Жаңалықтар

Заңғар биік Зарқын аға

Әлі есімде, 1987 жылдың желтоқсан айы еді. Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында тілші ретінде еңбек жолымды бастап, қызмет атқарып жүргеніме бір жарым жылдан асып бара жатқан.
Бір күні кабинетіме ақсия күліп, кіріп келген редакцияның кәсіподақ комитетінің төрағасы, танымал қаламгер Зарқын Тайшыбаев ағам:

– Әй, бала! Сүйінші! Бұйырса, биыл Жаңа жылды өз пәтеріңде қарсы алатын болдың! – деді маған күректей алақанын ұсынып.
Тосыннан естіген қуанышты хабарға аяқ астынан не дерімді білмей абдырап қалдым. Жақын араласқан адамдар жақсы біледі, біздің Зарқын ағамыздың қойны-қонышы толған әзіл-қалжың сөздер болатын. Сірә, кезекті бір қалжыңы болар деп қалсам керек.

– Өй, мынау ыржиып күле ме десем, оқшырайып маған қарайды ғой! Сенбей тұрсың ба? Рас айтамын! – деді Зақаң.

Солай деді де, төсқалтасынан менің атыма жазылған пәтердің ордерін суырып алып, қолыма берді. Қаланың нақ ортасындағы Нұркен Әбдіров даңғылының бойындағы №25 үйден екі бөлмелі пәтерді менің атыма жазып қойыпты!

Жас жүрегім қуаныштан тайдай тулап қоя берді! Жұбайым мен кішкентай қызым үшеуіміз университеттің отбасылық жатақханасының қуықтай бір бөлмесінде тұрып жатқан болатынбыз. Қалай қуанбайсың?!

Көп ұзамай пәтерге де кірдік. Қоныстойды да тойладық.

Сол пәтерде тұрып жатқан алғашқы айлардың бірінде бір кабинетте қызмет атқарған белгілі журналист Шайхан Жандаев марқұм:

– Ойпырым-ай, мына маса дегеніңіз сұмдық болды. Терезе мен балконның есігінен үйге кіріп, түні бойы иттей талап шығады. Төлеубай інім, сенің үйіңде де маса бар ма осы? Түк көрмеген адамдай болып, тымпиясың да отырасың, – деген еді.

Сонда жанымызда бірге отыратын Зарқын Тайшыбаев ағам әзілі жарасқан Шайхан құрдасын қағытып:

– Өй, сен де қайдағыны сұрайды екенсің. Маса көрсе жанын қоярға жер таппайтын өзің дейсің бе оны? Қылшылдаған жас жігіт емес пе? Маса түгілі, үйіне аю кіріп кетсе де, елең қылмас бұлар! – деген.

– Айтпақшы, солай екен-ау! – деп Шайхан ағам да жымиып еді марқұм…

Зақаң мен Шәкең екеуі түйдей құрдас болғандықтан бірін-бірі әзіл сөзбен түйремесе, отыра алмайтын. Әлдебір кішкентай бойлы адам туралы сөз бола қалса:

– Осы мына біздің Шайхандай-ақ шағын келген шапата адам екен, – дейтін Зақаң жорта.

– Сенің осы мен десе жының бар ма? – деп Шәкең шыж-быж болады.

Ашуланғандағы әдетімен көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, тайдай тулайды. Зақаңа да керегі осы. Қалжың сөздерін одан сайын үдетіп, шақпа тілімен құрдасын шамдандыра түседі. Құрдастардың арасындағы зілсіз қағытпаға қаламдастары да мәз болып қалатын. Біздің Зақаңның қалжыңдары деген адамды күлкіге қарық қылушы еді ғой…

Сол жылдары редакцияның бөлімдері айлық және тоқсандық тақырыптық жұмыс жоспарларын жасап, оларды редакция алқасында бекітіп, күнделікті жұмыс барысында басшылыққа алып отыратын. Шайхан Жандаев ағамыз күнделікті хабар-ошарлар мен спорт тақырыбын жүргізуге жауапты еді. Әлдебір сүйекті мақаланы жазуға алдын ала авторларға тапсырыс беріп қояды. Ол материалдар тиісті уақытында қолына түсе қоймайды да, Шәкең кіжініп, алдындағы қызыл телефонның құлағын қолына алып, материалды кешіктірген авторларға хабарласа бастайды.

Зақаң, Шәкең, мен үшеуіміз бір кабинетте отырамыз. Зарқын ағамыз Шайхан құрдасының аузынан шыққан әр сөз бен оның қимыл-қозғалысын тышқан аңдыған мысықтай қалт жібермей бағып отырады. Содан кейін құрдасын тағы тәлкектей бастайды.

– «А то редактор ругать будет» деп не сандаласың? Соншама не болды? Оқушы бала құсап балпылдап отыр ғой. Ау, сен облыстық газет редакциясының мүйізі қарағайдай журналисі емессің бе? Солай да сөйлесе ме екен кісімен? Ол біз туралы не ойлайды енді? – деп Зақаң жорта ашу шақырған болып, күйіп-піседі.

Онсыз да сіркесі су көтермей қапаланып отырған Шайхан ағам:

– Өй, кетші оттамай! – деп оған қолын бір сілтей салады. Артынша ыржиып, Зарқын құрдасынан бір тал темекі сұрап тұрады.
Зақаңның бірде Шәкеңді «кәсіподақ арқылы ондатр шапка таратып жатырмыз, сен тізімде жоқсың» деп алдап, редактордың кабинетіне тұра жүгірткені өз алдына бөлек бір хикая. Құрдастардың арасындағы мұндай қалжыңның талайына куә болғаным бар. Сөйткен бала мінезді, аңқау Шайхан ағамның да өмірден өткеніне талай жыл болды.

Зақаң кейін Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеті жанынан журналистика бөлімін ашып, біраз жыл сонда ұлағатты ұстаз болды. Бірнеше жылдардан бері ол Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өзі құрған «Атамекен» этномәдени ғылыми-зерттеу орталығын абыроймен басқарып келеді.

Атан түйеге жүк боларлық ғылыми еңбектері де, ат үркетін атақтары мен марапаттары да баршылық. Американың бес университетінде журналистика мамандарын даярлау бойынша арнайы шақыртумен барып, дәріс оқыған қазақ азаматы ол!

Алаштанушы, абылайтанушы ғалым. Профессор. Академик.

Сексен жастың сеңгірінен асқан жасы бар, көпті көрген басы бар.

Заңғар биік Зарқын ағам менің!

Ізбасар ініңіз ретінде сый көңілден өзіңізге арналған мына жыр шумақтарын қабыл алыңыз!

Қыраны Балқантаудың Зарқын ағам,
Ұнайды емен-жарқын қалпы маған.
Сексенге келіп отыр сырбаз күйде,
Кәрілік өрті мүлдем шарпымаған.

Ауылы Едірей ғой болған ұя,
Білімі – айдын шалқар мол дария.
Абылай заманынан ақтарады,
Тарихын Қазақия, Жоңғария.

Кеудесі – алтын сандық қазыналы,
Айтады әзіл-қалжың, базынаны.
Еліне том-том кітап сыйға тартып,
Кешіп жүр бұл өмірдің жазын әлі.

Ол менің заңғар биік Зарқын ағам,
Алтыннан ардақты ғой нарқы маған.
Жүреді жас жұбайдай қолтықтасып,
Жанында – Гүлнар жеңгем жарқыраған.

Ағалап соңына еріп, Зақа дедік,
Жүреді жақсы ініге бата беріп.
Алты атан тарта алмайтын атағы бар,
Журналист, профессор, академик!

Өмірдің бұралаң жолдарының бастауында алдыңнан осындай абзал ағалардың кездескені неткен бақыт!

Олардың нұрлы өнегесі түнгі аспандағы құс жолындай үнемі алдыңда жарқырап жатады екен.

Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ҚАРАҒАНДЫ.

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button