Жаңалықтар

Қызметте батыл жедел уәкіл

Көктем мерекесі 8 наурыз қарсаныңда қоғамның ұйытқысы болып, айналасына шуақ нұрын шашып жүрген нәзік жандарды дәріптеу – біздің мақсат. Ендеше әңгімеміз отбасының күнбе-күн шаруасын қызметпен ұштастыра біліп жүрген Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасы Михайлов полиция бөлімінің аға жедел уәкілі полиция майоры Раушан Бекболатова жайында болмақ.

Раушанның бір ерекшелігі – ол бір бөлімде, бір қызметте, бір орында табан аудармай 16 жыл бойы жұмыс атқарып келеді.

Ішкі істер органындағы алғашқы еңбек жолын 2001 жылы Қарағанды қаласы ІІБ Михайлов ПБ кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторы болып бастайды. Көп ұзамай кадр жұмысы тобының инспекторы болып ауысады. Кадрлық жұмысты 1 жылдай атқарып, өзіне тәжірибе жинақтаған соң, 2002 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін, тек ер – азаматтар істейді деп санаға сіңген қызмет түрін, Криминалды полиция бөлімшесінің аға жедел уәкілі қызметін ерлермен бірге иық тіресіп атқарып жүр.

Әрине, ол ішкі істер органындағы аса жауапкершілікті талап ететін қызметтің бірі десе болады. Жүктелеген міндет, артылған сенім бар, алайда Раушан қызметін бес саусақтай меңгерген білікті қызметкер. Қызметінің қыр-сырын меңгеріп үлгерген нәзік жанды полицей қоғамдағы тұрақтылық пен ел бірлігін сақтауда өлшеусіз өз үлесін қосуда.

Раушан Құзманқызы бүгінде айналасындағылары мен әріптестері арасында сыйлы да құрметті. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, әр тапсырманы дер кезінде атқаратын ол – көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Ішкі істер органында тәжірибесі мол қызметкер.

Басшылық тарапынан Раушан Құзманқызының атқарған қызметі әрдайым бағаланып, нәтижесі мақтау-марапатпен айшықталған. Оған дәлел, Ішкі істер органындағы мінсіз әрі адал қызметі Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен және қол жеткізген табыстары үшін бірнеше рет ІІД, ІІБ басшылығының грамоталарымен марапатталған.

Бүгінде адал еңбегімен биіктен көрініп жүрген Раушан шаңырағының шаттығы. Отбасында Нами мен Ерке атты екі қызды тәрбиелеп отырған асыл ананың еңбегі абыройлы болсын!

Н.РАХИМБЕКОВА,

Михайлов ПБ МТАТ жетекші маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button