардагерлер қоғамдық бірлестігінің Бауыр­жан Момышұлының «Батыр шапағаты» медальдарымен марапатталған.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдас­тығы, Қарағанды облыстық соты және Қарағанды облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде 2019 жылдың сәуір айының 25 жұлдызында жазушы, тарихшы, зерттеуші, заңгер, құқық қорғау, сот саласында 30 жылдан астам қызмет атқарғаны, Алты Алашқа белгілі, аты аңызға айналған, атақты Ағыбай батыр туралы және қазақтан шыққан атақты тұлғалары бейнеленген, тарихи-деректі «Ақжолтайдың Ақ Жолы» атты кітабының тұсауы кесіліп, 60 жасқа толған мерейтойына байланысты шығармашылық кеші өтті. Осы мәдени іс-шараға қатысқан, елімізге белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, тарихшылар, сот саласының ардагерлері және әріптестері жылы лебіздерін білдірді.

«Қазақстанның Заңгерлер одағы» рес­публикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің 2021 жылдың 7 желтоқсанындағы №21 шешімімен, сот саласы мен құқық қорғау жүйелерінің көп жылдық, мінсіз қызметі мен білімді маман, белгілі заңгер ретінде, «Қазақстанның Құрметті заңгері» атағы берілген болатын.

2008 жылдан бастап Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Одан басқа, ақпарат құралдары ұлттық мүддеге қызмет ететін басты құрал және азаматтық парыз ретінде, бұл іске заңгерлердің де атсалысуға қақысы бар және һәм міндетті. Сондықтан, ол құқық қорғау саласында және сот жүйесіне енгізілетін реформалар, тың жаңалықтар жайында, елімізден шыққан ұлт мақтаныштары туралы, жүйелі түрде газет-журналдарға мақалалар жариялап тұрады. Осы ерекше белсенділігін ескеріп, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің 2021 жылдың 3 қарашасындағы №020 бұйрығымен оған «Ortalyq Qazaqstan» облыстық газетіне – 90 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдармалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақстан рес­пуб­ликасы «Bilim-orkeniet» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан Рес­публикасының Құрметті азаматы» атты байқауына қатысып, жеңімпаз атанды.

Одан басқа, Қарағанды облыстық соты төрағасының Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған.

Жұмағұл Нығметұлы көп жыл бойы елімізден шыққан би-шешендер мен батырларды зерттеумен шұғылданып, бірнеше жыл бойы Ақжолтай Ағыбай батыр­ды дәріптеуге арналған игі іс-шараларды қолға алды.

Атап айтқанда, Балқаш қаласының Тәуелсіздік алаңында тұрған Ақжолтай Ағыбай батырдың қоладан сомдалған ескерткішін қоюға мұрындық болып, бірнеше жыл аянбай тер төкті.

Қазіргі кезде, Тәуелсіздік алаңы Бал­қаш қаласының ең сәулетті, халықтың көп жиналатын жеріне айналды. Бұл күндері қаланың барлық маңызды іс-шаралары, осы алаңда өтеді, халықтың дем алатын сүйікті орны және қаланың визиткасына айналды.

Осылай, «Талаптыға нұр жауар» дегендей, Жұмағұл Нығметұлының көп жылдық шаршамай-талмай атқарған еңбегінің арқасында, ұлтжанды меценаттар мен жомарт жандардың көмегімен, бюджет қаражатының бір тиыны да жұмсалмай, қоладан құйылған әсем ескерткіш пен көркем алаң, Балқаш қаласының халқына сыйға тартылды.

Жұмағұл Нығметұлы сөз өнерін иге­ріп, «Саржан-Кенесары-Наурызбай» бас­та­ған, қазақ халқының бодандыққа қарсы XIX ғасырдың ортасында жүргізген ұлт-­азаттық соғысының қаһарманы, кейінгі ұрпаққа батырлықтың бейнесі, символикасы ретінде жеткен Ақжолтай Ағыбай батыр туралы 2002 жылы «Ақжолтай Ағыбай батыр», 2009 жылы «Ақжолтай Ағыбай батырдың биліктері», 2010 жылы «Арғын-Қаракесек-Кәрсөн-Аралбай», ал, 2014 жылы «Аңызға айналған ақиқат» деген деректі кітаптар жарық көрді.

2013 жылы жарық көрген Шет ауданының энциклопедиясының редакция ал­қасының мүшесі болды. Одан басқа «Бегалы би», «Көпбай қажы», «Есберген болыс», «Боранқұл батыр», «Дарабоз күйші Әбікен Хасенов» «Дара жұлдыз – Шоқан», «Абайдың біз білмейтін қырлары», Жоғарғы Соттың көп жыл бойы судьясы болған Кеңес Жалмұханбетов және сот саласында көп жыл бойы абыройлы қызмет атқарған, Ақтоғайдың тумасы Бақытбек Сыздықов, ақ халатты абзал жан, атағы дүниежүзіне жайылған, алтын қолды хирург Қарағанды онкология диспансерін 20 жылдан аса басқарған Мұратбек Жұмақаев туралы тарихи очерктердің де авторы.

Арқа өңірінен шыққан дуалы ауыз би­-шешендер, сот-құқықтық саласындағы реформалар, сот жүйесіндегі түбегейлі проблемалар туралы тұрақты түрде газет-журналдарға мақалалар жариялап тұрады. «ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Кенесары хандығының саяси құрылымы және Ақжолтай Ағыбай батыр­дың қазақ әскерін басқаруы мен жүргізген биліктерінің қазақ мемлекетін қалыптастырудағы саяси-құқықтық маңызы» атты зерттеу тақырыбына, 12.00.01. – мемлекет және құқық теориясы мен тарихы мамандығы бойынша заң ғылымдарының кандидаттығына ізденуші болып тіркел­ген. Екі мақаласы академик С.Зиманов­тың басқаруымен жарық көрген өте құнды, терең зерттелген, теңдесі жоқ, он томдық ғылыми жинақ «Қазақтың ата заңдарының» ІX-X томдарына кірді. Сот-құқықтық саласындағы проблемаларға арналған бірнеше ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, бірнеше баяндамалар жасаған.

2020 жылы облыстық соттың ұйымдастыруымен өткен Қарағанды облысынан шыққан еліміздің мақтаныштары туралы деректі бейнефильм түсіруге, «Алашқа темірқазық – хакім Абай» атты облыстық жас ақындар жыр мүшәйрасын ұйымдас­тырып, жинақ шығаруға белсене атсалыс­ты.

Өткен жылғы, Қарағанды облыстық сотының тапсырысы бойынша әзірленген, Сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған үш оқу құралын дайындау барысында, қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктері модулын әрі сарапшы, әрі жауапты тұлға ретінде атсалысып, мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеруде, қазақ тілінде сөйлеушілер қатарын арттыруға және сот саласының тілдік ахуалын жақсартуға өз үлесін қосты.

Одан басқа, елімізге белгілі сазгер досы, әрі жерлесі Наурызбай Бейсекеев­пен бірлесіп, төрт ән жазды. 2016 жылдың жазында, талантты әншілер – Мирас пен Құралайдың орындауындағы «Тасарал вальсі» әні бейнетаспаға (клип) түсіріліп, халық әнді өте жақсы қабылдады.

Тағы бір тағылымды қыры – туған ауылы Тасаралға, сондағы мектепке үзбей қамқорлық жасауы. Осы ауылдың іргетасы қаланғанына 90 жыл және алтын ұя – білім ошағының құрылғанына 85 жыл толуына байланысты ұйымдастырылған мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне де көп еңбек сіңірді және ауылда Жеңіс күніне арналып, жылда өтетін шағын футбол турниріне де демеуші ретінде көмек көрсетіп келеді.

Осы жылы, бірнеше ұжым Жұмағұл Нығметұлына «Балқаш қаласының Құрметті азаматы» және Тасарал ауылының тұрғындары да Жұмағұл ағамызды «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» марапатын беру туралы ұсыныс жасады. Осы ұсыныстарды Балқаш қаласы мен Ақтоғай ауданының басшылары колдайды деп сенім білдіремін!

Заң саласының майталманы, ұлтжанды азамат, қара қылды қақ жарған би ағамыз биыл мерейлі 65 жасқа толып отыр.

Таяуда облыстық «SARYARQA» телеарнасы аяулы ағамыздың биылғы мерейлі 65 жасқа толуына байланысты «Тарих пен тағдыр» деген мән-мағынасы терең тарихи жобасының аясында, ол кісінің өмірбаяны мен көп жылғы жүріп өткен қажырлы қызмет баспалдақтары жайлы құжатқа толы кішігірім фильм түсіріп, жарыққа шығарды.

«Барлық мамандық адамнан, тек дәрігер, мұғалім, судья мамандықтары Алладан», – деген данышпан Сократтың айтқанындай, заң саласының ең биік шыңына шыққан, жалықпай ізденіп, жан-жақты зерттеп-зерделеп, қазақ халқының тарихын ғылымға айналдырған, біртуар тұлға, ардақты ағамыз қызметтік лауазым-мансапқа емес, ұлттың болашағына еңбек еткенін елге жеткізіп, келер ұрпақ – бауырларының атынан, ағамызды мерей­тойымен құттықтап, жүрекжарды алғысымды білдіремін!

Ізтөлеу ТҮСІПОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Халық алғысы» медалінің иегері, ақын, қоғам белсендісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button