Білім ошақтарында

Қыран қазаққа кабинет ашылды

Кеше әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясында қазақтың Тұңғыш ғарышкері, қазақ қыраны Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында ғарышкер атындағы «Тоқтартану» кабинеті ашылды. Аталған шараға Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген БЕКСҰЛТАН, облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл ӘБДІКЕРОВА және қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай ӘШІМ онлайн режимде қатысты.

 

– Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлының құрметіне «Тоқтартану» кабинетін ашып отырмыз. Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Байқоңыр ғарыш айлағынан тұңғыш рет ғарышқа адам ұшқанына 60 жыл, қазақ баласының ғарышқа ұшуының 30 жылдығы және Тоқтар Әубәкіровтің 75 жылдығымен тұспа-тұс келген жаңалық болып отыр. Осы орайда болашақ ұрпақтарымыздың жан жақты, білімді болып өсуіне қызмет ететін кабинетте түрлі іс-шаралар, ғылыми жобалар сайысы және олимпиадалар ұйымдастырылады. Ғарыш әлемінің сырларымен таныстыру, болашақ ғарышкерлерді дайындауға сеп болу мақсатында «Тоқтартану» кабинеті өз үлесін қосады деп ойлаймын. Кабинеттің ашылуына себепкер болған мектебіміздің бастауыш сынып мұғалімі Маржан Өмірзаққызына және ата-аналар қауымына алғыс айтамын. Болашақта мектебімізде әл-Фарабиді қазаққа қайтарған Ақжан Машани атындағы тағы бір кабинет ашу жоспарымызда бар, – деді мектеп директоры Қымбат Оспанова.

Аталған кабинеттің ашылу рәсіміне ғарышкер Тоқтар Әубәкіровтің өзі онлайн режимде қатысып, ұстаздар мен оқушыларға алғысын жеткізді.

– Біздің болашағымыз – мектепте оқып жатқан түлектер. Өздеріңізге рақмет айтамын. Әрбір мектепте менің атымдағы мұражай ашылды. Ал бүгін сіздерде кабинет ашылып жатыр екен. Қалай жасағандарыңызды көріп, тамашалап, өте риза болып отырмын. Осы мектеп біздің жастарға тәрбие беру, солардың білімді болуына үлес қосу үшін қызмет етеді деп ойлаймын, – деген ғарышкер ұстаздар қауымына жылы лебізін білдірді: «Менің ұстаздарға деген құрметім ерекше. Ұстаздар берген тәрбие мен білім көп адамды жетістікке жеткізген, биікке шығарған. Сол себепті сіздер жасай беріңіздер, аман болыңыздар. Сіздердің жұмыстарыңыз біздің болашаққа керек», – деді ғарышкер Тоқтар Әубәкіров.

Одан кейінгі кезекте мектеп оқушылары ғарышкерге өздерінің ғарыш, аспан әлемі туралы толғандыратын сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Шара барысында сөз сөйлеген облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының директоры Бақытгүл Әбдікерова іс-шараның маңыздылығына тоқталды:

– Оқушыларға тұлға танытуда бұл іс-шараның маңыздылығы ерекше. Сіздер ғарышкер туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Тоқтар Әубәкіров атындағы кабинет ашып отырсыздар. Келешекте қазақтың Тұңғыш ғарышкерін оқушыларға таныту мақсатында «Тоқтартану» вариативті курсын жасап, ары қарай тереңнен зерттеп, бағыт-бағдар беретін болсақ, оның келер ұрпаққа берері мол болмақ, – деді Бақытгүл Химальдинқызы.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button