Руханият

Қызғыштар

Жәнібек ӘЛИМАН,

Ortalyq Qazaqstan

Бір ғұламаның «адамзат өмірінен әдебиет пен өнерді алып тастаса, сылдырлаған тиын мен саудырлаған қару-жарақтан басқа түк қалмайды» дегені есімде қалыпты. Осы қарқынмен кете берсек, оған да жетеміз. Бұдан адам тағдырын қолдан жасайды деген сөздің жаны бары байқалады. Біреуді сатқаның, біреуді атпағың – Құдайға жаққаның емес қой. Пендеуи арам есебің ғана. Абай болса, «Тәңірінің берген өнері» деді. Адамзат рухы мен сана-сезімін асылдандырып тәрбиелейтін өнер мен мәдениетке осы тұрғыдан қарауға тиіспіз. Ал, оған қызмет етушілердің еңбегінің орнын теңге толтыра алмайды. Сана-сезіміңізбен бағамдауыңыз мүмкін, әрине. Ол сана-сезімнің өзін осы екі құбылыс ұштар еді ғой…

Жұматай Жақыпбаевтың Олжас Сүлейменовке жазған өлеңі еске түседі. «Ағам да солай алысты жақынға балап, Қақтырған біздің қиял мен ақылға қанат» дейді. Санаға сәуле, рухқа серпіліс керек. Өйтпесе, адам өспейді. Газет-журнал, кітап оқыма, театрға барма, кино көрме, бір сөзбен айтқанда, рухыңды азықтандырудан бас тарт. Компьютербасты робот болып шыға келесің. Заман талабы соған сайғандықтан, көштен қалмай көлденең келген ақпараттар арқылы басқарыласың, бірақ рухани ергежейліге айналасың. Одан кейін Абайша айтқанда, «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпектің» керіне мінесіз. Кейінгі жылдары қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тектен-тек жариялана салған жоқ, сондықтан. Мұның ауыртпалығы мен тауқыметін тартып отырғандар да осы мәдениет пен өнер қызметкерлері. Кітапхана, мұражай, архив пен театр ұжымдары. Бағдарлама ол баста жан-жақты зерттеліп, жүйелі іске асырылуы жолға қойылмағаннан кейін «ананы өткіз, мынаны өткіз» деген тапсырмамен төпейді, білем. Әсіресе, жылдың екінші жартысынан былай басталады. Газетте осы бөлімге жауапты болғандықтан, әлгіндей шаралардың төңірегінде көп жүргендіктен, байқап қаламыз. Өнер мен мәдениетке халықты өздігінен талаптанатын тетіктер жолға қойылмай ел өсе ме? Қай елдің өнері озық, сол елдің өркениеті де алда, өйткені. Оны ғұлама Таласбек Әсемқұлдың өзі айтады. «Өркениет мәдениетпен қатар жаратылған. Бүгінде бұл – дау тудырмайтын ақиқат. Жабайы, әлмисақтың адамы аңды ұстап жеуге бір күні мен бір түнін жұмсауға мәжбүр болатын. Кейіннен қуғынның орнын садақ басты. Көне адамда көл-көсір бос уақыт пайда болды. Осылайша өркениет пайда болды» деп. Сонда біздің өнеріміз бен мәдениетіміздің өсіп-өркендегенінің не мешеу қалғанының көрсеткіші өркениет екен. Демек, рух пен сана көтерілсе, тұрмыс өздігінен шешіле бастайды деген сөз. Ол үшін өнер мен мәдениет, ғылымға жағдай жасалу керек. Соны жасайтындардың, соған қызмет етушілердің күн көрісі теңелмей болмайды мына заманда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы өсетінін мәлімдеген. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «келер жылдан мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өседі. Яғни, театр әртістерінің орташа жалақысы 231 мың теңге, ал кітапхана, музей және архив қызметкерлерінің еңбекақысы 164 мың теңге болады» деген былтыр. Білуімше, жаңа жылдан бастап қатардағы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 25-30 пайызға дейін өскен. «Бірақ, сонысына қарай азық-түлікпен, басқа да тұрмыстық заттардың бағасы шарықтап шыға келді» дейтіндері де жоқ емес. Сонымен қатар, министр ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау арта беретінін де жеткізген-ді. «Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жағдайын көтеру жоспарымыздың бір тармағы ғана. Қазір әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі пысықталып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі меморандумдар әзірлеп, әкімдіктерге жіберді. Оларды орындау үшін әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтитын салалық жоспарлар бекітілетін болады. Жастардың тұрғын үй алуы үшін 3 миллион 700 мың теңгенің көлеміндегі бюджеттік несие беріледі», – дегені бүгінде жүзеге асты ма, жоқ па, белгісіз. Бір анығы, мәдениет қызметкерлерінің қай-қайсы болсын, өнер мен руханиятты байытушылармен тағдырлас, тіпті, мүдделес. Сондықтан, осы саланың туын ұстап өтуші оларды руханият пен мәдениеттен бөліп қарауға болмайды. Бұлар – қазақ өнері мен мәдениетінің қызғыштары. Олардың қуаныш-қайғысы – ұлт руханиятының қуаныш-қайғысы. Әр жағын айтпаса да болады…

 

 

 

Басқа материалдар

Back to top button